
Әділетсіздікті көп көрген тұлғаның бірі – ағартушы ғалым, тіл ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы. Ал, оған адалдық танытқан жұбайы Александра. Олардың алғашқы таныстықтары да түрменің айналасында болады. Ұлы ғалым 34 жасында Қарқаралы түрмесіне түскенде Александра деген орыс қыз оған тамақ тасып, кір-қоңын жуып көмек қолын созған. Кейін Алаш арысы Байтұрсынұлы Семей түрмесіне қамалғанда да артынан іздеп барып, көмектеседі. Сол жылдары Ахаң өзімен сыйластығы бар Мұхамедсадық деген татар саудагердің үйіне өзіне тамақ тасып жүгіріп жүрген Александраны қызметші етіп орналастырады. Өзі түрмеден шыққан соң адамгершілігі мен адалдығына сүйсінген Ахмет Байтұрсынұлы Александраға үйленеді. Мұхамедсадық аурудан қайтыс боларда Бадрисафа есімді қызының есімін Александраға берген. Ахмет Александраны (Бадрисафа) мұсылмандыққа шақырып, татар қызы деп некеге тұрады. Ахаң мұнан кейін де талай қуғын- сүргінге түскен кезде Александра (Бадрисафа) үнемі қасынан табылған. Қасына жете алмаса, біреулер арқылы хат жазып, тілеулесі болған.
Қазақ халқының тарихын жазу жолында азап шеккен дара тұлғаның бірі – тарихшы Ермұхан Бекмаханов. Өз елінің тарихын жазып, қазақ хандарының өмір жолын зерттегені үшін 1952 жылы 2 желтоқсанда 25 жылға бас бостандығынан айырылады. Міне, осы қиын-қыстау кезеңде Ермұхан Бекмахановтың жары Халима Адамбекқызы артынан үнемі барып тұрған. Хабарын біліп, өзі де хабарын беріп тұрған. Екеуі бір-біріне сағыныш пен сүйіспеншілікке толы хаттар жазған. Сол хаттардың өзін жинақтаса бір кітап құрастыруға болар еді. Міне, біртуар тұлғалардың таңдап қосылған жарлары да нағыз ізетті, әділ, махаббатқа берік, адал болған. Қандай қиын заман туса да, асыл жарларына деген адалдықтарынан айнымаған. Міне, бұл қазақ әйелдеріне үлгі боларлық іс. Халима Адамбекқызы ұзақ жасап, Алматыда тұрды. Осыдан бірер жыл бұрын ғана өмірден өтті.
Қазақтың біртуар ұлы, даналықтың дариясы болған Дінмұхамед Қонаевтың жары Зухра Шәріпқызының көркі мен ақылдылығы, білімділігі туралы ел арасында көп айтылады. Дара тұлға елу жыл отасқан жарын өте қатты жақсы көрген деседі. Зухра Шәріпқызы ауқатты татар көпесі Шәріп (Шариф) Ялымовтың қызы. Анасы туберкулез дертінен ерте қайтыс болғаннан кейін, әкесі екінші рет үйленеді. Өгей шешесімен тіл табыса алмаған Зухра 13 жасында үйінен кетіп қалады. Жастай осылай қиындық көріп өскеннен болар, Зухра Ялымованың бір басына жететін ақыл-парасаты болады. Асыл жары Дінмұхамед Қонаев өте жоғары лауазымда қызметте жүргенде күйеуінің атын пайдаланып, жалғанды жалпағынан басып жүрсе болар еді. Зухра анамыз олай етпеді. Керісінше, жұбайының қызметтегі абыройын ойлап, әр кезде төлеген төлемнің түбіртектерін сақтап жүрген. Кейіннен Қонаев ақсақалдың басына бұлт үйіріліп, сынақ күндер туған қатаң тексеріс кезде Зухра Шәріпқызы сақтаған әлгі түбіртектердің пайдасы көп тиген деседі.
Саясаттың салдарынан жазықсыз жапа шеккен тұлғаның бірі – Асанбай Асқаров. Тұлға төрт жылдан астам уақыт жазықсыз жапа шеккенде жұбайы Фатима да жарымен бірге қиналды. Жарын бір сәт есінен шығармай, мүмкіндік туған сәттің бәрінде жұбайының қасынан табылды. Оны мына хаттан да байқауға болады. «Қадірлім менің, Фатимам! Менің қарсыластарым менің қыр соңыма түсіп пәле-жала деген иттерін үргізе берсін, мен бәрібір кедергі тосқауылдары көп соқпақтан жүріп өтемін. Мен саған да, балаларым үшін де, өте-мөте қиындықтар туып тұрғанын жақсы білемін. Шыда, төзімді бол, сен деген қайратты адам емессің бе?! Қуатты адамдар өмірінің соңына дейін осындай туа біткен қасиеттерімен қалатын болады. Мен өзгерген жоқпын, бастапқы қалпымдамын. Әрине, жүрекке ауыр салмақ түсіп тұр. Ұят пен масқара мені қажытып барады. Бірақ та, менің арым таза екенін сен жақсы білесің», деген хаты да ерлі-зайыптылар арасындағы керемет сыйластықты көрсетеді. Қанша рет тергеп, тексерсе де, турасын айтып, адал жолдан айнымаған асыл жар Фатима әже биыл жазда жүз жасқа толады. Алматы қаласында тұрады.
Міне, күнделікті тіршілік ештеңе емес, нағыз сынақ ер басына күн туған кезде болады. Осы кезде төзімділік танытқан дара тұлғалардың жұбайлары да нағыз үлгілі адамдар деп айтуымызға болады. Қиын заманда қазақтың сөзін сөйлеген бес арыс, үш бәйтерек деп аталған әдебиет алыптарының бәрінің жарлары да адал ғұмыр кешкен. Бұл дара тұлғалардың жар таңдауда қателеспегенін көрсетеді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді