
Қазір, әсіресе жастар арасында ифтар сөзі көп айтылады. Араб тілінен аударғанда «Рамазан айында ораза ұстаған мұсылмандардың Ақшам намазына шақырған азаннан кейін тамақтануға рұқсат етілетін мезгіл» деген мағынаны береді екен. Былай қарасаңыз, өрескел ештеңесі жоқ сияқты. Көбіміздің айтып жүрген сөзіміздің арабша баламасы осы. Бірақ, бабаларымыз дәстүрлі дінді ұстанып, мұсылмандыққа мойынұсынғалы бері «Ауызашар» деген әдемі атау айтылып келген. Тілге де жеңіл, ұғымға да түсінікті. Күндіз ішіп-жеуден тыйылып, кешке ауызын ашқан кісіге ораза айында берілетін дәм. Солай ғасырлар бойы айтылып келді. Одан оразаның қасиетіне нұқсан келіп, кері кетіп қалған ештеңе жоқ еді. Сонымен, қазір бірқатар азаматтар «Ифтар бердік» деп сөйлейтін болды. Бұл жөнінде бірқатар алдыңғы толқын ардагерлерден де пікір білген едік.
Тараз қаласының Құрметті азаматы, облыстық қазақ күресі федерациясының Құрметті президенті Жетпісбай Медеуовтың өз айтары бар. «Тура мағынасымен алғанда арабша «ифтар» сөзі «ауызашар» дегенді білдіреді. Біз қазақ деген өзінің бай тілі бар, тағылымы бар халықпыз. Төл сөзіміз қашанда сақталуы керек. Сондықтан, «ауызашар» деп айтылғаны жөн. Оған талас тудырудың еш керегі жоқ. Біз өзі бір жағынан еліктегіш халықпыз. Қазір «Абдулла», «Ибраһим», «Абдулхасан» деп арабша есім қоюға да бейімделіп алдық. Ораза күндерінде ауыз аштыру өте сауапты іс. Бұл атауға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ата-бабаларымыз, аяулы әжелеріміз қалай атады, солай аталуы тиіс», – деді. Ал, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев те жастарға үлгі болатын, өз көзқарасы бар кісі. «Әрине, ауызашар! Мен қазақпын ғой, сондықтан арабша емес, қазақша «ауызашар» деймін. Сол дұрыс. Басқа баламасы ондай әсерлі емес», – деген сөзімен өзге тілден енген атауға үзілді-кесілді қарсылығын аңғартты. Ал, Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбек те «арабшасы «ифтар» болғанымен, «ауызашар» деп атаған дұрыс екенін айтты. «Бұл сөзді талқылап, дауласудың мағынасы жоқ. Бабалаларымыз айтып өткен «ауызашар» сөзін балаларымыз да айтуы тиіс», – деді. Ал, Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев та ойын жеткізді. «Шариғатта қазақшалауға келмейтін, тек арабша айтылуы және оқылуы тиіс талаптар бар. Мәселен, намаз араб тілінде оқылады, азанды қазақ тілінде шақыра алмайсыз. Ал, бірақ, ауыз бекітуге, ауыз ашуға қатысты сөздерді қазақша айтуға болады. Екі тілде айтуға да шариғат рұқсат еткен. Біз қазақ болғандықтан, «Ауызашар беремін» деп қазақша айтқанымыз абзал. Алла қасиетті Құранда «Мен адамдарды ұлттарға бөлдім. Бір-бірін тану үшін» дейді. Демек, әр ұлттың өз тілінде сөйлеуіне, ізгі амалдардың атауын өзінің ана тілінде айтуына шариғат қарсы емес», – деді.
Расында да, «ифтар» емес, «ауызашар» деп айтқан дұрыс. Жуырда баспасөздерге берген сұхбатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да көпшілікті «Ауызашар» деп айтуға шақырған еді.
Ауызашар – ашыққанды тойдыру, кедейге болысу бағытындағы жақсы амал. Қазіргі таңда ауызашарды қымбат мейрамханаларда жарысып беру үрдіске айналды. Бір қалталы кісі бүгін 700 адамға ауыз аштырса, ертең оның бәсекелесі 800 адамға дастархан жаяды. Бұл – пендешілік. Дастарханға құстың сүтінен басқаның бәрін қоятын болдық. Бар адамға бәрібір, жоқ адам да сонымен теңесемін деп қарызға батып жатыр. Осындайдың алдын алу үшін көпшілікке есімі белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желіде «Ауызашарға аста-төк дастархан әзірлеу үрдіске айналды. Мыңдаған адам шақыру деген – мақтан. Негізі, үйіңдегі өзің күнделікті жайып жүрген дастарханға құрма қойып, қарапайым ауызашар берсеңіз де сауабы мол. Қымбат- қымбат тамақтар қою міндетті емес», деп те ескертті.
Сондықтан, ауызашар мәселесі бойынша ысырапқа бармай, жинақы, қарапайым дастарханда өткізген жөн болар. Бұл тұрғыда ауызашар беруге ниеттеніп жүрген әрбір кісінің ойланғаны абзал.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жуалыда 100 бүлдіршіннің тұсауы кесілді
- 21 наурыз, 2025
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- 21 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді