
Ең алдымен бюджетті дұрыс басқара білу керек. Бюджет – бұл пайдалы құрал, оның көмегімен біз қаржылық жағдайымызды толықтай бақылай аламыз. Ақшаны жұмсарда және жинайтын кезде дұрыс шешім қабылдай аламыз. Бос дүниеге кететін шығынды жоямыз. Мәселен, үй алу немесе көлік алу деген секілді қажет санаған дүниеге қол жеткіземіз. Қаржылық сауаттылықты жетілдіріп, бір айдың ғана емес бірнеше жылдың осы қаржыға қатысы бар мәселелерін жоспарлап қоюға болады. Әрине, қазіргі таңда кім болса да бай болғысы келеді. Кезінде Бенджемин Франклин: «Егер бай болғың келсе, көп табыс табуды ғана ойламай, оны үнемдеуді де үйреніңіз» деген екен. Саралап қарасаңыз, қаржылық сауаттылық үнемдеуден тұратынын байқайсыз. Алдыға қойған мақсатыңыздың 100 пайыз орындалғанын қаласаңыз, қаржыны жоспарлаудағы мына қағидаларды қатаң сақтау керек.
– Әр айдың бюджетін ойластырып, содан асырмауға тырысыңыз. Шығындарыңызды қадағалаңыз. Жоспарланғаннан асып кетсе, нақты шығындарға зер салыңыз. Барлық шығындардан кейін қалатын соманы емес, бюджетте жоспарлаған соманы қалдырыңыз. Оқыс оқиға болған жағдайда отбасылық шығындарға түсетін қаржылық қысымды жеңілдететін төтенше резерв құруды ұмытпаңыз. Қаржылық мақсатыңызды дұрыс жоспарлаңыз. Сізге қандай қаржы қажет екенін, қай күнге дейін екенін және оны жинау мүмкіндігіңізді нақтылаңыз. Табанды болыңыз және әр істі бүгіннен бастаңыз, – деп кеңес береді қаржыгер Гүлмира Қарасайқызы.
Көпшілік аз жалақымен ақша жинау мүмкін емес деп жатады. Алайда аз ақшамен де ақша жиып, үй алып, көлік мінуге болады. Біріншіден, ақшаны жинауға не кедергі? Соны анықтайық. Ақшаны қалай үнемдеуге болатынын ойлайтын кез келген адам оған кедергі келтіретін үш негізгі тосқауыл туралы білгені абзал. Біріншісі, өзін-өзі ұйымдастыру мен тәртіптің жеткіліксіз деңгейі. Мысалы, бізді итермелейтін нәрсе болмаса, біз ұзақ уақыт бойы өзімізді бірдеңе жасауға мәжбүрлей алмаймыз. Бюджетті жоспарламай, нақты жұмсайтын жеріне бөліп, өз орнымен жұмсамай болмайды. Екіншіден, тұтыну экономикасы ұсынатын азғырулар мен қиялдағы қажеттіліктер. Эмоционалды сатып алу көбінесе шығындардың қосымша бөлігі болып табылады және ақшаны қалай үнемдеуді үйренуге көмектеспейді. Тағы бір жұп аяқ киім, жаңа гаджет, қымбат брендтік киім шынымен маңызды қаржылық мақсаттан алшақтатуы мүмкін. Үшінші, көптеген адамдарға тән «бір рет өмір сүру» тәсілімен байланысты. Кейде ақшаның бәрін жұмсауға асығамыз, болашақ жоспар мен ақшаны қалай дұрыс жинау стратегиясын ойланбаймыз.
Ақша жинаудың негізгі отбасындағы және жеке кірістердің мөлшерін есептеу қажет. Яғни, бұл жалақы мөлшері туралы емес, сонымен қатар жәрдемақылар, қайтарылған қарыздар немесе толық емес жұмыс күніндегі пайда болуы мүмкін кірістің барлық сомасы. Шағын табыспен қалай жинауға болады? Ақша жинай бастағандағы алғашқы қателік – өз табысының жалпы көлемімен салыстырмалы түрде көп ақшаны «кейінге қалдыру». Бұл қатенің нәтижесінде ай сайынғы шығындарға қаражат жетіспейді және психологиялық қысым артады. Нәтижесінде, қазірдің өзінде жиналған жинақтар әртүрлі ұсақ-түйектерге жұмсалады. Бұған жол бермеу үшін шығындарыңызды санап, осы айда ақшаны неге жұмсау керектігін және қандай шығындар артық екенін білу маңызды. Мысалы, үйленбеген адамның айлық табысы 90 мың теңгені құрайды деп есептейік. Ал міндетті шығындар (коммуналдық, жол, тамақ және тағы басқалар) – 70 мың теңге. Тұрғын үй үшін ақы төлеудің қажеті жоқ, өйткені ата-анасымен бірге тұрады дейік. Сонда бұл қалған 20 мың теңгені бірден кейінге қалдыру керек дегенді білдірмейді. Табыстың 10 пайызы немесе тіпті 5 пайыздан бастау керек. Бұл жеке бюджет үшін соншалықты айқын болмайды және өмір салтына ерекше әсер етпейді.
Қазіргі уақытта қаржылық жағдайым қиын, бұл принцип мен үшін емес деп ойласаңыз, қателесесіз. Кем дегенде 1-2 пайыз үнемдеуге тырыссаңыз, жарты жыл ішінде 10 пайызға дейін жеткізесіз. Кірістер мен шығындарды есептеу болмаса, тиісті әдіс-тәсіл қолданбасаңыз, қандай да бір ақша сомасын жинақтау мүмкін емес екенін есте ұстаған жөн.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді