«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз тұрғындары баспаналы болды

Тараз тұрғындары баспаналы болды
Ашық дереккөз
Бүгінгі таңда облыс аумағында түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көптеген тұрғын үйлер бой көтеруде. Нәтижесінде, халықтың әлеуметтік осал топтарына пәтерге ие болып, жүздеген отбасы қоныс тойын тойлау үстінде. Ал, бірер күн бұрын «Ұлы дала» шағын ауданындағы №26 тұрғын үйдегі екі бөлмелі бас-аяғы 160 пәтер өз қожайындарын тапты. Құрылысын «Aulet Stroy Taraz» мердігер компаниясы жүргізген нысанның жалпы ауданы 9 600 шаршы метрді құрайды.

Бұл күні жергілікті халықты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы құттықтап, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Іс-шара барысында аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдар тарапынан әулиеаталықтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, аймақта жыл өткен сайын тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылуда. Мәселен, биыл облыста 765 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр.

– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында тұрғаны баршамызға мәлім. Сондықтан, бұл бағытта қолға алынған жұмыстардың маңызы зор. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға және халықтың тұрмыстық мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған облыс тұрғындарының санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтып отырмыз. Айталық, өткен жылы 26 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілсе, биыл 50 көпқабатты тұрғын үйдегі 2 390 пәтер өз иелерін таппақ. Сонымен қатар, осы жылы тұрғын үй кезегіндегі әлеуметтік осал топтар үшін 4,9 миллиард теңгеге 361 пәтер сатып алынады. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар есебінен 42 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Үкімет бекіткен тұжырымдама шеңберінде осал топтағы азаматтарға бюджет қаржысына 575 пәтер сатып алу қарастырылған. Ал, Ұлттық қор есебінен 2025-2026 жылдары 180 пәтер сатып алу жоспарланып отыр, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Өз кезегінде баспанаға қол жеткізген тұрғындар қуаныштарымен бөлісіп, жанашыр жандарға алғысын жеткізді. Солардың бірі – көне қала тұрғыны Мөлдір Шадманова. Ол өз сөзінде осынау жағымды жаңалықты екі күн бұрын естігенін жеткізді. «Шүкір, біздің отбасымызға екі бөлмелі пәтер бұйырды. Бұған дейін пәтер жалдап кеттік. Әрине, осы жылдар бойы мемлекет тарапынан берілетін қамқорлық пен көмектен шет қалған емеспіз. Десе де, баспанаға қол жеткізу – басты арманымыз еді. Бастысы, билік өкілдері әлеуметтік осал топтарға көмек қолын соза бастады. Екі күн бұрын әкімдіктен хабарласып, жақында баспаналы болатынымызды айтты. Сол сәтте қуанышымыз қойнымызға сыймай, уәделі күнді күттік. Мерейлі сәттің реті осы күнге түсіп тұр екен», – дейді Мөлдір Бүркітбайқызы.

Айта кетейік, бұл күні жаңа пәтер иелеріне аймақ басшысының атынан тұрмыстық техника табыс етілді. Сондай-ақ, іс-шара соңында жиналғандар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экоакциясы аясында ел игілігіне берілген аталған тұрғын үйдің маңына тал-дарақ отырғызды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар