
Нұрболат қиын да күрделі зерттеу бағытын таңдаған екен. Болашақта ғылым жолына түсуге де ниеті бар. Әзірге осынау маңызды жолға басқан қадамын даңқты жерлесіміз, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза атасын зерттеуден бастаған. Биыл ол облыстық ғылыми жобалар байқауында «Шерхан Мұртазаның шығармашылығының зерттелу жайы» тақырыбында жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алып отыр. Былтыр өткен «Шерхан оқулары» байқауында да жазушы шығармаларын зерттеу бағыты бойынша бас жүлдені иеленген. Бұл жеңістің барлығы оңай келе салған жоқ.
Ол үшін, әрине, жазушының «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» романдарын және «Бір кем дүние...» кітаптарын оқып шыққан. Онымен шектелмей, Шер-аға жайлы жазылған еңбектерге де қызығушылығы артқан. Осылайша, Әділ Дүйсенбектің «Менің Шер-ағам», Сайлаубек Жұмабектің «Жұлдызы нұрлы суреткер», Тұрлыбек Мәмесейіттің «Шерхан Мұртаза» өмірбаяндық кітаптарын оқып шыққан.
Былтырдан бері Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаракөз Тамабековамен де үнемі байланысын үзген емес. Ал, аталған мектеп-гимназияның директоры Салтанат Төлеу: «Біздің білім ошағында талантты балалар өте көп. Соның ішінде Нұрболат Қалыбекұлының талабы таудай. Ғылымди зерттеу жұмысына әбден ниеті ауған. Ұлт мақтанышы, дара тұлға Шерхан Мұртазаны жан-жақты зерттеп жүр. Әйгілі жазушыға қатысты деректер бойынша барлық орталық, архив, мұражайлардың және қаламгердің ағайын-туыстарының, әріптестерінің бәріне барып мәлімет жинады. Біз талантты оқушымызды қолдап отырмыз. Анасы – Шолпан Сыздықова біздің мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Жетекші ретінде үнемі қасында. Оның өзі Нұрболатқа күш беретіні анық. Біз оқушымыздың қадамына әрқашан сәттілік тілейміз», – деді.
Біз жеңімпаз оқушының анасы әрі зерттеу жұмыстарындағы жетекшісі Шолпан Сыздықованы да сөзге тарттық. Ол:
«Көз алдымдағы оқушыларымның ішінде де, үйдегі балаларымның арасында да Нұрболат ерекше. Бала күнінен ойыннан гөрі кітапқа жақын жүрген бала. Әкесі Қалыбек Қойшыбек жиырма жыл құқық қорғау саласында қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Отбасымызда бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлеміз. Нұрболаттың Халық жазушысы Шерхан Мұртаза секілді дара тұлғаны зерттеп жүргеніне қуанамын. Шәкіртіммен бірге жазушының әр кітабын, бірнеше шығармасын талдап отырамыз. Республикалық кезеңде де өңір намысын абыройлы қорғауға күш саламыз», – деді.
Нұрболат Қойшыбек шынында да ерекше бала. Ойының бәрі – зерттеу жұмысында. Сол жолда аянып қалар ештеңесі жоқ. Жақында Шерхан Мұртазаның туып-өскен мекені Жуалы ауданы, Талапты ауылына барып, жазушының әдеби мемориалды үйінен де біршама мәліметтер жинақтап қайтты. Сол жерге бас-көз болып жүрген жазушының немере інісі Әлижан Мұртазамен әңгімелесті. Ол туралы Нұрболат Қалыбекұлы:
«Халық жазушысының ауылында болу, ол кісі ұстаған заттарды көру, ол кісі отырған орындыққа отыру – ерекше сәт. Ол сәттің әсері бөлек. Әлижан Батырханұлы да жазушы, ұлт мақтанышы жайлы біраз деректер айтты, батасын берді. Талаптыдан таудай күш-жігер жинап қайттым. Алда республикалық ғылыми жоба жарысы. Менің тақырыбым – «Шерхан Мұртаза шығармашылығының зерттелу жайы». Бұйырса, барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Қасиетті Әулиеата топырағына жақсы жүлдемен оралсам деп, талмай ізденіс үстіндемін», – деді.
Біз де Нұрболаттың таудай талабын байқап, алдағы маңызды жарыста бас жүлде алуын тіледік. Жұдырықтай жүрегіне Шерхан Мұртаза атасына деген құрметті сыйдырған жас таланттың алғашқы қадамы қуантты.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді