
Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, өткен жылы 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілген. Оның 9-ы қолданысқа беріліп, биыл қалған 6 спорт нысанын ел игілігіне беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда 103 спорт алаңшасы ел игілігіне берілсе, демеушілердің қолдауымен 3 ауылдық елді мекенде спорт кешені ашылған.
– Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен Amanat партиясының облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес өткен жылы балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубы Жамбыл, Жуалы және Меркі аудандарында ашылуы керек болған. Жыл қорытындысымен Жамбыл мен Меркі ауданында аталған мекеме ашылып, жұмыстарын бастап кетсе, Жуалы ауданында ашылмай, меже орындалған жоқ. Сонымен қатар, 2025 жылы Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарында балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубын ашу жоспарланған. Осыған орай, жоғарыда аталған аудан әкімдері клубты ашу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, облысқа берілген межені орындауға қолдау көрсетуі қажет. Спорт саласының дамуы мен жағдайының жақсаруы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты. Бүгінгі күнге облыс бойынша 2353 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Биыл жаңадан 8 спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Осындай игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 68,3 пайызды құрады. Қазақстан Ұлттық құрама командаларының мүшелері саналатын спортшылар мен жаттықтырушыларға облыс әкімінің қаулысына сәйкес ай сайын ақшалай төлемдер төленуде. Қаулы спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау мақсатында және олардың басқа табыс көзін іздемей, жарыстарға тыңғылықты дайындалуы үшін 2017 жылы қабылданған. Қазіргі таңда қаулыға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа өзгерістерге сәйкес олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріледі, – дейді басқарма басшысы.
Өткен жылы спорт саласының шығындарына 15,8 миллиард теңге бөлінсе, биыл 17,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, биыл бұқаралық спортты дамытуға 460,9 миллион теңге жұмсау көзделген. Бүгінде 28872 спортшымен 1195 жаттықтырушы тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. 18 спорт түрі бойынша 6871 бала (5-17 жас аралығындағы) спорт секцияларына тегін қатысып жүр. Бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, тұрғындарды дене шықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 285 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 4034 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 363 мың жамбылдық қамтылған. 503 мың адам немесе облыс халқының 41,2 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылдануда. Облыс спортшылары былтыр 1797-і медальді қанжығасына байласа, оның 658-і алтын, 570-і күміс, 569-ы қола.
Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Елдос Сметов чемпион атанса, XVII жазғы Паралимпиада ойындарында пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали күміс жүлдеге ие болды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 17 жамбылдық спортшы сегіз спорт түрі бойынша ел намысын қорғады. Нәтижесінде қоржынға 7 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль түскен.
Сондай-ақ, басқарма басшысы баяндамасында спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, байрақты бәсекелерді жоғары нәтижеге қол жеткізу, бәсекелестікті арттыру, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Облыс әкімі бұқаралық спортты дамыту мәселесіне көңіл бөліп, спортпен шұғылданушылар санын және халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін одан әрі арттыру бойынша жұмысты жандандыруды жүктеді. «Спорт нысандары халыққа қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс» деп тапсырды аймақ басшысы. Осылай деген Ербол Қарашөкеев өңірдегі спорт нысандарының жай- күйіне ерекше назар аударды. Аймақ басшысы дене шынықтыру және спорт басқармасына құрылысы жүріп жатқан және қолданыстағы спорт нысандарын жүйелі түрде зерделеуді, ондағы анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруді, сондай-ақ, 2028 жылы өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындықты қазірден күшейтуді тапсырды.
Басқосу барысында Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің спорт саласын дамыту туралы есебі тыңдалды. Сондай-ақ, облыс әкімінің Шу ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы барысы да аппарат кеңесінде қаралды. Жиын қорытындысында Ербол Қарашөкеев халық көтерген мәселелерге құлақ асып, шешу жолдарын қарастыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Жамбылда жазасын өтеушілер Алғыс айту күнін атап өтті
- 1 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді