
Сөз – бүкіл адамзат тарихындағы құдіретті күш. Сондықтан да қазақ халқы батаны ең қастерлі тілек, ниет пен жолашар деп қабылдады. Тіпті, «Батасыз құл жарымас» деп, аузы дуалы ақсақалдардан бата алмай қазақ жолға да шықпаған. Батыр Бауыржанның өзі соғыс жылдары бір топ сарбазын ертіп ақын Жамбылдан бата алған. Сол батаның күшімен жаудың оғынан аман қалды деседі ел.
Осы орайда, «Ауыл» партиясының ұйытқы болуымен республикалық «Батамен ел көгерер» атты батагөйлер байқауы ұйымдастырылды. Соның іріктеу кезеңі облыстық Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы мен «Ауыл» партиясы облыстық филиалы, облыстық ардагерлер кеңесінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Байқауды «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алтай Райқұлов ашып, әр ауданнан келген батагөйлерге сәттілік тіледі.
Аталған байқауға барлығы 13 өтінім келіп түскен. Соның ішінен іріктеліп, 9-ы байқауға жіберілді. Олардың ішінде Сарысу, Меркі, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Талас аудандары мен Тараз қаласының қатысушылары бар. Бұл байқауда талапқа сай қатысушы үміткерлер батаның бірнеше түрін мүдірмей, мәнерімен айтуға күш салды. Бата жарысында бақ сынаған талапкерлерге «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алтай Райқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев, тіл жанашыры Ринат Нұрақбаев қазылық жасады. Аталған батагөйлер жарысында жуалылық Сейітқазы Медетбек бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Меркілік ақсақал Белгібай Айнақұлов екінші, Жамбыл ауданының қариясы Орынбай Рысбаев үшінші орыннан көрінді.
Мұндай жарыстың жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор. Тіпті, байқауға қатыспай- ақ, әр отағасы өзі үшін кемінде бес бата жаттап жүрсе, қандай жақсы! Себебі, батаменен ер көгерер.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді