«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Театрда тындырымды тірлік көп

Театрда тындырымды тірлік көп
Ашық дереккөз
Заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза өз сөзінде: «Театр көбейсе, түрме азаяр еді», деген болатын. Шындығында қай дәуірде болмасын, мәдениет пен өнердің ұлт руханиятынан алатын орны ерекше. Әсіресе, театр өнерінің замана келбетін танытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере білуімен, дәуір адамының пайым-парасатын биіктете алуымен қашанда үлкен маңызға ие. Чеховше айтсақ, «Театр – тобырдан ұлт қалыптастыратын жер». Осындай үлкен миссияны арқалаған Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры биыл да қалың көрермендерді тың дүниелермен қуантпақ.

Осы орайда өткен жиында театр директоры Ақылдос Тәжиев пен театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова өткен жылы атқарылған шығармашылық жұмыстарға тоқталып, биылға жоспарланған мәдени іс-шаралар барысы туралы ақпарат берді.

Өнер ордасының өткен маусымда атқарған жұмыстары аз емес. 89-маусымда театр өз репертуарын 5 жаңа қойылыммен толықтырған болатын. Олардың қатарында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» трагедиясы, Нина Гернет пен Татьяна Гуревичтің «Балапан Дарафей» ертегісі, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты аңсау жанрындағы қойылымы, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» траги-фарс спектаклі және Жаңа жыл мерекесіне орай сахналанған Әйкен Тәсілованың «Бұғы мен Қасқыр» атты қойылымдары бар. Бұдан бөлек, театр ұжымы өткен жылы көшпелі қойылымдар мен қайырымдылық шаралардан да қалыс қалмаған.

– Өткен маусымда көрермен қауымға барлығы 207 қойылым көрсетілді. Оның ішінде: театр стационарында – 148 қойылым, көшпелі түрде қала ішінде – 28, алыс аудандарға 31 қойылым қойылды. Осылайша, театр стационарына және көшпелі қойылымдарға келген барлық көрермендер саны 31 711 адамды құрады. Бұлардың ішінде қойылымдарға қайырымдылық шара ретінде тегін кіргендер 13 784 адам. Өткен жылы еліміздің Астана, Жаңатас қаласына және Меркі, Шу, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу, Жамбыл, Байзақ аудандары мен ауылдарына гастрольдік сапармен және көшпелі қойылымдармен барып, ауыл халқы көрермендеріне театр өнерін насихаттау, тәрбиелік-танымдық маңызы зор қойылымдар көрсету, ауыл тұрғындарымен, оқушылармен тағылымды кездесулер өткізу шаралары ұйымдастырылды. Театр сонымен қатар, Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары додасына арнайы дайындалған театрландырылған көрініс сахналап және қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты мәдени бағдарламамен өз өнерлерін көрсетіп қайтты, – деді Анар Бақытқызы.

Бұдан бөлек, баспасөз жиынында театрдың басшысы Ақылдос Тәжиев алдағы жоспарларымен бөлісті. Биыл өнер ошағының 90 жылдығы мен Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойы аталып өтілгелі отырғандығын тілге тиек еткен театр басшысы көрермендерді қуантарлық жаңалықтардың да бар екендігін жеткізді.

– Биыл театр өзінің 90 жылдығы мен қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойына орай республикалық театр фестивалін өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, мерейлі маусымда бірқатар жаңа туындылар көрерменге жол тартады. Осы мақсатта жаңа спектакльдерді қою үшін былтыр «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алған қырғызстандық режиссер Шамиль Дыйканбаевты шақырып, М.Әуезовтің «Қараш-қараш» туындысын, Белоруссиядан Даниль Филипповичке Б.Брехтің «Түнгі дауылпаздар» шығармасын қойғызу, Бакуден Микаил Микаиловке Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» шығармасын, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрынан режиссер Айдын Салбанға М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», Ташкенттен Сайфуддин Мелиевке Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» шығармаларын белгіленген келісімшарт негізінде сахналату көзделген. Бұдан өзге, биыл сахналанатын жаңа қойылымдарға қатысты пьесаларды таңдау, сәуір-мамыр айларында гастрольдік сапарларға шығу, сонымен қатар, театр фестивальдеріне қатысу секілді шығармашылық жұмыстарды жүзеге асыру міндеттері тұр, – деді Ақылдос Тілеубайұлы.

Аталған іс-шараларға дайындық жұмыстарының басталып кетуіне байланысты театрдың шығармашылық ұжымы жыл басынан бері хор, ән дайындау жұмыстары үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғалымжан Берекешов пен режиссер-педагог, өнертану магистрі Ерлан Кәрібаймен шеберлік сағаттарын ұйымдастырып үлгерген. Ал, театрдың осы маусымдағы көрермен сағына күткен алғашқы премьерасы – «Келіндер көтерілісі» туындысы ақпан айының 21-22-і күндері сахналанбақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар