
Ақбұлақ» шағынауданында «Тұмар» атты шағын дүкен бар. Шағын болса да сәнді, жинақы. Дүкен сөрелерінде халықтың күнделікті қажеттілігі – ыстық нан, қант пен тұз, тәтті бәліштер, шұжықтың, сүт өнімдерінің түр-түрі, кондитерлік өнімдер, тұрмыстық заттар жайнап тұр. Дүкен егесі Сослан Марзоев – өзге ұлт өкілі болса да қазақшаға жетік, емін-еркін сөйлейтін азамат. Дүкенге кіріп барғаннан-ақ жылы жүзді жігіт қазақшалап амандасып, сөредегі тауарлардың бағасын да нақтылап айтқанда кейбір қазақтар өзіміз ұялып қаламыз. Кейін білдік, Сослан Магамедұлы Талас ауданы, Қаратау қаласында туып-өскен азамат екен. Талас топырағына аунап-қунап өскен балаң жігіт өскен жердің тілін де біліп, дәстүрін де ұққан жөн деп есептейді. Мектептегі ұстазы Гүлнар Бекбосынқызының арқасында қазақ тілін терең үйреніп, тамаша сөйлейтін деңгейге жеткен.
Енді Сосланның кәсібіне көшейік. Оның дүкенінің жұмыс істеп тұрғанына биыл бес жылдан асты. Үздіксіз әрі тоқтаусыз халыққа қызмет етіп келе жатқан шағын бизнесі оған табыс әрі тұрақтылық беруде. Бір кездері біреуге қызмет еткен ол өз кәсібімді ашсам деген арманына жеткен. Азық-түлік фирмасында сауда өкілі болып істеп жүріп өзінің кәсібін қалай бастап, қай төңіректен ашу керектігін ойластырып жүреді. Түркиялық фирмада жүріп қарапайым сауда өкілінен бөлім басшысына дейін көтерілген. Алайда, өзгеге қызмет еткеннен гөрі өзіне жұмыс істегеннің тиімді екенін ұққан ол ақыры көздеп жүрген жерінен дүкен ашады.
– Көзімді іңгәлап ашқаннан қазақтардың арасында өстім. Марқұм анам Лариса Николаевна дене шынықтырудан сабақ берген ұстаз еді. Үй-ішімізбен қазақша сөйлесеміз. Қазақтың етін асып жеп, қазы-қартасын жақсы көреміз. Ата-бабам қазақша сөйлеген. Мен де осы тілде сөйлеймін. Ұлтым – осетин. Жұбайымның ұлты орыс. Талас топырағы құнарлы ғой. Достарымның бәрі қазақтар. Бірі – ақын, бірі – жазушы. Мен олардың арасында жүріп өлеңдетіп сөйлейтін болдым. Өмір бойына құт қонған мекенге, туған жеріме, қазақ халқына алғысым шексіз! Қаным қазақ болмаса да жаным қазақ. Өз кәсібімнің барына қуанамын. Азық-түлік дүкенінің бір жақсы жері – күнделікті өнімдер өтетіні. Сүт, нан, айран деген секілді. Кейде қарызға береміз. Көбіне көпбалалы аналарға қарызға беремін. Мен бір шағын дүкендерге арналған көтерме сауда дүкендері болу керек деп есептеймін. Мемлекет тарапынан көмек болса деймін. Біз шағын кәсіптің иелеріміз. Бізді алып дүкендермен шатастырмау керек. Көбіне сауда жазда жақсы жүреді. Күзде, қыста, көктемде сауда саябырсып қалады, – деп ағынан жарылды.
Бір жақсысы – бұл дүкенде кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі мен шарап сатылмайды. Дүкенде екі сатушы жұмыспен қамтылған. Заңға бағынған, өз ісіне адал берілген Мадина және Лена кезекпен сауда жасайды.
«Саудада береке бар» деген. Сосланның қазақ тіліне деген құрметі мен саудаға адалдығы ерекше. Мұны барша сатып алушылар біледі.
Еш қиналмастан қазақша сөйлеп тұрған Сосланға риза болдық. Қалың қазақтың ортасында өскен жігіт «кило» емес «келі» деп, «метр» емес «шаршы» деп, арбуз емес, «қарбыз» деп таза қазақшалап сауда жасауда. Кішіпейілділігі мен адамгершілігі бір төбе Сослан Марзоевке өмір жолында сәттілік тіледік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді