
Кішкентай Бауыржан Момышұлының есімін нағашы апасы Забира Алмасқызы қойыпты. Балаға жақсы есім қою сол перзентке де ерекше әсер ететін секілді. Бауыржан қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Ақ мирас» балабақшасына барып жүр. Бірнеше тақпақ, өлеңдерді жатқа айтып, сурет салуға да бейімін байқатуда. Бала болған соң, ойын барысында қазақ күресіне де икемді екенін аңғартып жүр. Нағашы апасы Забира Алмасқызы:
«Осы жиен немерем өмірге келгенде құдалар жағы есімін маған қойыңыз деп өтініш жасады. Күйеу баламның есімі Момыш болған соң, жиеннің есімін Бауыржан деп қойып едім, әйгілі батырдың атауымен де үйлесе кетті. Өмірі ұзақ болсын, үлкен атаның атын алған бала тегін болмас», – деді.
Бүлдіршін Бауыржан отбасында үш бауырдың ортаншысы. Ағасының есімі – Нұрбақыт. Нұрбақыттың есімін өз атасы Тұрархан қойыпты. Одан соң – Бауыржан, кішілерінің есімі – Ақжүрек. Қазір бір жастағы кіші баласының есімін Ақжүрек деп әкесі Момыш қойған. Байқап қарасаңыз, бұл әулет перзенттерінің есімін қою сәтіне жауапкершілікпен қарайды. Атасының есімі Тұрархан болуы да бекер емес. Әйтеуір бір есімді қоя салмай, мән береді. Мәселен, Нұрбақыт та, Ақжүрек те – Олимпиада жүлдегерлерінің есімі. Көрдіңіз бе, ерекше мән беретіні байқалады. Ал, тұрмыстық техникаларды жөндеу шебері болып еңбек ететін Момыш Тұрархан:
«Отбасымызда Жаратушы нәсіп еткен кішкентай перзенттер өсіп-өніп жатыр. Алғашқыларының есімдерін өз атасы мен нағашы апасы қойды. Үшінші перзентте маған кезек келді. Асыл жарым Таңшолпан екеуміз осы балалардың тәрбиесіне ерекше мән береміз. Кішкентай кезінде бала барлық нәрсеге ұмтыла береді ғой. Әйгілі батырдың есімін иеленген Бауыржанның жолы болып, елдің танымал азаматына айнала берсін. Әзірге ойын баласы, қаперінде ештеңе жоқ. Асыр салып ойнап жүр», – дейді.
Бауыржан – Тараз қаласындағы мыңдаған бүлдіршіннің бірі. Өзіне сондай жақсы есім қойылып, салмақ артылғанын әзірге сезіне қоймағаны анық. Дегенмен, тағдырдың қалауымен әйгілі батырға есімі де, тегі де үйлескен кішкентай Бауыржан Момышұлына болашағы жарқын, нұрлы, нәсіпке толы болғай дейміз.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Жас патриоттар академиясы құрылды
- 24 сәуір, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді