
Жастардың қоғамдағы орны мен болашағы туралы ой қозғап, оларды тәрбие арқылы оң бағытқа тәрбиелеу мәселелерін талқылаған маңызды алаң болып табылатын жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, жамбылдық жалынды жастарға ізгі тілегін арнады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы жастардың қолында дей отырып, өз сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал, оқушылар мектеп бітіргенде ең алдымен адал азамат болып шығуы керек деген болатын. Бүгінгі таңда еліміздің жастары заман талабына сай жасампаз әрі рухты. Әсіресе, жастарды шындыққа тәрбиелеп, туған жеріне мейлінше қызмет етуге баулу басты назарда болуы тиіс. Тәрбиелі жастардың қоғам алдындағы маңызы орасан зор. Себебі, жастар бір-біріне қарап бой түзеп, қоғамға өздерін бейімдеуі қажет. Бүгінде облыста 355 мыңнан астам жастарымыз бар. Олар облыс халқының 29 пайызын құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысымен 25400 жас жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тартылса, жыл басынан бері 1670 жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 224 жас маманға тұрғын үй сатып немесе салуға 4,8 миллиард теңге бюджеттік несие берілсе, 487 жас маманға 180 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. «Ауыл аманаты» жобасына 582 жас қатысып, олардың жеке кәсіпкерлігін дамытуға 2,5 пайызбен жалпы 3,7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Ал, «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасымен 140 жас баспанамен қамтылды. Бұлардың барлығы мемлекеттің жастарға деген қолдауы болып табылады. Адал еңбек етіп, табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Әр салада адалдық басты орында болса, тәрбие орнайтыны сөзсіз. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің барлығы адалдықтан, тәрбиеден бастау алады. Ендеше, әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір жас адал азамат болуға ұмтылуы қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Облыс әкімі биыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғанын айта келе, осы бағытта өңірде еңбек адамының беделі мен еңбек жолын дәріптеу мақсатында бірқатар шаралар мен жобалар жүзеге асырылып жатқанына, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы екеніне және ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа институттарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Форумда сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықов Парламент қабырғасында еліміздің білім-ғылым саласына, жалпы қоғамдағы келеңсіздіктер мен түрлі болып жатқан оқиғаларға және олардың алдын алуға қатысты көптеген заңдардың, соның ішінде ата-ана мен бала құқығын қорғау туралы заң қабылданғанын айтса, облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев өз сөзінде жастарға құқық бұзушылықтың зардабы ауыр болатынын ескертіп, жаман әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Жастар форумына арнайы шақырылған спикерлер – белгілі спортшы, Парламент Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты, ережесіз жекпе-жектен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ардақ Назаров, танымал журналист-блогер Өркен Кенжебек, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүше сі Абай Қалшабек және белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы сөйлеп, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» қағидатын ұстана отырып, жастар тәрбиесін күшейту, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын нығайтып, жалпы отбасы құндылықтарын арттыру, жастарды жаман әдеттерден, соның ішінде құқық бұзушылық әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелеу жайында кеңінен әңгімеледі.
Жиын соңында қазақ өнеріндегі театр және кино әлемінің бір топ тарландарының қатысуымен «Алаш» қазақ зиялыларының театрлық көрінісі көрсетіліп, ұлттық дәстүрді ұлықтап жүрген «Алашұлы» тобының орындауында «Батырлар ұраны», «Атамекен» әндері шырқалды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді