«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр алыбының асқақ рухы мәңгілік!

Жыр алыбының асқақ рухы мәңгілік!
Ашық дереккөз
Барлық өнердің бастауы тіл деп білетін қазақ халқы сөз өнерінің қадіріне жете білгендіктен де өмірінің әрбір белесін көркем сөзбен кестелеп, жырға қосады. Дүние есігін ашқан сәбиді әлди әнімен тербетіп, батырлар жырымен сусындатып, бойына елжандылық, ерлік, адамгершілік қасиеттерді сіңіріп өсіреді. Алғашқы басқан қадамына да тұсаукесер жырымен құт тілеп, отау тіксе «Жар-жар» айтып, жұбайлық ғұмырдың бақытын да әнмен әспеттейді. Тіпті, ел басына күн туғанда да азаматтарын «аттандап» атқа қондырғанда екпінді жырларымен қуаттандырады. Жасыған жігерді жанитын жалынды жырларды жыр алыбы – Жамбылдың өлеңдерінен де көптеп кездестіреміз. Әсіресе, ақынның «Ленинградтық өренім» атты өлеңі халық жау қоршауында қалып, қиналған сәтте қайраттандырып, қуат беріп, рухтарын көтерді.

Екі дәуірдің куәсі болған ақын екінші дүниежүзілік соғыста майдангерлерді ғана емес, жаудың тұтқынына тап болған отандастарын да жырымен жігерлендірді. 1941 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург жау қоршауында қалып, қала халқы әрі шабуылға, әрі азық- түлік тапшылығына ұшыраған сәтте Жамбыл «Ленинградтық өренім» өлеңімен қайғы басқан еңселерін көтеріп, жақсылыққа үміттендірді. Құлаған жерден тік тұрып, жеңіс үшін, бақыт үшін күресуге күш берді. Елдік пен ерлік шын сыналған тұста Отанға деген ыстық сезімнен туған бұл өлеңнің мазмұны да, тыңдаушыға берер әсері де зор. Ленинград қаласы 900 күн қоршауда қалып, халық өте ауыр күндерді бастан кешкенде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңінің аудармасы радио арқылы қала тұрғындарына таралды. Көшелерге, үйлердің қабырғасына, плакаттарға жазылып, ілінді.

«Жасағамын өмірді

Жау біткенді жеңгелі;

Саудыратып сүйегін,

Топыраққа көмгелі.

Қазақстан жерінен,

Тұтағандай ел кегі,

Жолды кернеп қол кетті

Сендерге дем бергелі,

Нева алабын қорыңдар

Ленинградтың ерлері», – деп өрілетін өлеңнің әрбір жолы тыңдаушыға шуақ шашып, күш-жігер берердей мығым әрі мазмұнды.

Биыл 80 жыл толатын Жеңіс үшін болған Ұлы Отан соғысы басталғанда Жамбыл Жабаев 95 жаста болатын. Кәрілік жетіп, бойдан қуат кетіп, сырқат меңдеген. Соған қарамастан, ол майданға аттанған азаматтарды қайраттандырар жырларымен Жеңісті жақындатуға өзіндік үлесін қосты. «Ата жаумен алыстық», «Өлім мен өмір белдесті», «Аттан, батыр ұрпағым!», «Кеңес жауынгерлеріне» деген бірнеше өлеңдерін арнады. Шежірелі қарт көңілінен туған бұл өлеңдер жауға деген ыза-кек, өшпенділік, қаһардан жалын атып тұрды. Отанына, халқына деген шексіз сүйіспеншіліктен шуақ шашты. Енді бір өлеңінде ақын:

«Домбырамды күндіз-түн,

Ыза кернеп шертіп мен,

Түн ұйқымды төрт бөліп,

Жата алмаймын оянбай!

Халқым үшін жырымды,

Шығармасам үнімді,

Тұрады мейірім қана алмай,

Қаһар төгіп дұшпанға,

Шапқан ата-бабамыз,

Жаудың темір құрсауын

Қырқуға амал табамыз!

Өрлетер бақыт сәулесін,

Өркенді бала, шағамыз!» – деп, майдан шебінде жүрмесе де сондағыдай күй кешкенін, қолына қару орнына домбырасын алып, Отанның жеңісі, бейбітшілігі үшін түн ұйықтамай, күндіз күлмей, күрескенін аңғартады.

Қос ғасырды көрген ақынның «Менің өмірім» атты өлеңінен де сыналған сәттен сыралғы болып өскен тұлғаны көреміз. Зарлы өткен балалық болар бәлкім, оны ақын еткен. Мүмкін сондықтан оның жырлары жалынды болар.

«Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан.

Ел үркіп жүрген кезде күні-түні,

Сары аяз көш-жөнекей боран күні

Қар қауып, мұзға түскен Жамбыл екем,

Жұтынып суық ауа, шыққан үні.

Мен емес, суық дәмді ел де алыпты,

Тарылтқан қысаң заман кең жарықты.

Қара күн хан билеген, қанды жорық

Дегендей ел аузында сөз қалыпты», – деген шумақтарынан қарапайым халыққа қаһарлы ханның залымдығы батқан ауыр шақты аңғарамыз. Ол осы өлеңінде:

«Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,

Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім.

Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім,

Қойнында Алатаудың зарды көрдім.

Бой бермес ел өмірі асау шері,

Тұрса да құрсауланып тоқсан жері.

Бірде от, бірде суды көктей кешіп,

Талпынып, тілегіне басты ілгері», – деп, зарлы заманның куәсі болғанын байқатады. Өзінің көрген өмірінен хабар бере отырып, қиындықты еңсеруге күш берер отты сөздермен өлеңін өрнектейді.

Осындай отты жырларымен, өлмес өлеңімен өмірден өзі өтсе де елдің есінде ғұмыр кешіп келе жатқан Жамбыл атамыздың туған күні жыл сайын аталып өтіледі. Жай өтпей, сөз өнерінің қадірін ұғындырып, қазақтың қара сөзінің қасиетін арттырарлықтай түрлі іс-шаралармен ұйымдастырылады. Халқы үшін от кешкен батырдың, елі үшін жалындап жыр жазған ақынның аты ғасырлар өтсе де өшпейтіні рас екен.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар