
Мектеп директоры Ақерке Батырбекқызының айтуынша, оқушылардың смартфонға деген тәуелділігін азайту мақсатында білім ошағында тәрбие сағаттары өткізіліп, әр сыныпқа ұялы байланыс құралдарын салатын арнайы қорапшалар орнатылған. Сонымен қатар, ауыл ардагерлерінің демеушілігімен мектеп ішіне үлкен шкаф қойылыпты.
– Қолданыстағы заңға сүйене отырып, мектеп әкімшілігі оқушылардың сабақ кезінде ұялы телефон қолдануын шектейді. Осыған орай, біздің мектебімізде оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, телефонға тәуелділікті азайту мақсатында бірқатар жаңашылдық енгізіліп жатыр. Жасыратыны жоқ, кейбір оқушылардың санасы телефондағы ойындар мен әлеуметтік желілерге байланып қалған. Алғашында оқушылардың сабаққа назарын аударту үшін арнайы контейнерлер қолдандық. Бұл әдіс тәжірибе жүзінде тиімді нәтиже бермеді. Сондықтан, біз жаңа жүйені енгізуді жөн көрдік. Білім беру үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін мектептің бірінші қабатында арнайы сөрелері бар шкаф орнату қолға алынды. Бұл бастамаға ауыл ардагерлері демеушілік танытып, жобаның жүзеге асуына атсалысты. Жаңа жүйе бойынша, әрбір оқушы сабақ басталған кезде телефонын арнайы шкафқа қояды. Әр ұяшықтың жеке кілті болады, ол бақылаушы ұстаздардың қарауында сақталады. Әр кілтке сынып нөмірі жазылған белгі ілінеді, бұл телефондарды дұрыс орналастыруға көмектеседі. Мектеп аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылау жүйесі толығымен жұмыс істейді. Жалпы саны 26 бақылау камерасы іске қосылған, бұл телефондардың сақталуын және оқушылардың тәртібін қадағалауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, бұл бастама телефонды толықтай шектеуді көздемейді, керісінше, оны тиімді пайдалануды үйретеді, – дейді Ақерке Батырбекқызы.
Рас, жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді, ата- бабаларымыздан қалған мұраларды олардың саналарына сіңіре білуіміз қажет. Бұл ретте бағдарламаның мазмұнын тереңдетіп, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тәрбиесін оқушылардың бойына сіңіруде ауыл ақсақалдарының еңбегі зор. Айталық, аталған елді мекендегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зүттула Райымбердиев, қоғамдық кеңес төрағасы Әлішер Абдуллин мен алқабилер алқасының төрағасы Мәдішер Абдуллиннің осынау жобаны дамытуға жан- жақты қолдау көрсетуде. Амангелді орта мектебінде домбыра үйірмесінен тегін сабақ беретін Әлішер Абдуллин білімге көңіл аудару мемлекет үшін бірінші орында тұруы тиіс деген пікірде.
– Жаңа бастама – біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, өзіміз де осы мектеп қабырғасында білім алып, тұлға ретінде қалыптастық. Бұрын бір қабатты болған мектебіміздің бүгінде кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқаны болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам деп білеміз. Әрине, қазіргі заман – технология дәуірі. Смартфондар, интернет, әлеуметтік желілер – бәрі де күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Өкінішке қарай, телефон мен ғаламтордың шектен тыс қолданылуы балалардың білім алуына, тұлғалық дамуына кедергі келтіріп отыр. Сабақ үстінде телефонға үңілу – білімсіздікке жетелейтін қауіпті дерт. Мұның орнына балаларымызды кітап оқуға бейімдеуіміз керек. Кітап оқу – адам санасын кеңейтетін, дүниетанымын тереңдететін ең құнды байлық көзі. Сондықтан, біз балаларымызды кітап оқуға баулуымыз керек, – дейді Әлішер Абдуллин.
Атап өтерлігі, білім ошағының қабырғасында балалардың біліктілігін арттыратын арнайы бұрыштар орнатылған. Сонымен қатар, әр аптаның дәйексөздері де мектеп қабырғасынан бой көрсетеді. Бұл нақыл сөздер әр апта сайын ауысып отырады. Ұстаздардың бастамасымен жүзеге асқан «Көңілді үзілістер» жобасының берері мол. Мұнда оқушылар бос уақытты тиімді пайдаланып, әр сала бойынша білімін одан әрі жетілдіруге ұмтылады. Бастысы, мұғалімдер білім берудің сапалылығына көп көңіл бөледі. Олардың қатарында педагог зерттеушілер, сарапшылар, модераторлар, магистрлер және жас мамандар балаларға білім береді. Сондай-ақ, «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт», «Балалар кітапханасы», «Smart bala», «Ұшқыр ой алаңы» жобалары жүзеге асырылып, білім сапасын арттыруға байланысты «Балақай», «Зерде», «Кемел» жобалары аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 2024- 2025 оқу жылында мектеп оқушылары түрлі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген. Озат шәкірттер ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық олимпиадаларда география, Қазақстан тарихы, математика, ағылшын тілі пәндерінен жеңімпаз атанса, «Зерде» ғылыми-зерттеу жобасы, «Алтын түлек» математикалық, ХVII президенттік, «Алтын сақа» математикалық және «Ақбота» зияткерлік олимпиадаларынан биік белестерді бағындырып келеді.
Есен ӨТЕУЛІ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қайыр сұрайтындар азаяр емес... неге?
- Бүгін, 02:04
Қалдықтардың 26 пайызы ғана қайта өңделген
- Бүгін, 01:50
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді