«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Татулық туы желбіреген күн

Татулық туы желбіреген күн
Ашық дереккөз
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналып, Тараз қаласындағы «Достық» үйінде мерекелік іс-шара өтті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен іс-шара «Қайырымдылық керуені» акциясымен басталды. Ассамблея ардагері Жалил Аббосов қайырымдылық пен жанашырлықтың асыл қасиет екеніне тоқталса, жиын барысында көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық пакеттері таратылды. Мұнан соң актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асқарбек Сейілхан Алғыс күніне орай көпшіліке ақ батасын берді. Облыс әкімі қазақ мәдени бірлестігі әзірлеген жетігенші өнерпаздардың, орыс мәдени бірлестігі әзірлеген орыс халқының ән ырғақтарына да назар аударды.

Мұнан соң аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» ескерткіш тақтасының ашылу салтанатында Тараз қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешовамен бірге лента қиды. Келесі сәтте Ассамблеяның 30 жылдығына арналған архивтік құжаттар алаңшасымен танысып, қоғамдық ұйымның жүріп өткен тарихи жолына назар аударды. Сонымен қатар, облыс әкімі «Алтын шаңырақ» алаңшасында өзге ұлт өкілдері бүлдіршіндерінің өлеңдері мен әндерін тыңдап, ризашылық білдірді.

Мұнан соң мәжіліс залында негізгі мерекелік іс-шара басталып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әуелі Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Келесі кезекте аймақ басшысы құттықтау сөзін жалғастырып, жамбылдықтарға жылы лебізін жолдады.

– Біз биыл ерекше тарихи сәтке куә болып отырмыз. Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл толу мерекесі Алғыс айту күнімен, қасиетті Рамазан айының басталуымен қатар келіп отыр. Осынау ғажайып мерекемен жамбылдық барша жұртшылықты шын жүректен құттықтаймын. Алғыс айту күні – өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғысы ғана емес, әркімнің ең жақын адамдарына жылы лебіз, ыстық ықыласын арнайтын мерекесі. Бұл құрмет пен сый, жанашырлыққа толы, жақсылықтың символы секілді маңызды мереке. Біздің облыста да өзге ұлт өкілдері арасында ғажайып татулық, достық пен құрмет, үйлесім бар. Барша ұлт өкілдері бірлік пен татулықты ту етіп отыр. Қандай маңызды сәттің бәрін сіздермен бірге өткіземіз. Сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз. Осы татулық пен бірліктің туы биік желбіресін, – дей келе бірқатар азаматтарды марапаттады.

Белгілі актер, әнші- композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі, Меркі ауданында шаруа қожалығын басқарып, экономикаға елеулі үлес қосқан Владимир Бондеренко облыс әкімінің қолынан «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағын алды. Сонымен қатар, бірқатар озаттар Қазақстан халқы Ассамблеясының төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Көпшілік алдында «Әулиеата» қазақ мәдени бірлестігі төрғасының орынбас ары Айгүл Қабиева мен «Dnepro» украин мәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко сөз сөйлеп, татулық пен бірлікті, ынтымақты сақтап келе жатқан жамбылдық тұрғындарға алғыстарын білдірді.

Мұнан соң Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері және түрлі ұлт өкілдері әзірлеген концерттік бағдарлама да көпшілік көңілінен шықты. Атап айтқанда, «Жамбыл» триосы, Гүлнар Мамырайымова, Қайсар Көкішев пен Әлішер Болтаев әннен шашу шашты. Орыс мәдени бірлестігінің «Калинка» ансамблінің, ұйғыр қоғамдық бірлестігінің «Шолпы» би ансамблінің өнерлеріне де жиналғандар ерекше ризашылықтарын білдірді. Грузин ұлтының балалары өздерінің ұлттық билерін көпшілікке тарту етті. Концерт танымал әнші, орыс ұлтының өкілі Сергей Семыкиннің қазақ тілінде орындаған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен мәресіне жетті. Осы сәт барша көрермен орнынан тұрып, өнерпаздарға құрмет көрсетті.

Бұл күні зиялы қауым және іс-шараға жиналған ұлт өкілдері «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Мұнан соң облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты тақырыпта жаңа экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Жиында облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева сөз сөйлеп, жиналған қауымды жаңа экспозицияның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, осынау бастамаға қолдау білдірген аталған музейдің директоры Сейітжан Ілиясқа алғысын білдірді. Мұнан соң сөз сөйлеген «Жамбыл облыстық немістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер еліміздегі бірлік пен тұтастық, ұлттар достығын айта келіп, Әулиеата жерін мекендеген неміс халқының жергілікті тұрғындарға алғысы шексіз екенін жеткізді.

Мұнан соң «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары, облыс әкімдігінің «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Хамида Турдыева барша жастардың көк тудың астындағы шынайы достығына тоқталды. Экспозицияның лентасын «Жамбыл облыстық Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мухабат Турдыева мен Тараз қаласының Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі, меценат Юрий Минаков салтанатты жағдайда қиды.

Мұнан соң жиналған көпшілік экспозицияны тамашалады. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Тұңғыш Президент Жарлығының көшірмесі, мәдени бірлестіктердің архивтік құжаттары, әр жылдардағы маңызды жиын, семинар, съездерден сыр шертетін суреттер топтамалары қойылған.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар