«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Ашық дереккөз
Облыс орталығында қыстың соңы мен көктемнің алғашқы күндері жауған қарды тазалау жұмыстары қарқынды. Кешенді жұмыстар нәтижесінде бүгінде негізгі жолдар мен айналма жол, көпір үсті қардан аршылып, қауіпсіздік талаптары үшін құм, тұз себу жұмыстары жүргізілуде.

26 ақпаннан бастап ауа райының бұзылып, қардың толассыз жаууына орай қала аумағында қар тазалау жұмыстары тиісті деңгейде атқарылуда. Алғашқы күні-ақ, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС жұмысшылары жүйелі қызметінің нәтижесінде шаһарда тайғаққа қарсы көпірлерге 12 текше метр құм, 3 тонна тұз себілген болатын. Бұл жұмыстар көктемнің алғашқы күндері де жалғасып, қала көшелеріне тұз аралас құм себіліп, күрелген қар техникамен арнайы орындарға шығарылуда.

– Қар тазалау жұмыстарына 32 техника және қар шығару жұмыстарына 6 техника жұмылдырылды. Таразда қыстың соңғы лебі сезіліп жатыр. Кеше түннен басталған қар Таразды ақ ұлпаға орады. Ал, бұл «Жасылелдіктердің» қауырт жұмыс жасайтын кезі. «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің күшімен арнайы бекітілген көшелер мен көпірлерге 200 текше метр құм, 40 тонна тұз себілді. Ақ ұлпаны тазалау жұмыстарына 23 техника және қар шығару жұмыстарына 6 техника жұмылдырылды. Сонымен бірге, 250-ге жуық мамандар таңғы сағат 7-ден бастап жұмыс жасап жатыр, – дейді «Жасыл ел-Тараз» мекемесі басшысының өндірістік істері бойынша орынбасары Айдын Бейсеков.

Қалада таңнан бері негізгі жолдар мен айналма жол, көпір үсті қардан аршылып, қауіпсіздік талаптары үшін құм, тұз себу жұмыстары жалғасуда. Толассыз жауған қар мен ауа райының қолайсыздығына байланысты коммуналдық қызмет көрсету саласындағы мамандар тәулік бойы күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Синоптиктердің болжамынша, осы аптада оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Ал, солтүстік-батыс, орталық және оңтүстік-шығыста жаяу бұрқасын соғып, оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс және орталықта жел күшеюі мүмкін.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар