«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнердің бағы жанған күн

Өнердің бағы жанған күн
Ашық дереккөз
Кеңес ауылы жылдан жылға жаңарып, жасарып келе жатқан үлгілі ауыл. Өткен жылдың қорытындысымен бұл елді мекен аудан бойынша «Үлгілі ауыл» атанған. Аталған ауыл алғаш болып Ұлы Жеңіске арналған іс-шараны бастап кетті. Ауыл тұрғындары ел басына күн туғанда Отан үшін от кешкен, бейбіт күнде еңбекке араласқан майдангерлерді ерекше құрметтейді. Солардың қатарында құрылысшы Жүнісхан Құрамысов, колхозшы Төлтай Байсейітов – ел қорғаған батырлар.

Былтырғы жылдың аяғында ғана пайдалануға берілген ауылдық клубта «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты ақындар кеші өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасым ашып, Ұлы Жеңістің маңызына, майдангер аталардың ерлігіне ерекше тоқталды.

Мұнан соң, аталған ауылдағы мектеп оқушылары Жания Шәкір мен Әділжан Ануарбек патриоттық жырларды оқыды. Әлихан Шәкірұлының майдангерлерге арнаған өлеңі де сәтті шықты. Іс-шараның мәнін байзақтық Дархан Әбдіманат пен тараздық Медеу Мырзатай қыздырды. Ақындар «Бұл ауыл еңбек десе таңнан тұрып, Ағалар бар балықты күшті аулайтын. Ешқашан ешкім сөгіс бермейтұғын, Жұмыс бар ешбір адам қысқармайтын» деп әзілдей отырып, «Жеңісті жақындатқан аталардың, бірнешеуі шығыпты осы ауылдан» деп тақырыпты аша білді. Ал Дидар Басықараев өзінің отты өлеңдерімен қарсыласынан басым түсті. Кеш барысында Дидар Болатбекұлы тартқан күйлерге де көпшілік ризашылықпен қол соқты. Тараздық Дидар Апбасов пен байзақтық Ернұр Бейсен, тараздық Мұқағали Балтабай мен жамбылдық Нұрлыбек Құрманов, байзақтық Төлеби Тәңірберген мен тараздық Динара Әбілқайырова арасындағы айтыстар да сәтті шықты. Айтыскерлер Ұлы Жеңіс, майдан тақырыбын көбірек жырлады. Айтыста айтылған жалынды шумақтар көпшілікті толқытты. Жалпы, іс-шара соңында ақын, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр сөз сөйлеп, жыр додасына өзінің пікірін білдіріп, ақындарға алғыс айтты. Жалпы, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Кеңес ауылдық округінің әкімі Самат Күсемісов ерекше үлес қосқанын, Әсет Дүйсебаевтің тамаша жүргізгенін айта кеткен жөн.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Дидар Басықараевқа берілсе, бірінші орын Дидар Апбасовқа бұйырды. Жүлделі екінші орынға Нұрлыбек Құрманов лайық деп танылса, үздіктер қатарын Медеу Мырзатай түйіндеді.

Жиын соңында қазылар алқасының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасым, танымал айтыскер Алтынкүл Қасымбекова мен жыр жүйрігі Ертай Тазабеков жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар