«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алар асуы биік ардагерлер ансамблі

Алар асуы биік ардагерлер ансамблі
Ашық дереккөз
Көненің салты мен ғұрпын жеткізуші – асыл қарттарымыз. Халық арасында көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол, бойында өнерлері тасыған салиқалы қариялар да баршылық. Осындай өнерпаз қарттардан құралған өнер ұжымының бірі – «Әулие-Ата» ансамблі.

Ұжымның құрамында 65-тен 77 жасқа дейінгі 10 қария мен ақ жаулықты әжелер бар. Олар: Сатыбалды Досымбеков, Алпысбай Смайылов, Аманқұл Исқақов, Асылбек Жанғарин, Әбдірайым Уашев, Рәзия Мәдіханова, осы жолдардың авторы, Якул Шуақова, Нұржамал Піралиева, Ұлбала Оразбаева. Сондай-ақ, арамызда жоғары лауазымда басшылық қызметтер атқарған еңбек ардагерлерінің барын да мақтаныш етеміз.

Ансамбльдің шығармашылық қорында бірнеше халық әндері мен Қазақстан композиторларының, жергілікті әуесқой композиторлардың әндерінен хор, жеке орындаулар, квартет, трио бар. Одан басқа жанрларда би билеу, поэзия оқу арқылы көрермендер көзайымына айналып та үлгерді. Осы жерде атап өткім келетіні Рәзия Мәдіханованың жеке орындаудағы әншілік шеберлігі, Аманқұл Исқақовтың өзбек биін билегені көрермендерді тәнті етуде.

Жетістіктер де жоқ емес. Яғни, былтыр шілде айында аталмыш өнер ұжымы Қырғыз елінде, Ыстықкөл жағалауында өткен «Әлем халықтар достығы – 2024» байқауына қатысып, бірнеше жүлдемен оралды. Бұл додада «Әулие-Ата» ансамблі 3-ші орынды иеленді. Ал, осы ұжым ішінен құрылған квартет – Абайдың «Көзімнің қарасы», Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әндерін орындап, 1-ші орынды жеңіп алды. Олар: Асылбек Жанғарин, Алпысбай Смайылов, Әбдірайым Уашев, Сатыбалды Досымбеков. Сонымен қатар, поэзия жанрынан Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасынан үзінді оқып, жүлделі 3-ші орынды иеленген болатынмын. Ансамбль мүшелері толық құрамда студия төріне сыймайтын болғандықтан екі топқа, яғни «Әулие-Ата» тобы және «Дастархан» тобы болып бөлінген. Аталған байқауда«Әулие-Ата» тобындағы үштік өздерінің ерекше қабілеттерімен, зор дауыстарымен талай байқауда 1-орынды иеленді. «Дастархан» тобы да бес әже, бір ата болып, өз өнерлерімен, сұлу сымбаттарымен, ұлттық киімдерімен көрермендерді таңғалдырып, тамсандырып 2-орынды иеленіп қайттық.

 

Ханымкүл БЕСІНБАЕВА,

еңбек ардагері.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар