
Айтар болсақ, соңғы жылдары елімізде газдандыру саласында көптеген ірі жобалар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың тұрмысын жақсартып, экологияны қорғау мақсатында бірқатар маңызды қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысындағы тапсырмасына сәйкес, өткен жылы 1700 километрден асатын газ құбыры салынып, 300 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген. Енді биыл республикада, Энергетика министрлігінің мәліметінше, елді мекендерді газдандыруға арналған 45 жоба іске асырылатын болады. Бұл мақсатқа 65,9 миллиард теңге бөлінген. Осы жобалардың нәтижесінде елдегі газдандыру деңгейі 62 пайызға жетіп, 12,4 миллионнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді.
Біздің облыста да елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылып келеді. 2024 жылдың соңғы айында Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев: «Газдандыру аясында облыста 12 жоба іске асырылуда, 3 елді мекен табиғи газбен қосымша қамтамасыз етіліп, газбен жабдықтау деңгейі 91,1 пайыздан 91,3 пайызға дейін жетті. Облыста «Еврохим-Қаратау» автоматты газ тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. «Еврохим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін газдандыру жалпы қуаты жылына 1 миллион тоннадан астам өнім шығаратын минералды тыңайтқыштар мен күкірт қышқылын шығаратын ірі өнеркәсіптік жобалардың бірін іске асыруға мүмкіндік береді», – дей отырып, бұдан бөлек 2024- 2025 жылдары 12,6 миллиард теңге бюджет қаражаты есебінен облыстың жалғыз газбен қамтылмаған жалғыз Мойынқұм ауданының елді мекендерін газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру басталғанын хабарлаған болатын.
– Облыста биыл 5 мыңнан астам тұрғын газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Айтар болсақ, бүгінгі күні өңірдегі елді мекендердің 78 пайызы газбен қамтылған, яғни, 371 елді мекеннің 288-і табиғи газға қосылған. Былтыр Қордай ауданының 3 ауылына газ жүргізіліп, облыс халқының газбен қамтылу деңгейі 91,3 пайызды құраса, биыл 9 ауылға табиғи газ кіргізіліп, тұрғындардың газбен қамтылу көрсеткішін 91,8 пайызға жеткізу көзделуде. Атап айтқанда, Сарысу ауданының 14 елді мекенін газбен қамту үшін «Еврохим-Қаратау» және Шу ауданының 18 елді мекенін газдандыру үшін «Шу» автоматты газ тарату станцияларының (АГТС) құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы құны – 41,9 миллиард теңге. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданының елді мекендерін газдандыру жобасы басталып, жоспардағы 9 ауылдың бастапқы үшеуіне (Айдарлы, Бірлік, Биназар) жалпы құны 18,5 миллиард теңгені құрайтын газ құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов.
Дамир Сейсенбекұлының айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша Мойынқұм ауданы ғана толық газдандырылмаған. Бастапқыда ауданның Айдарлы, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай сияқты 9 елді мекенін газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, 2023 жылы мамырда ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаға сәйкес, жеткізуші газ құбырларының болжамды ұзындығы 250,6 километр болса, қосылу нүктесі – құрылысы жүріп жатқан «Шу» автоматты газ тарқату станциясы.
Жобалардың ауқымдылығына байланысты, бірінші кезектегі 9 елді мекеннің жеткізуші газ құбырының құрылысы 7 кезеңге бөлінген. Атап айтқанда, бірінші кезеңде Шу ауданының Қонаев ауылында салынып жатқан автоматты газ тарқату станциясынан Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдарына газ құбырын жеткізу жұмыстары қолға алынуда. Аталған жобаның жалпы құны 18,5 миллиард теңгені құрайды. Екінші кезеңде Назарбеков, Көкжелек, Күшаман ауылдарына, ал үшінші кезеңде ары қарай Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай елді мекендеріне дейін газ құбырларын жеткізу міндеті тұр. Бұдан кейінгі қалған төрт кезеңде аталған елді мекендер мен аудан орталығы – Мойынқұм ауылына газ тарату желілерін жүргізу жұмыстары қолға алынбақ.
Жобаның бірінші кезеңін қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 2024 жылға 18,5 миллиард теңгеге өтінім беріліп, соған сәйкес құрылыс жұмыстарын бастау үшін 2,889 миллиард теңге бөлінген. Ол қаражат өткен жылы толықтай игеріліп, нәтижесінде 13 километр газбен жабдықтау желілері салынды. Жобаның мердігері – «Asia Caspian Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған нысан 2025 жылға өтпелі болғанын айта кеткен жөн. Енді биылға бюджеттен 11,1 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржыға 25 километр газбен жабдықтау желілерін с алу жо спарлануда. Ал, ауданның қалған 6 ауылын газдандыру жұмыстары 2007-2008 жылдары жүзеге аспақ. Мамандардың айтуынша, о сы жеткізуші газ құбырлары ауданның қалған елді мекендерін табиғи газбен қамту көзі болып табылады.
– Ауданды газдандыру бойынша жұмыстар өткен жылы қарашада басталды. Тоғыз елді мекен енгізілген жобаның бірінші кезеңі бойынша 68,5 километ р құбыр жүргізу қарастырылған болса, оның 13,6 километрі былтыр жүргізіліп, оған 2 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Биыл жыл соңына дейін 55 километр газ құбырын орнатып, оған бөлінген 16,5 миллиард теңгені игеру жоспарланған. Жалпы, Шу ауданындағы Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен, Мойынқұм ауданының Қылышбай ауылына дейінгі жеті кезеңге бөлінген газ құбырлары жобасының болжамды сметалық құны 35,7 миллиард теңгені құрайды, – дейді Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Еркін Зәуірбеков.
Жоғарыда айтып өткендей, былтыр қолға алынған, бірнеше маңызды кезеңді қамтитын ауқымды жоба жүйелі жүзеге асқан жағдайда, облыстағы жалғыз газбен қамтылмаған аудан – Мойынқұмның елді мекендері мен оның тұрғындары 2027-2028 жылдардан баст ап көгілдір отынға қол жеткізеді деген сенім бар.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік бюджеттің кірісі ұлғайды – ведомство
- 12 мамыр, 2025
Жамбыл облысында инвестиция көлемі 37,1 пайызға өсті
- 8 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді