
Әбдібай ақсақал алдағы қыркүйек айында 85 жасқа толады. Еңбек өтілі 56 жыл болса, оның көп бөлігін бұрынғы «Жамбыл» кеңшарында дәнекерлеуші болып өткізді. Дәнекерлеуші дегеніңіз, ауыр жұмыс. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әсіресе, ауылдық жерде мұндай кәсіпті меңгеретіндер сирек. «Дәнекерлеуші» мамандығын оқыған жас маман болуы мүмкін, бірақ мамандығын меңгеріп кетуі екіталай. Ал, Әбдібай Төлендиев барлық болмысымен, бүкіл ынта-ықыласымен – дәнекерлеуші. Кезінде кеңшарлардың дәуірі жүріп дүркіреп тұрды емес пе? Аталған кеңшарда да 80-90 машина, трактор болған. Сол көліктердің сынған, жарылған, те сілген тұсының баршасын жымын білдірмей дәнекерлеу Әбдібайдың ісі. Әбдібайдың қолынан шыққан бұйым көпке дейін байланысқан жері ажырамай, тастай болып қатып қалады. Бұл – дәнекерлеушінің шеберлігі. Жұмысы сапалы болғандықтан, шопырлармен механизаторлар көп қиындық көрмейді. Себебі, олар Әбдібай дәнекерлеген жердің қайтып ақауы болмайтынын біледі. Сол жауапкершілігі үшін аудан, кеңшар басшылары тарапынан үнемі марапат алып жүрді.
Әбдібай Төлендиев кезінде егістің басы, шөптің шабындығы, малшылар ауылы, қырман, баршасына арнайы көлікпен барып, шаруашылыққа ең қажетті техникаларды дәнекерлеп жүрді. Тіпті, ол үшін уақытпен де санасқан жоқ. Күндіз- түні жұмыстың басында, еңбекшілердің қасында жүрді. «Кеңшарлар мен ұжымшарлар дүрілдеп, жұмыстың нағыз қайнап тұрған кезі ғой. Біздің бір ғана «Жамбыл» кеңшарының өзінде 25 комбайн болды. Осынша комбайн болған соң, егістік жер көлемінің қандай болғанын шамалай беріңіз. Сол егінді, әсіресе, бидай, арпа, жүгеріні жауын- шашынға қалдырмай, суыққа ұрындырмай уақытылы орып алу – міндет. Ол үшін комбайн тоқтамауы тиіс.
Техника болған соң, бір жері сынбай тұра ма? Біреу емес, 25 техника. Науқан кезінде жұмыс осылай қызатын. Ондай уақытта үйдің бетін көрмей дәнекерлеу жұмысында жүруші едік. Бір жағынан қырманға түсіп жатқан қып-қызыл дәннің жиналуына сенің тікелей үлесің бар болғаны қуантатын. Шопыр, тракторшы, комбайншылар айтқан алғыстан бойымызға ерекше күш бітіп, шаршауды білмейтінбіз. Себебі, ол кезде еңбекшілердің адалдығы мен еңбекшілдігі басым болды. Ешкім жеке басын ойламай, кеңшардың табысын ортақ табыс деп санады. Сол жолда тер төкті, еңбек етті. Біз де кеңшардың қайнап жатқан жұмыстарына үлес қостық деп білемін. Кеңшар тараған соң, «Кербұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Оның төрағасы болып Төрехан Мұқатаев деген азамат сайланып, мені жұмысқа шақырды. Кейінгі жылдары сол ұжымда істедім. Дәнекерлеуші ретінде жалпы еңбек өтілім – 56 жыл. Сол дәнекерлеу қалағын бір қолыма ұстап, бір қолыммен қып-қызыл от шашыратып, дәнекерлеген жылдарды сағынамын. Өзімнің ауламда 83 жасыма дейін дәнекерлеу жұмысымен айналыстым», – дейді.
Өз ісінің шебері туралы механизатор Қанат Сұлтанбаев:
«Әбдібай ақсақалды бүкіл ауыл озат дәнекерлеуші маман деп таниды. Жиырма жылға жуық трактор жүргізіп келемін. Өзім де осы кісіге келіп, тракторымның ажырап кеткен жерін талай дәнекерлеттім. Бұл кісі секілді сапалы істейтін, жұмысына аса жауапты мамандар көп емес. Сондықтан, еңбек адамы Әбдібай ата ауылдың үлкен- кішісіне тегіс сыйлы», – дейді.
Ауылдық округ әкімі Марлен Махамадиев болса:
«Округ әкімі болып сайланғаныма ұзақ уақыт болған жоқ. Жұмысқа бейімделіп келе жатырмыз. Ауылдың ақсақалдары бірден қолдау білдіріп, ақылдарын айтып, баталарын беріп жатыр. Әсіресе, Әбдібай ата ерекше қуануда. Бұл кісінің барша тұрғындарға абыройы бар екенін байқап, бағалап жүрміз. Әбдібай Төлендиев ақсақал барлық құрметке әбден лайық. Ол кісінің шеберлігін кейінгі жас жігіттер үйреніп алғаны дұрыс. Жұмыс барысын үйретуден ақсақал бас тартпайды. Өз мамандығын өте жақсы көретін, ісіне адал ақсақалды көрген сайын қуанамыз. Ауыл балалары да ақсақалға сәлем беріп кіруге қашанда ынталы. Бар өмірін осы ауылдың дамуына арнаған ақсақалға басқа ауылдан келіп, амандасып, батасын алатын жастар да бар», – дейді.
Ақсақал өмірлік жары, марқұм Әтіркүл Тастанова екеуі бес ұл тәрбиелеп өсірген. Бес перзенттен немере, шөбере сүйіп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл кісі әйгілі күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаевтің бірге туған бауыры. Әбдімомын – күйдің шебері болса, Әбдібай – дәнекерлеу шебері.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- Бүгін, 12:32
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді