«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр арқауы – Жамбыл Жабаев

Жыр арқауы – Жамбыл Жабаев
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназиясының базасында облыстық оқушылар айтысы өтті. Бұл «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысының іріктеу кезеңі.

Іс-шараны аталған орталық директоры Майра Есенәлиева ашып, барша талапкерлерге сәттілік тіледі. Айтыста Тараз қаласы және аудандардан іріктеліп келген 18 оқушы айтыскер бақ сынады.

Әрине, жыр додасына оқушы ақындардың көбірек келгені жақсы. Олар шамаларына қарай сәтті айтыс жасауға күш салды. Мәселен, Жамбыл ауданының ақыны Жанерке Қамбар әдемі әуенмен, өзгеше ізденіспен келген екен. Ол «Ақталсын бізді баптаған ағалардың еңбегі» деп ұстаздарына деген құрметін танытса, қарсыласы тараздық Аян Қуаныш: «Жырдың да, келбеттің де сұлулығын, Жанерке бір басыңнан көріп тұрмын», – деді.

Ал, шулық Жомарт Александрмен айтысқан тараздық Інжу Жаңабай:

«Жырлауға Жабаевты жарап бүгін,

Кетсе екен көк аспанға тарап жырым.

Інжу алсын жолдаманы дейтін шығар,

Жомарттың көрейікші жомарттығын», – деп тапқырлық танытса, Жомарт:

Күшейді бұл айтыста талап тіпті,

Бойыма шабыттанып қанат бітті.

Ауданның намысын қорғап шыққан кезде,

Мен ұмытып кетемін жомарттықты, – деп жауап берді. Меркі ауданынан келген 9-сынып оқушысы

Назгүл Ерланқызы:

«Жамбылдай жыр-атамды мақтан көргем,

Меркідей келіп тұрмын мақпал белден», – деп талабының таудай екенін танытса, оның таластық құрдасы Маржан Серік:

«Шабысым бөлек болсын дүбірдегі,

Маржан таспын теңіздің түбіндегі», – деп бейнелі сөз айта білді.

Жыр сайысында айтыстың тақырыптық және қайым түрлері қамтылды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлделерді Жамбыл ауданы, №6 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Жанерке Қамбар мен Тараз қаласы, №3 мектеп- лицейдің 10-сынып оқушысы Інжу Жаңабай иеленді. Ал, Тараз қаласы, «Aisultan school» мектебінің 11-сынып оқушысы Аян Қуаныш пен Шу аудандық оқушылар сарайының 9-сынып оқушысы Жомарт Александр жүлделі бірінші орындарды өзара бөлісті. Меркілік Назгүл Ерланқызы мен таластық Маржан Серік те жүлделі орыннан көрінді. Айтысты аталған орталық директорының орынбасары Ақмарал Естемесова және қазылар алқасының мүшелері, айтыс ақыны Дидар Басқараев пен тіл жанашыры Бақтияр Бекназаров қорытындылап, жеңімпаз және жүлдегер ақындарды марапаттады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар