«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтік саланың әлеуеті сараланды

Әлеуметтік саланың әлеуеті сараланды
Ашық дереккөз
Кез келген елдің өркендеуі үшін рухани фактордың маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Ал, бұл саладағы жұмыстар мемлекетте идеологиялық саясат арқылы реттеліп отырады. Осы мақсатта облыс орталығында аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшылары мен үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктер қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиында мәдениет, жастар мен әлеуметтік салаға қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен жиында алдымен облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембекованың өңірдің қоғамдық-саяси жағдайы, идеологиялық және ақпараттық жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды. Облыстың қоғамдық-саяси ахуалы жауапты басқарманың жіті бақылауында екендігін атап өткен Құралай Әмреқұлқызы өңірде мемлекеттік саясатты ақпараттандыру жұмыстары да қарқынды түрде іске асып жатқандығын атап өтті.

– Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды ұдайы назарда ұстап, ақпараттық саясатты жүзеге асыру маңызды міндеттердің бірі. Өткен жылы Президенттің тапсырмасымен журналистердің мәртебесін арттыруға бағытталған Масс-Медиа туралы жаңа заң қабылданған болатын. Қазіргі заңға сәйкес, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыста бүгінгі күнде барлығы 81 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 45-і басылымдар, 3-і телеарна, 33-і ақпараттық агенттік. Қоғамдық сананы қалыптастырып, күнделікті жаңалықты халыққа жеткізуде барлық БАҚ-тың әлеуеті пайдаланылуда. Позитивті және сыни материалдарға мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік органдардың әрекет етуі үйлестірілуде, – деді Құралай Өскембекова.

Ал, өңірде ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру бағыты бойынша жүргізілген талдау нәтижелерімен таныстырған Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Алмат Садуақас ақпараттық жұмысты нәтижелі жүзеге асырған аймақтар мен бұл қатарда төмен көрсеткішке ие болған аудандарды атап өтті.

Облысымыз этностардың көптігі жөнінен елімізде екінші орын алатындығын ескерсек, өңірде тұрақтылықты қаматамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып қала беретіндігі түсінікті. Бүгінде 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған аймақта 38 өкілдік мен 41 этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. Олардың жұмысын жүйелеп, өзара ынтымақтастыққа бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығына баса мән берді.

Бұдан өзге биыл Президенттің бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» жарияланғанын атап өткен облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы алдағы жоспарларымен бөлісті. Айбек Амансейітұлының айтуынша, бекітілген жоспар аясында елдің әлеуметтік- экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және оларды насихаттау бойынша «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыптарында еңбек адамдарымен кездесулер, облысымыздағы музейлерде «Ер дәулеті – еңбек», «Еңбекпен ел көгерген» тақырыптары аясында көрмелер ұйымдастыру жоспарланған.

Әлеуметтік саланың сан-қырын қамтыған алқа жиынында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай өткен жылы облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар жемісті жұмыстар жүзеге асқандығын атап өтіп, биыл да өңірде республикаға белгілі тұлғалар мен жергілікті қаламгерлердің мерейтойларын атқару міндеттері тұрғандығын алға тартты. Айта кету қажет, биыл Ш.Уәлихановтың 190, А.Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойлары белгіленген. Бұдан өзге өңірде жергілікті қаламгерлер Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасеріковалардың 80 жылдық мерейтойларын атап өтіп міндеті тұр.

Өз сөзінде биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына бағытталған іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып қана қоймай, батырларымызға мерекеден тыс кезеңде де құрмет көрсетуді естен шығармау қажеттігін атап өткен облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, жиында Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Сауран Қалиев той мәдениетін қалыптастыру мен тарихи мұраны сақтау маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев аймақтағы діни ахуал турасында мәлімет берді.

Жиын соңында ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыру, қоғаммен кері байланысты жақсарту, жастар саясатын жандандыру жөнінде алға қойылған жоспарлар бойынша нақты міндеттер жүктелді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар