
Экономиканы әртараптандыру елімізде жүргізілген экономикалық реформалардың заңды жалғасы. Бұл дегеніміз қара алтын саналатын мұнайға деген тәуелділікті шектеу, мұнай секторынан тыс экономика жасақтау, жалпы әр бағытта даму. Осы мақсатта бірнеше салаға инвестиция тартудың маңызы өте зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп» дей келе, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Алдағы 5 жылдағы Үкімет жұмысының басты бағыты – экономиканы әртараптандыру болып табылады. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 1,3 триллион теңгені құрайтын 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде осы саладағы соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш – өсім 6 пайызға жуықтады. Президент осы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалуды тапсырды.
БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан экономикаға инвестиция тарту көрсеткіші бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген.
Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылғаны, соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылғаны, алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту болып табылатындығы айтылды.
Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кететінін, Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керектігін, мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отырғанын Президент ашық айтты.
Сондықтан, Үкіметке инвестиция саласындағы жұмысты күшейтіп, сапалы инвестиция тарту, озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды ұсынатын шетел инвесторларымен жұмыс жүргізу тапсырылды. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылған. Бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем. Ішкі жалпы өнім көлемінің небәрі 8 пайызын құрайтын даму бюджеті есебінен инвестициялық жобаларды өтеу тек қысқа мерзімдік нәтиже беретіндігі айтылып, сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастыру тапсырылды. Мұндай саясат Президенттің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегиясына толық сай келеді.
Мемлекет басшысы «Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті», деді.
Президент атап айтқандай, қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан, мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Осы орайда, Мемлекет басшысының ұстанымын қоғамның түсініп, қолдауы аса маңызды.
Біздің өңірімізде 2025-2028 жылдары құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы барлығы 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. 2024 жылы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды.
Мемлекет басшысының Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдеріне іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдау жөніндегі берген тапсырмасының, экономикаға инвестиция тарту мәселесін басты орынға қоюының стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, экономиканың дамуына байланысты.
Әлем Қазақстанды «орта держава» ретінде таниды. Экономиканың дамуы – елдің дамуы, әлем елдерімен тең дәрежеде болуға мүмкіндік береді. Сондықтан, экономиканы әртараптандыру, экономикалық реформаларды жүзеге асыру ел дамуының негізгі қозғаушы күші болары сөзсіз.
Жангелді ОМАРОВ,
облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
«Asar Baspana» қаржы пирамидасының құрығына 86 мың адам ілінген
- 13 наурыз, 2025
Жоба аясында жаңа цех ашқан
- 13 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді