«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тариф бағаларының негізсіз өсуіне жол берілмейді

Тариф бағаларының негізсіз өсуіне жол берілмейді
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Үкіметке мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керектігін айтты. «Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда, тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды», – деді Президент маңызды құжатта.

Бүгінгі күні Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қарасты облыс бойынша департаментінің негізгі қызметі – табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеуге, табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылауға бағытталған. Аталған департаменттің басшысы Алмат Абдрайханның айтуынша, мамандар тарифтік саясаты, тұрақты түрде табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің тарифтері мен бағаларына негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізуде.

– Департамент облыс бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің Мемлекеттік тіркелімінің Жергілікті бөліміне енгізілген қызметтердің 60 түрін көрсететін 40 табиғи монополия субъектісін реттейтін орган. Мұның ішінде сумен жабдықтау қызметтері бойынша – 20, сарқынды суларды бұру – 10, табиғи газды тасымалдау – 1, суды арналар арқылы беру қызметтері бойынша – 2, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтері бойынша – 18, кірме теміржолдары қызметтері бойынша – 8 және электр энергиясын беру мен бөлу қызметтері бойынша 1 табиғи монополиялар субъектілері бар. Қазіргі уақытта департаментпен 6 өтінім қаралуда. Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары бекіткен кросс субсидиялаудан біртіндеп бас тарту жөніндегі жоспарға сәйкес, 2025-2029 жылдар аралығында сараланған тарифтен бас тартып, тұтынушы топтарына орташа бір тариф бекіту қарастырылуда. Облыс бойынша өткен жылы жоспарға сәйкес кросс-субсидиялаудан біртіндеп бас тарту, атап айтқанда, электрмен жабдықтау саласында – 23, жылумен жабдықтау саласында – 51, сумен жабдықтауда – 34, сарқынды суларды бұру саласында – 35 және тауарлық газбен жабдықтау саласында 18 пайызға орындалды, – дейді департамент басшысы.

Бұдан бөлек коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормалары да сақталуда. Айталық, тарифтерді қалыптастыру қағидаларының 247 тармағына сәйкес, сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифті саралау мақсатында тұтынушылар бірнеше топтарға бөлінеді. Атап айтсақ, халық санатына жататын жеке тұлғалар, жылу энергиясын өндіру процесінде өз мұқтаждарына суды тұтыну көлемі және ыстық сумен жабдықтау қызметтерін көрсету кезінде (ыстық сумен жабдықтаудың ашық жүйесі кезінде) үстемелеп толтыру көлемі шегінде жылу энергиясын өндірумен айналысатын ұйымдар, бекітілген нормативтік-техникалық ысыраптар көлемінің шегінде жылу энергиясын берумен және бөлумен айналысатын ұйымдар және сумен жабдықтау, су бұру саласында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар – бірінші топ. Ал өзге тұтынушылар – бірінші және үшінші топтардың құрамына кірмейтін заңды тұлғалар – екінші топ. Бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар – үшінші топ.

Жеке тұлғаларды ресурс үнемдеуге ынталандыру мақсатында бірінші топтың сумен жабдықтаудың реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифі тұтынушылардың төмендегідей санаттары бойынша сараланады. Яғни, 1-ші кіші топ – 1 адамға шаққанда айына 3 куб метрге дейін реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынатын халық санатына жататын жеке тұлғалар; 2-ші кіші топ – 1 адамға шаққанда айына 3 куб метрден астамнан 5 куб метрге дейін реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынатын халық санатына жататын жеке тұлғалар. 3-ші кіші топ – 1 адамға шаққанда айына 5 куб метрден астамнан 10 куб метрге дейін реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынатын халық санатына жататын жеке тұлғалар. Олар жылу энергиясын өндіру процесінде өз мұқтаждарына су тұтыну көлемі және ыстық сумен жабдықтау қызметтерін көрсету кезінде (ыстық сумен жабдықтаудың ашық жүйесі кезінде) үстемелеп толтыру көлемі шегінде жылу энергиясын өндірумен айналысатын ұйымдар, бекітілген нормативтік-техникалық ысыраптар көлемінің шегінде жылу энергиясын берумен және бөлумен айналысатын ұйымдар және сумен жабдықтау немесе су бұру саласында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар. 4-ші кіші топ – 1 адамға шаққанда айына 10 куб метрден астам реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынатын халық санатына жататын жеке тұлғалар және суды есепке алудың жеке аспаптары жоқ жеке тұлғалар.

Тарифтерді қалыптастыру қағидаларының 272-1 тармағына сай жалпы ауданның мөлшерін ескере отырып жылу энергиясын тұтынудың әлеуметтік лимиттерін белгілеу шеңберінде бірінші топ тұтынушылары, халық санатына жататын жеке тұлғалар үш кіші топқа бөлінеді: 1-ші кіші топ – халық санатына жататын жеке тұлғалар, жылытылатын аудан 100 шаршы метрге дейін; 2-ші кіші топ – халық санатына жататын жеке тұлғалар, жылытылатын аудан 100-ден астам және 200 шаршы метрге дейін; 3-ші кіші топ – халық санатына жататын жеке тұлғалар, жылытылатын аудан 200 шаршы метрден астам. Жоғарыдағының негізінде, департаментпен «Жамбыл Су» кәсіпорнының, «Таразэнергоорталық» АҚ және «Жаңатас су жылу» кәсіпорындарының тарифтері тұтынудың әлеуметтік нормаларымен бекітілген.

– «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында желілердің тозу көрсеткіштерінің 2030 жылға дейін кем дегенде 15 пайызға төмендеуі көзделген. 2024 жылдың 1 қаңтарына Жамбыл облысында тозу деңгейі бойынша қызыл аймаққа енгізілген 4 табиғи монополиялар субъектісі бар. Атап айтсақ, «Жамбыл электр жүйесі», «Таразтрансэнерго», «Жамбыл Су» және «Таразэнергоорталық». «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруға байланысты 3 табиғи монополиялар субъектісінің (Жамбыл электр жүйесі ЖШС, Жамбыл су, Таразтрансэнерго КМК) инвестициялық бағдарламасына ЖАО бірлесіп өзгерістер енгізілді. «Таразтрансэнерго» кәсіпорны 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жылу желілерінің тозуы 67,8 пайызды құрайды. Желі ұзындығы – 229 шақырым. 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 935 356,3 мың теңге. 2025 жылға бекітілген қосымша инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 858 509,5 мың теңге. Ал «Жамбыл Су» кәсіпорны 2024 жылғы 1 қаңтар бойынша тозу деңгейі 71 пайызды құрайды. Желілер ұзындығы – 784 шақырым. 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 469 075 мың теңге. 2024 жылы ЖАО «Жамбыл су» кәсіпорнының балансына су құбыры желілерін өткізіп, тозу деңгейі 71 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеді және қызыл аймақтан сары аймаққа ауыстырылды. 2025 жылға қосымша бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 266 766,1 мың теңгені құрады», – дейді Алмат Аблайханұлы.

Сондай-ақ, оның айтуынша, «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігінің 2024 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі құралдардың тозуы орта есеппен 79,04 пайызды құраған. Желі ұзындығы – 13 894 шақырым. Өткен жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 2 495 486,2 мың теңге. 2025 жылға 1,319 миллиард теңге сомасына инвестициялық бағдарламаға қосымша іс-шаралар бекітілген. Ал «Таразэнергоорталық» АҚ-ның 2024 жылғы 1 қаңтар бойынша тозу деңгейі 74,5 пайызды құраған. 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 106 707,6 мың теңге. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Таразэнергоорталық» АҚ қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған.

– Департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта 2024 жылы Жамбыл облысының жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 7 табиғи монополия субъектілеріне қатысты тексеру жүргізіліп, 5 заңбұзушылық анықталды. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 5 нұсқама енгізіліп, оның 3-уі толығымен орындалды, 2-і орындалу барысында. 2024 жылы департамент тарапынан 6 табиғи монополия субъектісіне қатысты 7 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, жалпы сомасы 8 196 240 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тарифке әсер ететін негізгі факторлар қатарына стратегиялық тауарлар құнының өсуі – көмір, мазут, дизель отыны, газ, электрэнергия және тағы басқа салаларда байқалған. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 27-тармағын орындау үшін Үкіметтің қаулысымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобаны әзірлеудің мақсаты – Халыққа коммуналдық қызметтерді сенімді әрі сапалы көрсетуді және ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. Күтілетін әлеуметтік әсер – авариялар деңгейін 20 пайызға төмендету, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін ел бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін төмендету. Ұлттық жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2029 жылдар аралығы. Жобаны іске асырудың жоспар-кестесіне сәйкес, облыс бойынша энергетикалық және коммуналдық секторлардың инфрақұрылымын жаңғырту және салуға тиісті қаржы қаралуда, – дейді департамент басшысы Алмат Абдрайхан.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар