
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, биыл мал қыстауларында облыс көлемінде барлық санаттағы шаруашылықтарда 429,4 мың мүйізді ірі қара, 3017,8 мың ұсақ мал, 173,9 мың жылқы, 7,8 мың бас түйе қыстатылуда.
– Өткен жыл жалпы ауыл шаруашылығы үшін қолайлы жыл болды. Мал азығына қажетті шабындықтарда табиғи шөп мол болып, мал азығын дайындау науқаны жақсы өтті. Қыс мезгіліне дайындық шаралары барысында 303 мың гектар егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен 3,2 миллион тонна пішен, 486,9 мың тонна сабан, 99,1 мың тонна пішендеме, 88,1 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұл мал азықтары негізгі жоспарда белгіленген межеден асыра орындалды. Ал, қыстауға түскен мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға дәнді дақылдар балансына сәйкес аудандарда мал азығына дәндік жүгеріні есептегенде 360,2 мың тонна дәнді дақылдар бөлінді. Бұдан бөлек, облыс бойынша қосымша 1,2 мың тонна пішен дайындау жоспарланып, нақты 1,7 мың тонна пішен жинақталып, жоспар 138,2 пайызға орындалды. 2024-2025 жылғы қысқа түскен әрбір шартты малға 12 центнер азық бірлігі дайындалды, өткен жылы бұл көрсеткіш 9 центнерді құраған болатын. Дайындалған шөптің негізгі бөлігі қыстау орындарына тасымалданып жеткізілген, – дейді Төлебек Құлекеев.
Жалпы, облыста 5862 қыстату бар болса, оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үйі, 2184 қашарлар, 936 баз толық жөндеуден өтіп, қыс мезгіліне алдын ала дайындалыпты. Мал қыстатуға дайындық шараларына сәйкес мал азығын сатып алу, жұмысшыларға жалақы төлеу, жем дайындауға арналған құрал- жабдықтарды жаңарту және басқа да маңызды маусымдық жұмыстарды орындау үшін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы арқылы шаруаларға өткен жылы 5,3 миллиард теңге субсидия төленген.
– Қыстау барысында қауіпті індеттердің алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және диагностикалық зерттеулер жасау өз деңгейінде жүргізілуде. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің басшылығында мал қыстауын өткізу бойынша жедел штабтар құрылған. Құрылған штаб қыстау барысында туындауы мүмкін болған мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервтерінен, мысалы техникасынан басқа да ресурстарынан ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Облыстағы барлық санаттағы агроқұрылымдарда қыс мезгіліне 1347 трактор, 758 автомашина дайындалды. Бұдан бөлек, аудан әкімдіктеріне арнайы техникасы бар ірі кәсіпорындармен қажетті жағдайда техника бөлу туралы меморандумдар қабылданды. Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде мал шаруашылығындағы ең маңызды науқан өтуде, науқанның шығынсыз өтуі алдағы мол өнімнің кепілі. Сондықтан, мал қыстауын сәтті өткізу үшін барлық кешенді шаралар атқарылуда, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
«Asar Baspana» қаржы пирамидасының құрығына 86 мың адам ілінген
- 13 наурыз, 2025
Жоба аясында жаңа цех ашқан
- 13 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді