«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП

ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП
ашық дереккөз
ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы – өңірдегі іргелі құрылымдардың бірі. Жұмысы сан-салалы болғандықтан, басқарма басшысы Мұхтар Төлеулиевтің 2014 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, бірқатар басқармалардың тізгінін ұстап отырған әріптестері, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, коммуналдық кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

Жиынды Б.Орынбеков ашып, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан салаға қатысты туындайтын міндеттерді қысқаша еске салды. Одан кейін М.Төлеулиев баяндама жасады. Басқарма электр, жылу энергетикасы нысандарын, жылу, жел стансаларын, газбен, сумен қамтамасыз ету нысандарын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына басшылық ететінін, былтырға бөлінген жылдық жоспар 10 052 миллион теңге болса, осы қаржының 10 031 миллион теңгесі игеріліп, 99,8 пайызды құрағанын атап көрсетті баяндамашы. Жылу, электр энергетикасы, отынмен қамтылу, газдандыру жұмысы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, есептегіш құралдарының орнатылуы және басқа да атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталған басқарма басшысы өткен жылды шығынмен аяқтаған кәсіпорындарды да атап өтті. Жіберілген кемшіліктер де айтылды. Баяндамашыдан кейін «Таразэнергоорталығы» акционерлік қоғамының президенті Мырзахан Бұрханов, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев және басқалар сөз алды. Олар электр энергиясын тарату және өңірдегі құрылыс нысанын қабылдап алу жөнінде өздерінің пікірлерімен бөлісті. Р.Байтелиевтің сөзіне қарағанда, Талас, Байзақ және Жуалы аудандарындағы ауыз су құрылысын қабылдап алу кезінде біршама қиындықтар орын алған. Мәселен М.Төлеулиевке құрылыс нысанын қабылдап алатын бір маман бөлсеңіздер деген ойын жеткізді. Ол иесі жоқ электр желілері мәселесін шешетін уақыттың жеткеніне де назар аударып, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқамасының биылдың жылдық жоспарына осы мәселені де енгізуді ұсынды. М.Төлеулиев иесіз қалған 56 шақырым электр желісін коммуналдық меншікке алу үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын, көпқабатты тұрғын үйлердегі электр қуаты жүретін желілердің жөнделу үстінде екенін айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков М.Төлеулиевтің есебін қорытындылай келе, негізгі атқарылған жұмысты баяндағанын атап көрсетті, бірқатар мәселелердің қамтылмай қалғанына да назар аударды. Баяндамада мемлекеттік әр бағдарлама бойынша жеке-жеке қамтылмағанын, мәселен, моноқалаларды дамыту бойынша кәріз жүйесі туралы атқарылып жатқаны жұмыстар айтылмағанын еске салды. Бұл мәселенің қатаң бақылауда болу қажет екенін айтқан Бекболат Серікбекұлы облыс орталығындағы «Бурыл» және «Арай» алқаптарындағы шешімін күткен бірқатар мәселелерді алға тартып, Тараз қаласындағы жылу жүйелерін жаңартудың жобалық-сметалық құжатын дайындауға қаржы аударуды шұғыл шешу қажет екенін тапсырды. Облысты газдандыру, жаңғырту қарқын алғанын еске салған ол Тараз қаласындағы газ қондырғыларын сыртқа шығару да кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Облыста басқарма тарапынан өңірде шешімін күткен басқа да мәселелерді алға тартып, оны шешуді М.Төлеулиевке жүктеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар