
Елімізде жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырым жол – республикалық және халықаралық маңызға ие болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызға ие. Сәйкесінше, бірінші жағдай бойынша нормативтік күйдегі жолдардың көлемі 91 пайызды құраса, екінші жағдайда 85 пайызға тең. Ал, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Былтыр өңірлік жол инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы көлемі 26,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 16,5 шақырым көше жолдары мен 1 көпірдің құрылысы, 3 шақырым жолдың қайта жаңғыртылуы және 690,4 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары жоспарланды. Оның ішінде 95,9 шақырым облыстық маңызы бар жолдар, 88,1 шақырым аудандық маңызы бар жолдар және 506,4 шақырым елді мекен көшелері қамтылған.
Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99 пайызға жеткен. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, бөлінген қаржы ішінде жалпы 2,3 миллиард теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар, елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталып, тиісті жұмыстар атқарылған. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар автожолдардың бойында үй жануарларының жолға шығу ықтималдығы жоғары орындарға 45 жануардың, мектеп алдындағы жаяу жүргінші жолақтарының алдына 39 оқушының макеттері орнатылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, үнемделген қаражат есебінен Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылында 1,2 шақырым жасанды жарық орнату жұмыстары жүргізілген. Басқарма басшысының сөзінше, биыл да Ұлттық инфрақұрылым жоспарына сәйкес өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ.
– «Бүгінгі күні облысымызда осы Ұлттық инфрақұрылым жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар жалғасын табуда. Осы уақытқа дейін жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 23,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 17,7 шақырым көше жолдарының құрылысы, 8 шақырымды қайта жаңғырту және 391,4 шақырым жолдарды орташа жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде 45,1 шақырым облыстық маңызы бар жолдар, 83 шақырым аудандық маңызы бар жолдар және 263,3 шақырым елді мекен көшелері қамтылатын болады. Барлығы 146 жол жөндеу жобасы іске асырылмақ. Олардың ішінде «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобасымен 24 жоба немесе 128,1 шақырым, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 49 жоба немесе 116,8 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 6 жоба немесе 20,3 шақырым автожол және 1 көпір құрылысы, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен 3 жоба немесе 5,4 шақырым автожол, жергілікті бюджеттерден 64 жоба немесе 146,5 шақырым автожол және 5 көпірдің құрылысы жоспарлануда, – дейді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.
Айта кету керек, бөлінген қаржылардың жалпы 3,4 миллиард теңгесі жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталмақ. Осылайша, биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесін 99,5 пайызға, ал көше жол желісін 89 пайызға дейін жеткізу көзделген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді