«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кітап құндылығы талқыланды

Кітап құндылығы талқыланды
Ашық дереккөз
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде «Кітап – білім бұлағы» атты кездесу кеші өтті. Алдымен кітаптың пайдасы туралы бейнеролик көрсетілді. Бұл кездесу колледждегі «Оқырмандар» клубының құрылғанына бір жыл толуына орай жүзеге асты.

Кездесуде «Жамбыл облысы Азаматтық альянсы заңды тұлғалар бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Исламбек Дастан аталған жобаның төңірегінде өз ойын ортаға салды. «Қазіргі уақытта адамдардың бос уақыты жоқ. Қарбаласып жүреді. Мен де кітаптан бас алмай оқимын деп айта алмаймын. Бірақ, оқиғасы қызықты кітаптарды бір деммен оқып тастайтыным бар. Мен көбінесе көркем туындыдан бөлек, танымдық, экономикалық тақырыптардағы кітаптарға да назар аударамын. Сонымен қатар, іс-шаралар өткізу арқылы да асыл құндылықты насихаттауға үлесімді қоса жүремін. Жас оқырмандар арасында «Ой-шебер» зияткерлік ойынын өткіздік. Оның жақсы жүлдесі бар. Жас оқырмандарды ынталандырады. Мәселен, оқыған кітабың туралы сұрақтарға жауап беріп, 500 мың теңге ақшалай сыйлық ұтып алсаң жақсы емес пе?», – деді. Мұнан соң облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің модераторы Ақерке Махамбеталы, жастар белсендісі Азамат Нәмелбек, Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мемлекеттік мекемесінің жастар ісі жөніндегі маманы Жалғас Қуанышбек, аталған колледж әдіскері Нұрзада Төлтайқызы өз ойларын ортаға салды. Жиын барысында студенттер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Ол сауалдарға қонақтар жан-жақты жауап беріп, шығармаларды кеңінен талдай түсті. Іс-шараны аталған колледждегі «Оқырмандар» клубының мүшесі Жансерік Амангелді жүргізді. Кездесу өзара талқылауға, пікірлерге толы болды. Ең бастысы, жастардың арасында кітапты белсене оқитындары аз емес екеніне көзіміз жетті. Кездесуді аталған колледж директорының орынбасары Ақбаян Шыңғысханқызы қорытындылап, белсенді азаматтарды марапаттады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар