«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кісілік құны немен өлшенеді?

Кісілік құны немен өлшенеді?
Ашық дереккөз
Өмірде барлық деректі және дерексіз зат есімнің өлшем бірлігі бар. Тіпті, ауа қабаты мен адам бойындағы қан қысымын да арнайы құрылғымен бақылауға болады. Ал, адамның қадір-қасиеті мен кісілік құны қандай өлшем бірлікпен өлшенеді? Қоғамдағы, белгілі ортадағы «салмағы» немен таразыланады?

Міне, дәл осы философиялық сауалдың жауабын о баста прозалық шығарманың прототипінен, яки төрттағанның (рубайлар) тармақтарынан кездестірсем, кейініректе баспасөз бетінде жарияланған бір ғана мақаладан таптым. Таңертең қоғамдық көлікте, я болмаса жол- жөнекей мінген таксиде алғаш тыңдаған әніңізді күні кешке дейін іштей күбірлеп, қайталап жүресіз ғой. Бұл жазба да тура солай жылдар бойы сана қатпарымда қатталып қалды.

Өмірлік мәні мен даналық дәні терең тамыр жайған «Кісілік және кісілік құны» атты мақаланы 2019 жылы ел газеті – «Egemen Qazaqstan»-нан оқыдым. Авторы – жамбылдық ақын, қазіргі таңда республикалық «Ana tili» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс.

«Кейде кімнің алдында құнымыздың түсіп кеткенін сезіне бермейміз. Ата-ананың, ағайын- бауырдың, дос-жаранның, қызметтестердің, тіпті қоңсы қоныс тепкен жандардың да алдында алуан күй кешеміз. Бірі салқын амандасқандай, бірі қабақ бермегендей, бірі көңіл үшін ғана бас изегендей көрінеді. Жолын бөгеген, өкпелеткен тұсым бар ма еді деп қарадай қапа боласыз. Оспадар қылық болмаса да, қиыстау жерде қылған рабайсыз іс, қолайсыз сөздің өзі кісі құнын төмендетіп тұрады.

Кейде қараптан қарап жүріп өзің тәуір көрген адамның бір әбес қылығына, бір әнтек, аңдаусыз айтқан сөзіне қарның ашып қалады. Не бір әділетсіз әрекетін көріп іш жиып қаласыз. Ал кейде болымсыз деген адамның өзінің болмайтын бір ұсақ-түйек шаруада ірілік көрсеткенін аңдап қалсаңыз, көңіл түкпірінде бір нәрсе жылт ете қалады. Жөн болған екен дейсіз. Кісі бойынан тым болмағанда бір жақсы қасиет ұшырасып қалуы керек қой дейсіз. Бірақ, бұл кездейсоқ жағдайда туған екіұдай сезім болымды кісіні қадірсіз, болымсыз деген кісіні бір демде қадірлі етіп жібермейтіні тағы бар. Өзіңіз үшін ғана ой түйіп қоясыз».

Жоғарыда айтылған оймақт ай ойлар қайсыбіріміздің де сыр-пернемізді шертпей қоймайтыны анық. Шынтуайтында, кейде ата- анамызға ішкі қарсылықтар барысында зекіп сөйлеген сөздер мен жұмыс барысындағы көзқарастардың әралуандығынан әріптестерімізге қарата айтылған ауыр пікірлер де көңілінде көзі бар адамды ертесіне «әттеген-ай» дегізеді. Мұны психологияда «Көңіл сырқаты» дейді. Дәл осы өмірлік ситуацияға қатысты қазақта «Кісінің кілті аспанда» немесе «Адам баласы сөйлескенше, жылқы баласы кісінескенше» деген сөз бар. Бұл ретте Бөлтірік шешеннің «Не сөйлейтініңді, кімге сөйлейтініңді, қалай сөйлейтініңді, қай жерде сөйлейтініңді біл» тәмсілін басшылыққа алсаң, ашу – дұшпан, ақыл – дос екенін жете ұғынасың. Осыдан бастап адам кемелдіке ұмтылып, көркем мінез қалыптасады. Ал адамның мінезі тура шахматтағыдай тағдыр комбинациясына тікелей әсер етеді.

Иә, бұл өмірде қайырылмайтын үш зат болса, соның бірі – сөз. Ал сол сөз бен іс, уәде мен үде қабыспаса да адам қадірін кетіреді. Дәл осыдан бастап үміт үдесінен шықпау, сенімге селкеу түсіру – адамның абыройын кетіреді, құнын қашырады. Міне, осыдан келіп қоғамда «қымбат сөз» бен «арзан адам» деген тіркесі пайда болған.

Кісі құны деген бар, кісілік құны деген бар. Жаугершілік заманда қазақ ердің құнын қараның санымен өлшеген. Мәселен, ер азаматты дақпыртына қарай жүз жылқыдан, мың қойға дейін бағалаған. Қазақтың әдет-ғұрып, салт- санасын насихаттайтын әйгілі «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырында «Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, орамалы тұрады бес жүз жорға» деп келетін тұсы бар. Сондағысы қазақ қызы сәлдесінің бағасын айтып, қарахан басының, ұлт үшін қыз баласының орны мен құны шексіздік екенін жеткізгісі келеді. Бұл – кісі құны.

Ал кісілік құны мал-мүлікпен, алтын-күміс, асыл таспен бағаланбайды. Кісілік құны қажет жерде орынды сөз тауып, қажет жерде қос тарапқа да оң шешімді төрелік танытып, қажет жерде толымды тірлік істеумен, қажет жерде танылған өлшеусіз ерлікпен өлшенсе керек. Сондай-ақ, кісілік құнының жоғары, я төмен болуы жас талғамайды. Мұндайда қазақтың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынова:

«Асау ғасыр іріні үгіп демің,

бастағанда сөнеді үміттерім.

Мен тілеймін: күңкіл мен ұсақтықтан,

Сақтағай деп қазақтың жігіттерін», – деп, інілерін ірілікке үгіттеп, ұсақ тірліктен бойды аулақ салуға шақырады.

Кісілік құнын арттыратын тағы бір қасиет ол – тұрақтылық. Ал адамның орнықты екенін бір мекемеде, бір жұмыс орнында табан аудармай ұзақ жылдар қызмет атқарып, меритократиялық жүйемен сатылап өсуінен-ақ байқауға болады. Өзі таңдаған мамандықтың бар машақатын мойымай игеріп, сол саланың үздігі болу да – тұрақтылықтың басты сипаты. Дәл осы өнегелі өмір иелерін насихаттауды мақсат тұтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Еңбек адамы» жылы деп тектен- тек бекітпесе керек.

Мұнда да Фариза ақынның ізін басқан айтулы қаламгер Оңайгүл Тұржан:

«Сары құмдар, көрсетесің бөлек бой,

Сені де әлі мазалай ма деректі ой?

Тау болам деп олай-бұлай көшесің,

Тау болуға тұрақтылық керек қой!», – деп, біз жеткізбек болған негізгі ойды төрт тармаққа сыйдырып жіберген-ді.

Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда дәл осы адам бойында тұрақтылықтың түбірі таптырмай тұрғандықтан, жоқ жерден байып кетемін деп, тайып кетіп, азартқа кіремін деп, азапқа кіріп, «отбасым» деп жүріп, от басып жатқан тағдырлар қаншама... Міне, осындай оспадар қылық орынсыз жерде опық жеп, шолақ кесіп, олақ ойлауға алып келеді. Соңы кісілік құнын төмендетеді.

Осы ретте адамның тұлғалық дамуына тікелей әсер ететін негізгі фактор бар. Ол – орта. Қызанақ қызанаққа қарап қызаратыны секілді, ұлық болмысты, кішік кейіпті азамат болып қалыптасуда айналадағы адамдардың маңызы зор. Кейде сол орта азаматтың алапат болмысын көп ішінде бүркіп қалуы мүмкін, яки қыңыр мінезінің тігісін жалпақ жұртқа көрсетпей жатқызып жіберуі де ғажап емес. «Жақсылығын асырып, жамандығын жасырып» деген осыдан қалған.

Қазақ әдебиетінде адам санасына сілкініс, көңіл толқынына бұлқыныс алып келетін шығармалар аз емес. Солардың бірегейі – жазушы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасы. Адамзаттық гуманизмнің қалыптасуына, прозадағы психологизм ағымын дәріптеуге күш салған қарымды қаламгердің туындысы ә дегенде-ақ қалың оқырманның ойынан шықты. Бұл повесте кейіпкер «Бейтаныс құрбымен» хат алысып, диалог құрып, ар-ождан, мақсат-мұрат жайлы толғанысын оқырманға жеткізгісі келеді. Автордың ойынша, өмірде не жақсы, не жаман екенін ұғынған адам, кісілік құнының бағамын өлшемдей алады.

Жалпы, өмірдің мәнін іздеген қазақ түптің түбінде айтар сөзі асыл дінімізбен астасып жатқан Абайдың философиялық шығармашылық мұрасына келіп бас тірейді. Абайдың «Толық адам» концепциясы шығыс пәлсапасына шырақ алып түсіп, кемелдікке ұмтылған адамға темірқазық бола алады.

Осыған қатысты жамбылдық жазушы, марқұм Несіпбек Дәутаевтың рухани досы болған жазушы Рахымжан Отарбаев «Көрген- баққан» естелігінде: «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп оқушы кезімде Абай өлеңін саудыратып оқып жатқанмын. Атам пеш түбінде қамшы өріп отырған. Құлағы түрік екен. Қайта оқытты. Сақалын сауып, ойланып қалды. «Бәлкім, мың емес, мұң болар? Мыңмен алысқаннан гөрі, мұңмен алысқан күштірек» деп қалсын. Анығын кім білсін?» дейді. Шынында, өзін-өзі танып, кісілік құнын төмендетпеуге, әрдайым абырой биігінде қалуды өмірлік миссия ретінде қабылдаған адам, жамандықтан бойын аулақ салып, психопатияға ұшырауы мүмкін. «Мұң» деген осы.

Қазақ әдебиетінің корифейі, шынның жүзі атанған Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» шығармасын он қайтара оқыдым. Ақылман Абай айтқан «бес асыл іс пен бес дұшпанды» көзбен көрген қоғамдағы құбылысты тамырдан тап басып айтады. Алатаудай жүгі бар алақандай кітапта Шер-ағаның үлкен бір күйініші жадымда сақталып қалыпты. Жазушы әттеген-айға толы шығармасында 1995 жылы даңқты батыр Бауыржан Момышұлының Кеңсайдағы ескерткіші тоналғанын, мыспен қапталған «шинелін» әлдекімдер шешіп әкеткенін үлкен күрсініспен жеткізеді. Сондағы Шер-ағаның айтпағы: «Адам адам болудан қалды. Мыс қымбат, адам арзан» деп қысқа қайырады.

Осыдан келіп таразы басына салғанда кісілік құнының өлшем бірлігі – аш қалсаң да өзгенің ала жібін аттамаумен, адам сыртынан ғайбат сөйлеп көпірмеумен, өзгенің шуағын өз көлеңкеңмен қалқаламаумен, бұлақ көзін бітемеумен, тіпті жаяу жүрсең де аттылы кісімен тең амандаса алуыңда болып тұр.

Түйіндеп келгенде, кісі өз қадірін өзі көтереді, өзі түсіреді. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы өскелең ұрпаққа ұсынған адамға қажетті «заманауи мінез»: «қазір орынсыз момын болуға да, орынсыз пысық болуға да, орынсыз ақылды болуға да болмайды».

 

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,

журналист.

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар