
«CARB» деп аталатын көлік карбюраторын тазалағыш пен тұрмыстық мақсатта қолданылатын желім түрлері мен бензинді синтетикалық пакетке құйып алып иіскеу бүгінгі жастарға жабысқан зиянды кеселдің бір түрі. Заманауи ғылымда мұндай құбылысты токсикомания деп атайды. Көбінде токсикоманияға жасөспірімдер үйір келеді. Тұрмыстық химиялық препараттарды иіскеу барысында адам масаң күйге өтіп, эйфорияға түседі. Содан соң есінің шатасуы, бейімделудің жоғалуы, құсу пайда болады. Кейбір заттар, тіпті, ойлау қабілетінің бұзылуын, өзін-өзі бақылаудың жоғалуын шақыруы мүмкін. Психолог мамандардың айтуынша, алғашында қызығушылықтан басталған мұндай тәуелділіктен арылуға кемінде 3 айдан 9 айға дейін уақыт қажет.
– Жасөспірімдер бастапқыда бұған жәй ғана қызығушылықтан барады. Бұрын-соңды білмеген сезімдерді бастан кешкісі келеді. Бұл орталық жүйке жүйесіне қатты әсер етеді. Асқынған жағдайда галлюцинация пайда болып, әрі қарай шизофренияға ұласуы мүмкін. Әрине, оның бәрі бірден иіскегеннен пайда болмайды. Алғаш иіскегенде адамның көңілі көтеріліп, өзін жақсы сезінуі мүмкін. Одан кейін, қайта иіскегенде басқа сезімге өтеді. Емделушілердің айтуынша, денелер мен заттардың пішіні өзгеріп, көзіне түрлі заттар елестеп, түсініксіз сезімді бастан кешеді. Иіскейтін затты тұрақты қолданғысы келіп тұрады, оны пайдаланбаса, көңіл күйі бұзылады, физикалық тәуелділік пайда болады. Мұндай балалармен жұмыс кемінде үш айды қажет етеді. Сондықтан, физиологиялық жетілу кезеңінде ата-ана баласын бос қоймауға, түрлі қосымшаларға беріп, оны барынша дамытуға тырысқаны жөн. Сонымен бірге, баламен үнемі сөйле сіп отырғаны дұрыс, – дейді облыстық жастар денсаулық орталығының психологы Гүлзира Қалдыбаева.
Жалпы, токсикоманиялық заттарды иіскеу ресми түрде наркотикалық әрекетке жатпайды. Өйткені, бұл санаттағы заттар наркотикалық заттардың есебіне тіркелмеген. Қолданыстағы заңнамалық тұрғыдан алғанда токсикомания үшін тағайындалған жаза түрі алкоголизммен деңгейлес, яғни химиялық заттарды тек қоғамдық орындарда тұтынғанда ғана қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Алайда, токсикоманияның адамның денсаулығына зияны орасан екендігін ұмытпаған жөн.
– Иіскеген заттар қан арқылы миға тез жетеді. Сондықтан, енді ғана өсіп келе жатқан жас ағзаға бұл өте қауіпті. Өкпе мен бауырға зиян. Бұрын тек желім мен бензинді иіскесе, уақыт өте келе олардың қатары көбейе түседі. Токсикоманияға шалдыққан науқастар иістерге қызығып болған соң, ауырсынуды басатын дәрі- дәрмектерді мөлшерден тыс пайдалана бастайды. Науқастарымыз мұны жасырмайды. Олар 1-2 дәріден бастап, 30-50 дәріге дейін ішке қолданады. Соның кесірінен жүрек қан-тамыр жүйесі, бауыр өзгерістерге ұшырайды, бала туу функциясы бұзылып, кейінгі ұрпақ зардап шегеді, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Құрмаш Қабылжан.
Маманның айтуынша, токсикоманияның алдын алмаған жағдайда наркоманияға ұласуы мүмкін. Сол себепті кеселді дерттің емдеу жолы да нашақорлықтың ем-шарасы секілді іске асырылады. Науқас емханадан шыққаннан кейін токсикомониялық заттарға көзқарасты өзгертуі, яғни оның зиян екенін, қабылдамау керек екеніне көз жеткізуі маңызды. Оның орнын спортпен шұғылдану деген секілді пайдалы істерге ауыстыруға тиіс. Ал, бұл ұзақ әрі қиын жұмыс. Сол себепті жасөспірімдерді әрқашан бақылауда ұстап, қандай да бір тәуелділіктен сақтау маңызды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді