
Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттағы басымдыққа ие бағыттардың бірі. Қазір еліміздегі отбасылар баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның ер жеткеніне дейін мемлекеттің қолдауына сенімді бола алады. Айталық, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы жас азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуларына бағытталған. 2024 жылдан бастап жылма-жыл қазақстандық балаларға 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты қоса алғанда, Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының басты миссиясы – келер ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын үнемдеу жолымен әр балаға ұлттық байлықтан тиесілі үлесті беруді көздейді.
2024 жылы аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып, олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілді. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 миллион доллар. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 миллион доллар аударылды.
2025 жылы әр балаға жалпы 129,38 доллар аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жинақтарының жалпы сомасы 232,94 долларға ұлғайды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша аударымдар туралы ақпарат eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында 2025 жылы 1 ақпанда көрсетілді. Төлем тетігі барынша қарапайым. Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген ақша туралы ақпаратты баланың ЖСН енгізе отырып, арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан көруге болады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, сол секілді өзекті сұрақтардың жауаптарын ала аласыз. Бұдан бөлек балаға арналған аударымдар туралы деректерді eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, сондай-ақ Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы да көруге болады.
Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – білім мен баспана алуға баршаға тең мүмкіндік беру. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы жас қазақстандықтар үшін айтарлықтай қолдауға айналды. Жинақталған соманы кез келген жас азамат 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға аударылады және жобаның респонденттері уәкілетті операторлардың, нақтырақ айтсақ «Отбасы банкі» және «Халық банкі» қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға жұмсай алады.
2025 жылдың 1 қаңтарында бұл мақсатқа 66 571 өтінім беріліп, оның ішінде жалпы сомасы 5 316,7 мың долларға 53 001 өтінім орындалды. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 34 388 өтінім берілді, оның ішінде 29 542-сі орындалып, 2 964 мың доллары төленді. Білім беру бойынша 32 183 өтінім жолданып, оның ішінде 23 459 өтінім қанағаттандырылып, 2 352,7 мың доллар төленді.
Биыл бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып жатыр. Олардың ішінде 324 430 азамат 2025 жылы 18 жасқа толады. Ұлттық қордың қаражатын жас отандастарымызды қолдау мақсатында пайдалану – еліміздің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық шешім. Аталған бастама өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етіп, кейінгі ұрпаққа болашаққа зор сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Гүлнұр АБДАЛИЕВА,
облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Декретке миллионмен қалай шығады?..
- 13 наурыз, 2025
Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтанов
- 13 наурыз, 2025
Ақпарат
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Жамбылда жазасын өтеушілер Алғыс айту күнін атап өтті
- 1 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді