«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Ашық дереккөз
Жамбыл облысында партияның «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Шараға «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Анар Бексұлтанова, Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек мобильділігі орталығының директоры мамандары, Тараз қалалық мәслихатының депутаттары мен жұмыс беруші мекемелер қатысты. Жәрмеңке барысында өңірдің 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтары жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік.

Іс-шараның ашылу салтанатында партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов жәрмеңкенің басты мақсаты жұмыссыз жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды, нәтижелі жұмыспен қамту екенін жеткізді.

– Ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың өмір сапасын арттыру, кедергісіз орта қалыптастыру «AMANAT» партиясының басты  назарында.  Халықтың ең мұқтаж топтарына қолдау көрсету партияның сайлауалды бағдарламасында нақты белгіленген. Сондықтан жұмыс орындары жәрмеңкесі  партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды атап айтты.

Міне, бүгінгі іс-шара жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді біріктіріп, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға лайықты жұмыс табуға көмектеседі деген ойдамыз. Бұл дәстүрлі шара. Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп жатқан жәрмеңке өз тиімділігін көрсетуде, – деді Дауыл Бейсенқұлов. 

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеп келген тұрғындар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өздеріне ыңғайлы жұмыстар қарастырды. Араларында тұрақты жұмысқа орналасқандар да бар. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Назира Ақылова жәрмеңке арқылы тұрақты жұмысқа орналасты.

– Көзім нашар көреді. Бірақ, қолымнан іс тігу келеді. Осыған дейін, бірнеше мекемеге барып, жұмысқа орналаса алмап едім. Десе де бүгін жолым болды. Себебі, облыстық мәслихаттың депутаты Анар Бексұлтанова басқаратын «Жасау Тараз»  серіктестігіне жұмысқа орналасатын болдым. Алдағы уақытта аталған мекемеде тігінші ретінде тұрақты жұмыс жасайтын боламын, – дейді Нәзира Ақылова.

Жалпы, 40 мекеме қатысып 131 бос жұмыс орындарын ұсынған жәрмеңкеде 20-ға жуық азамат жұмысқа орналасты. Олардың қатарында қайтарымсыз грантқа ниет білдірген азаматтар да бар.

Айта кетейік, өткен жылы Жамбыл облысында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 35 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Осы арқылы ерекше қажеттіліктері бар 96 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, 63 азамат уақытша жұмысқа орналасты. Ал, биыл жыл соңына дейін жоба аясында 50 бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру арқылы 3000 мың адамды қамту жоспарда. 

 

Ұқсас жаңалықтар