
– Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Тамақтану саласында халықпен де жұмыс істеу қиынның қиыны. Сол қиындықтарды отбасыммен еңсеріп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Осы кәсіппен айналысып жатқаныма жиырма жылдан асты. Қазір мейрамханада халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне сәйкес беташар, тұсау кесу, құдалық, мерейлі жас пен ас, еске алу кештері мен құдайы дастарқаны жайылады. Тапсырыс берушілердің талабынан шығып келеміз. Олар да біздің қызметімізге дән риза. Біз қандай қызмет көрсетсек те Алланың разылығы үшін істейміз, – дейді Раушан Өкімбайқызы.
Қарапайым отбасында дүниеге келген Раушан Өкімбайқызы мектеп бітірген соң өзі туып-өскен Жуалы ауданы, Қосбөлтек ауылындағы «Большевик» колхозында класс болып қалып, шаруашылық жұмысына араласады. Келесі жылында сол кездегі Жамбыл қаласындағы технологиялық институттың бухгалтерлік есеп бөліміне оқуға түседі. Оны тәмамдаған соң қаладағы «С.Т.О автосервист» мекемесінде кассир болып еңбек жолын бастап, одан кейінгі жылдары экономист болып еңбек етті.
– Менің бүгінгі күні жеткен жетістігім бірінші – Алланың, екінші – құдай қосқан қосағым, жұбайым Қадырхан Абдуллаевтың, үшінші – өз талабым мен еңбегімнің арқасы. Имандылық жолда жүргендіктен қайырымды істерден шет қалмай келемін. Ағам Сейдіғапар айтушы еді, «Сен кішкентай кезіңде Мекке Мәдинаға барамын деп. Сен сол арманыңа жеттің» деп. Мен сол арманыма жеттім. Алғаш жұбайыммен, кейін ұлдарым Ерлан, Еркебұлан және Елжанды алып бардым. Осы сапардың бірінен келгенде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге барып, Алланың разылығы үшін Тараз қаласында мешіт салғым келетінін айттым. Бірақ ол кісі халыққа пайдасы тиетін, Құран оқып, ас беретін, халыққа игі-ізгі амалы тиетін кәсіп ашуға кеңес берді. Бүгінгі жасап отырған амалымыз сол ниеттен туған кәсіп, – дейді кәсіпкер.
Қайырымды істерден шет қалмайтын ол туған ауылындағы ескі мешітті жөндеп беруге ниет қылады. Ондағы туған-туыстары ескі мектептің көне ғимаратын жөндегенше жаңа мешіт салуға кеңес береді. Раушан апайға бұл істе бірінші болып ұлы Еркебұлан қолдау көрсетеді. Одан кейін жұбайы көмектеседі. Сөйтіп, Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылында Раушан Өкімбайқызының бастамасымен еңселі мешіт салынып, ел игілігіне беріледі. Қазір мешітке келушілердің қарасы қалың. Айналасы жасыл желекке бөленген. Жалпы, кәсіпкер Тараз қаласындағы мешіттерге де, ауылдағы мешітке де көмектесіп тұрады екен.
Тараз қаласы
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Электр энергиясын ысырап етпеудің жолы қайсы?
- 26 сәуір, 2025
Жел стансаларының болашағы жарқын
- 24 сәуір, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді