«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Облыстың ауыз сумен қамту деңгейі жүз пайызға жетеді

Облыстың ауыз сумен қамту деңгейі жүз пайызға жетеді
Ашық дереккөз
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Суды таза және жеткілікті мөлшерде ұсыну – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың негізгі факторларының бірі саналады. Елімізде ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында биылғы жылы халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамту көзделген.

Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде де кешенді түрде жалғасын тауып келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аталған бағыттағы атқарылған жұмыстар сараланды. Еске сала кетсек, өткен жылдың қорытындысымен облыста елді мекендердің 98,1 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған болатын. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, биыл көрсеткіш толығымен орындалмақ.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста Жол картасы әзірленген. Облыста 371 елді мекен бар, оның 4-і қала және 367-і ауылдық мекен. Жыл басында ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен қалаларда 98 пайыз, 343 ауылдық елді мекенде 97,8 пайызды құрады. Бүгінге ауыз сумен қамтамасыз етілмеген Тараз, Шу қалаларында 9 тұрғын алқап және 24 ауылдық елді мекен қалып отыр. Оның 20-да құрылыс жұмыстары және 4-де кешенді блок-модулін орнату жоспарланған. Аталған 20 елді мекен мен 9 тұрғын алқаптағы құрылыс жұмыстарының жалпы құны 13,8 миллиард теңгені құрайды. Ал, халық саны аз қамтылған 4 елді мекенге жергілікті бюджет есебінен суды тазартудың кешенді блок-модулін орнату жоспарланған. Нәтижесінде, жыл соңында облыстың ауыз сумен қамту деңгейі жүз пайызға жететін болады, – деді Ғалым Исабайұлы.

Басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауыз сумен қамтудың төмен деңгейі қалыптасқан бірқатар аудан әкімдерінен есеп алып, жыл соңына дейін Жол картасында көрсетілген міндемелердің орындалуы қажеттігін баса айтты.

– Мемлекет басшысы халықты биылғы жылдың соңына дейін толықтай сапалы ауыз сумен қамту бойынша алдымызға нақты міндет қойды. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалуы тиіс. Салаға жауапты басқарма басшысы, Тараз қаласы мен аудан әкімдері бұл бағыттағы жобалар мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстап, Жол картасының орындалуын қадағалауы қажет. Облыс орталығы мен Шу қаласындағы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс тұрғын алқаптарындағы жобалар жыл соңына дейін, өткен жылдың өтпелі жобалары қысқа мерзім ішінде толықтай аяқталуы тиіс, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша аймақ басшысы жауаптыларға мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауда ұстау керектігін айтты.

Бұдан бөлек, кеңесте жүктелген тапсырмалардың орындалу көрсеткіші сараланып, бірқатар бағытта бюджеттік шығыст арды қысқарту бойынша тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, облыс әкімі мәдениет нысандарын салу, әкімшілік ғимарат құрылыстары, қызметтік автокөлік пен жиһаздар, іс- шара шығындарын қысқартып, жыл соңына дейін барлық мемлекеттік органдарда штат санының лимитін ұлғайтуды тоқтатуды тапсырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар