«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ана есімі ардақты!

Ана есімі ардақты!
Ашық дереккөз
Анасын ардақтамайтын, сыйламайтын, жақсы көрмейтін адам баласы бұл жалғанда жоқ шығар. Болуы да мүмкін емес. Себебі, ана жайлы ойлансаң, дала жайында ойлана бастайсың. Дала жайлы ойлансаң, ана жайында толғана бастайсың. Қос құдірет, қос ана! Ет жүрегіңмен, еркін болмысыңмен, ес-ақылыңмен егізсің-ау. Бізге өмір нәрін берген, бізді өсірген, бізді баққан, аман жүрсін деп алқалаған қос ардақты! Сол даланың бесігіне де, оты лаулаған ошағына да, қасиетті қара қазанына да ананың ыстық алақанымен қасиет дарыды. Жер де – Ана, ел де – Ана, табиғат та – Ана, Отан да – Ана, тіл де – Ана. Соның бәрі ананың жүрек лүпілімен мәңгілік тұтастық, үйлесім тапқан.

Аяулы анасына арнаған өлеңінде ақын Мұқағали Мақатаев: «Тәңірім кеше көрсін кесірімді. Аспанға жазам сенің есіміңді! Шеше, сен бақыттысың, тербете бер, Құба талдан иілген бесігімді...» деп философиялық ой түйіндейді. Ал, Төлеген Айбергенов: «Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен. Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен», – дейді. Иә, Ана – асыл бейне. Себебі, адам адам болып жаратылғалы адамзат үшін Ананың рөлі айрықша.

Байырғы ата-бабаларымыз үшін де Өзен – Ана, Күн – Ана, Ай – Ана. Халқымыз қасиетті қара жерді – Жер- Ана деп құрметтеп, туған тілін – Ана тілі деп әспеттеген. Рас, Ананы алып Бәйтерекке де теңейміз, оның саясында «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» ананың аялы алақаны, асқан төзімінің арқасында Жаратқан берген ғажайып ақыл мен мынау шексіз дүниенің иесі – адамзат өмір сүріп, өркендеп, өсіп жатыр. Сондықтан, анамыздың есімін қауырсын қаламның ұшымен «аспанға жазамыз», бейнелеу өнерімен тасқа қашап саламыз, ғажайып мифтік бейнелерге айналдырамыз, аңыздар мен ертегілер тудырамыз, кейінгі ұрпаққа үлгі етеміз. Әрбір ананың күндей шуақты мейірімділігі, айдай аяулы әсемдігі, асқар таудай қайраттылығы, төзімділігі, дариядай аста-төк ақылдылығы, даналығы, дүниедей кеңдігі, судай таза мөлдірлігі, жердей жұмсақтығы, жомарттығы, бәйтеректей саялы болуы, қысқаша айтқанда бар образды бейнесі, көне заманнан-ақ анаға деген сеніміміздің, махаббатымыздың, құрметіміздің белгісі. Адамзат жаралғалы бері Ананың рөлі ешқашан өмірде де, тіршілікте де төмендемегенін, қайта қасиеті ашылып, құдіреті артып жатқанын, абыройының төрден орын алып, өнердегі, өмірдегі бейнесінің қол жетпейтін биікке шарықтағанын көрсетеді.

Халық болмысының айнасы – фольклорымыздан жағымсыз әйел бейнесін кездестіру қиын. Оның орнына Құртқа, Гүлбаршын, Қаракөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян сұлу, Айман-Шолпан, Қарашаштың бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік-ерлігімен елге қорған, ұрпаққа пана ана болғанын көреміз. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптардың қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда ананың қызметі айрықша. Аналар әуелі үй-іші мен отбасы береке- бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса, ауыл-ел ынтымағының жарасуына ықпал еткен. Адуынды би, азулы хандардың өзі ел аналарының айтқан ақылына құлақ асып отырған. Аналар бейнесі қазақ жазушыларының тарихи- көркем шығармаларында да жан-жақты сомдалған. Мәселен, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» Зере, Ұлжан, шебер суреткер Ғабит Мүсіреповтің Ұлпанында бүкіл қазақ әйелдерінің бітім-болмысы жинақталып, шеберлікпен көрсетілген.

Дәл сол секілді Әулиеата өңірінде де қазақ жастарының рухын жаңа белеске көтерген нәзікжанды азаматшалар көптеп кездеседі. Көмейінен жыр төгілген ақын Ұлбике, Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан соғыс ардагері Зоя Мамедова қашанда өңір мақтанышы. Ал, аймақтың алға жылжуы үшін аянбай тер төккен еңбек ардагерлері: Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева, Бәтес Егембердиева және Күләш Әбдікешова, Күләш Назарбекова, Хадиша Оспанова, Гүлсін Орынбаева мен Дамеш Ускумбаева облыстың қоғамдық- саяси өмірінен тыс қалмай, жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді. Сондай-ақ, ұрпағына сапалы білім, саналы тәрбие беруді парыз санаған Айнұр Нұралиева, Забида Ахмедова, Жанна Демесинова, Гүлнар Алимбаева мен Назира Шілтаева білім саласының озық қызметкерлері, елі мақтаған ұлағатты ұстаздар. Адам жанына араша түсіп, өз ісінің кәсіби мамандары атанған Ұлназ Дәрібаева, Гүлбану Садықова, Перизат Халықова және Шынар Хамбарова ел алғысына бөленген білікті дәрігерлер.

Шағын және орта бизнесте жемісті еңбек етіп, ел игілігін еселеуге айтарлықтай үлес қосып жүрген Фарида Жүнісова, Сәуле Рысбаева мен Сәуле Жанабекова облысқа ғана емес, елімізге танымал белді кәсіпкерлер. Облыстың рухани өмірінің дамуына мол үлес қосып жүргендер айтулы ақын және өнерпаздар да аз емес. Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы, айтыскер ақын Күміскүл Сәрсенбаева, Абайдың әжесі Зеренің бейнесін сомдап, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Нұрсифат Салықова және Мәкен Рахымжанова – біздің мақтанышымыз. Бұл қатарда азаматтық қоғам белсенділері – Меруерт Лештаева, Айгүл Разақова, Анжелика Сарьян және әлемдік додаларда топ жарып жүрген спортшыларымыз Зульфия Габидуллина, Фируза Шарипова, Ангелина Лукас, Гузалия Гафурова, Назерке Серік, Виктория Байдукова, Камиля Кемелбековалар бар. Осынау нәзікжандылар бір ғана облыстың емес, бүкіл елдің мақтанышына айнала білді. Өйткені, олардың бойында сонау жаугершілік заманнан, ашаршылық пен жұттан, тоталитарлық жүйенің зұлмат жылдарынан, тоқсаныншы жылдардың толқымалы кезеңінен біз бас иетін Ана рухы мен Ана қайраты көрініс табады. Жадтан өшіп, жанымыздан таңбасы кете қоймаған қиын-қыстау кезеңнен бізді алып шыққан қазақ әйелінің қажыр-қайраты! Ендеше, ұлттық құндылықтарымыздың қайта жаңғыруы жолында асыл Аналар өткен жолдан ғибрат ала білгеніміз дұрыс. Ана бейнесі мемлекетіміздің дамуына жол салып, қоғамның ынтымағын, бірлігін нығайтатын ұлы күшке айналуы тиіс.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар