«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табиғи газ экологиялық жағдайды жақсартады

Табиғи газ экологиялық жағдайды жақсартады
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында елімізде мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін атап өтті. «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Өткен жылы бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текшеметр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн», – деді Президент.

«QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы директорының орынбасары Мұрат Омарходжаевтың айтуынша, Президентіміздің 2025 жылға газ саласының алдына қойып отырған тапсырмасы – елімізде 12 миллион 400 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық Құрылтайдың отырысындағы тапсырмасы бойынша 2024 жылы елімізде 1700 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 300 мыңнан астам азамат көгілдір отынға қол жеткізді. Елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ластануын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдейді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Президент тапсырмасымен 2025 жылы мемлекет 7 елді мекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 миллиард теңге бөлді. Аталған жобаларды іске асыру елді газдандыру деңгейін 62 пайызға дейін арттырады немесе 12,4 миллионнан астам адам газға қол жеткізеді. «Финская-120» автоматтандырылған газ реттеу станциясын және магистральдық газ бұру құбырын салу Атырау облысындағы ірі жобалардың бірі. Аталған жобаны іске асыру Атырау қаласының еуропалық бөлігін қажетті газ көлемімен қамтамасыз ету үшін газ құбырының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өңірдегі өнеркәсіпті дамытуға үлкен серпін береді.

Табиғи газды пайдалану көмірқышқыл газы шығарындыларының төмен деңгейіне, зиянды қоспалардың болмауына және көмір мен мазутпен салыстырғанда жоғары энергетикалық тиімділікке байланысты экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының «әлеуметтік әмиян» тетігін енгізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2024 жылғы желтоқсанда Үкімет Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлық газға 24 пайызға дейін жеңілдік түрінде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін ұсыну бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Осылайша 6000-нан астам адамды қамтыды. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша аталған тетік бүкіл ел бойынша енгізілмек.

Сондай-ақ, Президент тапсырмасымен биыл «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бүгінгі күні ұзындығы 302 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы жалғасуда, бұл 124 мың адамды қамтитын Жетісу облысының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс графиктен оза отырып жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 миллиард шаршы метрді құрайтын мұнай өндіру зауытын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жоба шикі газды қайта өңдеудің ұлттық бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Бұл Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді тәулігіне 25 мың баррельге ұлғайтуға және ішкі тұтыну үшін тауарлық газ көлемін жылына 700 миллион м3 ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ел Үкіметі мен Қашаған кен орнының акционерлері арасында жылына 700 мың тоннаға дейінгі көлемде сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі кешен салу туралы стратегиялық келісімге қол жеткізілді. 2026 жылдан бастап сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі халықты автогазбен қамтамасыз етеді және өңірде мұнай-газ химиясын дамытуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.

Атап өтерлігі, табиғи газбен тұрғындарды қамтуда «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының да қосқан үлесі аз емес. Мұрат Омарходжаевтың айтуынша, өткен жыл қорытындысымен облыс тұрғындарының 92,4 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Президент тапсырмасы елімізде акционерлік қоғам тарапынан талапқа сай орындалуда. Бүгінгі таңда «QazaqGaz Aimaq» АҚ 11,5 миллионнан астам тұрғынды үздіксіз газбен қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасындағы тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып табылады. Сондай- ақ, елімізде 69 мың километрді құрайтын газ тарату желілері бар.

Бүгінгі күні «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына қарасты өңірдегі өндірістік филиал облыс тұрғындарына табиғи газдың кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етіп отыр. Филиалға қарасты 7163 километр газ құбырының 4178 километрін жерасты, 2972 километрін жер үсті газ құбыры құрайды. Ал газ қала мен елді мекендерге 220 тарату пункттері арқылы бөлінсе, 1456 шкафтық газ реттеу пункттері оны 23061 жеке шкафтық пункттерге бөліп, жіберіп отырады. Жалпы, облысымызда табиғи отынды тұтынатын 235 729 абонент бар. Оның 73848-і пәтер болса, 161 881-і жеке тұрғын үй. Мекеме қызметіне жүгінетін өндірістік мекемелердің саны 442-ні құраса, коммуналдық тұрмыстық мекемелердің саны – 6728.

Жалпы, 7163 километр газ құбырларының 4632 километрі «QazaqGaz Aimaq» АҚ меншігінде, 1920 километрі сенімгерлік басқаруда, 121 километр газ құбырлары мемлекет қаражаты есебінен және 490 километр газ құбырлары жергілікті халық қаражаты есебінен салынды. 2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңге дайындық жұмыстары толық атқарылып, 209 газ тарату пункттеріне, 1439 шкафтық газ реттеу пункттеріне, 84 жерасты газ құбырларын электрохимиялық қорғаудың катодтық станцияларына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Аспаптық әдіспен 2313 километр жерасты полиэтилен газ құбырлары, сондай-ақ, тығыздығы (герметикалығына) 105 километрді құрайтын жерасты газ құбырлары зерттелді. Бүгінгі таңда облыстағы 10 ауданның 9-ы газдандырылған, Мойынқұм ауданы газдандырылмаған күйінде қалып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі осы, яғни халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Жалпы, елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарай да өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 92,4 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Мәселен, алдыңғы жылы облысымызда 7 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, өткен жылы жоспарланған 14 елді мекеннің 6-уы газдандырылған, қалғаны биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, тауарлық газды тұтынушылар саны жылдан жылға артып келеді, – дейді ол.

Биыл жергілікті атқарушы органдардан сенімгерлік басқару шарттары негізінде газ құбырларын қабылдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілген. Атап айтсақ, 2024 жылы жасалған сенімгерлік басқару шарттары негізінде ұзындығы 810 шақырым болатын 23 нысанның газ тарату құбырларын пайдалануға беру жоспары бекітілген. Нәтижесінде аталған газ құбырларын пайдалану бойынша шығыстар өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап газ тасымалдау тарифіне қосылды. Ұлттық экономика министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бұйрығымен 2024-2025 жылдарға арналған газ тарату жүйелері бойынша тауарлық газды тасымалдау қызметтеріне тарифтің шекті деңгейі 7 871,40 теңге/1000 текше метр мөлшерінде бекітілді.

Бүгінгі таңда филиал қызметкерлерінің штаттық саны 417 адамды құрайды. «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамынан «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына тарату газ құбырлары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсету және пайдалану жөніндегі қызметті қайта беру, трансформациялау шеңберінде 2024 жылғы 16 сәуірден бастап 322 қызметкер еңбекақы төлеу шарттарымен ауыстырылды.

– Бүгінгі күні экологиялық мәселелер өте маңызды екені белгілі. Мысалы, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын алты есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Осының өзінен Тараз қаласы мен аудандарымыздың экологиясына қандай үлес қосатынын аңғару қиын емес. Шындығына келсек, соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі, табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал, Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан, Президенттің бастамалары біз үшін тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар болып табылады. Жалпы, газдандыру жұмыстарын облысымызда мердігерлікке берілген мекемелер кезең-кезеңімен жүзеге асырып, Президент тапсырғандай 2025 жылға дейін толық аяқтау жо спарлануда. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары облыс басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Ал, табиғи газ жеткізілген абоненттерді одан ары көгілдір отынмен қамту біздің міндетіміз. Алдағы жылдары 38 елдімекенге табиғи газ кіргізілгелі отыр. Осының есебінен біз жаңадан газ тұтынатын абонент саны он бес мыңға артады деген сенімдеміз, – дейді Мұрат Омарходжаев.

Филиалдың алдағы жылға қойып отырған даму жоспарлары да ауқымды. Атап айтсақ, қызметтердің сапасын, сенімділігін, тиімділігін ескере отырып, газды тасымалдау және өткізу бойынша қызметтер көрсету. Бекітілген инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру да маңызды міндеттің бірі.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар