«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қосымша құн салығынан түскен табыс бизнесті қолдауға жұмсалады

Қосымша құн салығынан түскен табыс бизнесті қолдауға жұмсалады
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында елімізде жаңа Салық кодексін әзірлеу керектігін айтқан болатын. Жақында ел Президентінің бизнес өкілдерімен кездесуінде де бұл бағыттағы жұмыстар сараланды. Кездесуде қазіргі заманның басты мәселелерін шешу жолында еліміз жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басқанын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды.

– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені, қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс, – деді ел Президенті.

Президент тапсырмасына сәйкес, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде іске асыру үшін бүгінде өңірлерде жергілікті атқарушы орган басшылары, бизнес өкілдері мен депутаттармен кездесу өткізілуде. Осы мақсатта облысымызға жұмыс сапарымен келген Ұлттық экономика вице- министрі Бауыржан Құдайбергенов өңір кәсіпкерлері және халық қалаулыларымен кездесіп, ұсыныс- пікірлерді тыңдады.

Ең алдымен соңғы жылдары табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың көптеп орын алуы себебінен кейінгі екі- үш жыл көлемінде жергілікті және республикалық бюджетте бюджет тапшылығы орын алып отырғанын атап өткен вице- министр дәл қазіргі кезеңде бұл мәселені шешу басты назарда қала беретіндігін жеткізді. Сол себепті де Мемлекет басшысының 20 пайызға дейінгі қо сымша құн салығының мөлшерлемесін белгілеу тапсырмасына сәйкес 16 пайыздық меже ұсынылған болатын. Алайда, бұл бизнестің барлық бағыттарына ортақ емес. Құн салығының ең алдымен бизнес пен қарапайым халыққа салмақ салатындығын ескерген жауапты министрлік тарапынан бірқатар оңтайлы ұсыныстар да бар.

– Өздеріңізге белгілі, қосымша құн салығы мөлшерлеме сінің көтерілуі бизнеске ауыртпашылық тудырмай қоймайды. Мөлшерлеме көп болған кезде бухгалтерлік есеп күрделене түседі, декларация жасау қиындайды. Сол себепті де біз 16, 10 және 0 пайыздық мөлшерлемелерді ұсынып отырмыз. 10 пайыздық мөлшерлеме ел Президентінің сараланған мөлшерлемені енгізу тапсырмасына сәйкес әзірленді. Бұл бойынша бірқатар қызмет түрлеріне 10 пайыздық аралық мөлшерлеме енгізіледі. Аталған бағытта әзірше денсаулық саласын енгізуді ұсынып отырмыз, өзге де салалар өңірлерден жинақталған ұсыныстар негізінде қарастырылады. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары қосымша құн салығын төлемегенімен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін заңды тұлғалар құн салығының 30 пайызын төлеуге міндетті. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешенді қосымша құн салығынан толық босатуды ұсынып отырмыз, – деді Бауыржан Әлібекұлы.

Сонымен қатар, жиында бизнес өкілдерін алаңдатып отырған вице- министр қосымша құн салығы шегінің төмендеуіне қатысты да пікір білдірді. Айта кету керек, бүгінде құн салығының тіркеу шегі – 20 мың айлық есептік көрсеткіш. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 80 миллион теңгені құрап отыр. Яғни, кәсіпкерлік субъектісі қосымша құн салығын төлеу үшін ең төменгі айналымы осы межеде болуы керек. Тиісінше, бұл шекті 15 миллионға төмендету жоспарланған.

– Бүгінгі күні елімізде 2 миллион 100 мың бизнес субъектісі бар. Оның басым бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі. Яғни, 300-ге жуық ірі кәсіпорындар болса, орта бизнес мөлшері де осы шамалас, ал өзгесі шағын бизнес. Осының ішінде жалпы бизнес субъектісінің тек 4 пайызы ғана, яғни, 80 мыңға жуығы ғана қосымша құн салығын төлейді. Егер біз тіркеу шегін 15 миллионға дейін төмендететін болсақ, қосымша құн салығын төлейтіндер саны 300 мыңға дейін көтеріледі. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дамушы және дамыған елдерде тіркеу шегі еліміздегі межеден төмен, кейбірінде 0-ге тең. Көршілес елдерде де осы шамада, – деді вице-министр.

Тіркеу шегінің төмендетілуі бизнес өкілдері арасында да түрлі пікір қалыптастырып отыр. Өйткені, салықтан жалтарғандар бизнесін қолдан бөлшектеп, кәсіпкерлер тауар мен қызметтің бағасын қолдан көтереді деген де қауіп жоқ емес. Ашық талқылауда осы тәуекелді еске салған «Әулиеата Феникс» кәсіпорынының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова тіркеу шегін төмендету туралы ұсынысты алып тастау қажеттігін жеткізді.

– Ел Президенті бизнес өкілдерімен кездесуінде қосымша құн салығының мөлшерлемесін 20 пайыздан төмен етіп белгілей отырып, сараланған қосымша құн салығын енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы жеңілдіктер бойынша жұмыс істейтіні және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің аталған салықтан босатылатыны жайлы ұсыныстарды қолдаймыз. Бұл ұсыныстар облыстағы 25 мың шаруа мен фермер қожалықтарына әсер етіп, картоп, қызанақ, пияз секілді өнімдерді бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. Алайда, біз қо сымша құн салығының 80 миллионнан 15 миллионға төмендетіліуі туралы ұсынысты алып тастау қажет деп ойлаймыз. Бұл бизнес субъектілерінің ұсақталып, көлеңекелі бизнеске жол ашады деп санаймыз, – деді Фарида Амансарықызы.

Жиында бұдан өзге кәсіпкерлер тарапынан орта кәсіпкерліктегі жұмысшылардың жылдық орташа санын 250 адамнан 1000 адамға дейін арттыру, жылдық жиынтық табысты 10 миллион айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру, қосымша құн салығы көтерілген жағдайда елде өндірілетін ауыл шаруашылығы т ауарларының импортына да қосымша құн салығын арттыру секілді ұсыныстар да айтылды.

Айтылған ұсыныстың ескерілетінін атап өткен вице- министр Бауыржан Құдайбергенов бюджет тапшылығын жоюды тек нақты сектор ғана жүзеге асыратынын еске салып, салықтан түскен табысқа бизнесті қолдауға бағытталған шаралар да кешенді түрде жалғасын табатындығын айтты. Атап айтқанда, жыл сайын бизне сті кепілдендіруді 500 миллиард теңгеге дейін арттыру, Даму қоры арқылы шағын және бизнесті қаржыландыруды екі есе ұлғайту (шамамен 500 миллиард), ауыл шаруашылығын қаржыландыруыды 700 миллиардқа жеткізу көзделген.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар