«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Хакерден келетін қатер көп

Хакерден келетін қатер көп
Ашық дереккөз
Бүгінде қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, түрлі мекеме қорындағы мол қаражатты қас-қағым сәтте қолды ететін қылмыскерлер пайда болды. Нақтылай түссек, қазіргі таңда электронды ақша ұрлауды кәсіп етіп, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатын алаяқтардың қатары көбейген. Мұқият мән берсеңіздер, бір мемлекеттің өзге елден шекарасы шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару – сүт пісірім уақытқа жетпей-ақ жүзеге асуда. Бұл – қуатты компьютерлік байланыстың нәтижесі. Міне, киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиялар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөлге ие құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресу аса маңызды міндет екенін айтты. Бұл ретте ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатқанын жеткізді. Президент жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – алаяқтық әрекеттерге де арнайы тоқталды.

– Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі, алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Шын мәнінде, құзырлы органдар бұл күнде кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Мәселен, жуырда ғана өңірімізде алғаш рет тіркелген хакерлік шабуылға тосқауыл қойылды. Жамбылдық тәртіп сақшылары облыстық балалар ауруханасына хакерлік шабуыл жасаған 33 жастағы ер адамды құрықтап, арам ниетті азаматтың есепшоттан 350 миллион теңге қаражат ұрлағанын анықтаған.

«Бұл оқиғаға байланысты полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен бұрын сотталған 33 жастағы ер адам ұсталды. Ұрланған қаражат аурухана шоттарына қайтарылды. Қылмыстық істің материалдары қосымша тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді. Қылмыстық-процессуалдық Кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды»,–делінген хабарламада.

Жалпы, біздің елдің аумағында нақ осы сипаттағы қылмыс жиырма екі жыл бұрын тіркелді. 2003 жылы К. есімді азамат компьютерлік желі арқылы «Гол+Пас» букмекерлік кеңсесінен 3 миллион 500 мың теңгені оңай жымқырады. Кейінірек күдікті қолға түсіп, сот сараптамасынан соң ол 5 жылға сотталды. Дәл осы фактордан кейін өзге де қылмыстардың қылаң беруі – Ішкі істер министрлігінің құрылымында арнайы басқарманың оңаша отау құруына да ықпал етті. Ал дүниежүзіндегі ең бірінші компьютерлік қылмыскер – америкалық Кевин Митник. Екі жыл бұрын маусым айында бақиға аттанған ол 1994 жылы әлемдегі іздеуде жүрген он қылмыскердің «ең азулысы» атанды.

Естеріңізде болса, Ішкі істер министрлігі егемен елімізде республикамыздағы өте күрделі әрі ең ауыр компьютерлік қылмысты 2013 жылдың желтоқсан айында ашқан еді. Министрліктің арнайы басқармасының жедел қызметкерлері заңды тұлғалардың шотына банкке қашықтықтан қызмет жасайды деген желеумен «Троялық ат» деген арнайы бағдарлама арқылы ақша ұрлаған қылмыстық топтың жолын кесті. Алайда, «банк-клиент» жүйесі арқылы әртүрлі банктердегі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қаскөйлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алынып, қадағаланады. Арада көп уақыт өтпей белгілі бір ұлттық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші деңгейдегі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнеді. Осы тұста қылмыскерлердің қолына кісен салынып, нәтижесінде Қазақстандағы аса ірі компаниялардың шотынан ұрланған соманың көлемі 400 миллион теңгеден асқаны дәлелденді.

Бір анығы, суық қарусыз жасалатын мұндай қауіпті қылмыстардың жолын кесуге қазіргі таңда қазақстандық полицияның білімі де, білігі де жетеді. Бастысы, киберпол орталығының қызметкерлері ең соңғы үлгідегі жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның үстіне Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары он жылдан астам уақыт бұрын Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекітті. Мұнда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарға қатысты енгізілген жаңа тарау бар. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталып, жазаланары айдан анық.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар