«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күрескер жолы көпке үлгі

Күрескер жолы көпке үлгі
Ашық дереккөз
Биыл ел Президентінің бастамасымен адал еңбекті дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттау мақсатында жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны белгілі. Ел ішінде адал еңбек етіп, адал табыс тауып, өз арасында үлгі болып жүрген жандар жетерлік. Олар кәсіби шыңдалу жолында түрлі ізденістер мен талпыныстар арқылы өз мамандығының шебері болудың маңыздылығын танытып келеді. Себебі, халқымыз үшін елге сыйлы, құрметке лайық адамның бағасы қашанда адал еңбек пен маңдай тер екені анық.

Өз ісіне адалдық танытып, өмірлік кедергілерді маңдай тері арқылы еңсеріп жүрген жанның бірі – Мұхтар Нұрқасымов. Болаттай берік жігер мен мақсатқа жетуге деген ұмтылыстың жарқын үлгісіне айналған Мұхтар Жолдасбайұлы жастайынан техника тілін меңгеруге құмартқан. Автомобиль ісіне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі оны шебер автомеханик етіп қалыптастырды. Шарбақты ауылында дүниеге келген болашақ техник мектепті аяқтаған соң Ырғайты ауыл шаруашылық техникумына (қазіргі Ноғайбай ауыл шаруашылық колледжі) «ауыл шаруашылығы механизаторы» мамандығына оқуға түседі. Дипломын алып, Тараз қаласындағы Жамбыл авто-мото қызметінде тәжірибеден өтеді. Кейіннен Қордай филиалында жұмысқа орналасады. 1987 жылы өз еркімен әскери комиссариатқа барып, әскерге баруға өтініш білдіреді. Тағдырдың жазуымен ол Чернобыльге, қауіпті аймаққа жіберіледі. Ол жерде маңызды миссия атқарған Мұхтар Жолдасбайұлы әскери міндетін орындаумен қатар, өнерпаздығын да көрсетеді. Музыкалық мектепті бітіргендіктен, оны КСРО Қорғаныс министрлігі жанындағы эстрадалық-джаздық әскери оркестр құрамына қабылдайды. Оркестрдің басты міндеті – радиацияның әсеріне ұшыраған қызметкерлердің рухын көтеру болатын. Әскерден оралған соң денсаулығында ақаулар пайда болып, үшінші топтағы мүгедектік беріледі. Алайда диагноз оның өмірге деген құштарлығына әсер ете алмады.

– Әскерден соң сүйікті ісіме қайта оралып, Германияға тәжірибе алмасуға жіберу туралы өтініш білдірдім. Алдына қойған мақсатқа жету үшін көлігімді сатып, шетелге жол тарттым. Онда компьютерлік диагностика ісі бойынша 15 жылға жуық тәжірибе жинақтап, 2011 жылы туған жеріме оралдым. 2014 жылы кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы несие алып, жұмысымызды бастап кеттік. Бұл істе неміс достарымның көмегі орасан болды. Сол үшін оларға әлі күнге ризамын. Германияда жұмыс істеп, елге жиі келіп жүрдім. Онда жинақтаған тәжірибем маған үлкен көмек болды. Бізде барлық жағдай жасалған, санитарлық торап, тазалық сақталған. Станция кең әрі жарық. Германиядағыдай шеберхана ашуды армандадым. Қазір осы бағытта жұмысты жетілдірудеміз. Ең бастысы, сол жақтан алған тәжірибемді қолданудамын, – дейді Мұхтар Жолдасбайұлы.

Мұхтар Жолдасбайұлы жергілікті халық арасында «автомобиль дәрігері» атанған. Оның орталығы жеңіл көліктерді жөндеу және қызмет көрсетуге маманданған. Сол себепті көліктерін сеніп тапсыратын тұтынушылар оның орталығында кезекке тұрады. Оның кәсібилігі мен жауапкершілігі көптің сеніміне ие болып, шеберханасы жарнамасыз-ақ жұмыс істеп тұр. Бүгінде денсаулық мәселелеріне қарамастан, Мұхтар Жолдасбайұлы табанды еңбегімен отбасын қамтамасыз етіп келеді. Оның ұлдарының бірі Қ.Сәтбаев атындағы Алматы политехникалық университетінің «көлік технологиялары» мамандығын тәмамдап, бүгінде әкесінің станциясында тәжірибеден өтуде.

Мұхтар Нұрқасымовтың өмір жолы ауыр сынақтарға қарамастан табысқа жетудің мүмкін екенін көрсетеді. Автошеберхана оның ауруға берілмей, алға ұмтылғанын дәлелдейтін нышанға айналып отыр.

Көлік министрлігінің дерегі бойынша, елімізде 9,7 миллион жұмыспен қамтылған халықтың ішінде 772 мың адам көлік секторында еңбек етеді. Оның басым бөлігін теміржол және автомобиль көлігі, логистика және қоймалау қызметкерлері алады. Бұдан бөлек, логистикалық кешендер, азаматтық авиация және теңіз көлігі жиынтығында 22 мың жұмыс позициясын береді.

Жалпы, көлік саласында 118 жобаны іске асыру 2030 жылға қарай қосымша 75 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл жобалар 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда қарастырылған. Кадрларды даярлауға келетін болсақ, бүгінде 37 жоғары оқу орнында көлік саласындағы мамандықтар бойынша 19 мыңнан астам студент оқиды. Сондай-ақ 39 колледжде 15 мың студент білім алуда. Бұл бағытта биыл 770 білім беру гранты бөлінген.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар