«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақта қоныстой көбейіп келеді

Аймақта қоныстой көбейіп келеді
Ашық дереккөз
Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты ел Президентінің басты назарында. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында аймақта кешенді жұмыстар іске асып келеді. Мәселен, өткен жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында жаңадан бой көтерген әл-Фараби шағынауданында 140 пәтерлі төрт тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес жаңа шағынауданда 120 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, пәтер иелерін қуанышымен құттықтады.

– Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Былтыр дәл осы шағынауданда 240 пәтер ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Биылғы жылы да 6 тұрғын үй соғу жоспарымызда бар. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, 7 миллиард қаржыға өтінім берілді. Бұдан бөлек, 30 пәтерлі тұрғын үйге облыстық бюджет тарапынан 470 миллион теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар жақын күндері бастау алатын болады, – деді Олжас Елебекұлы.

Салтанатты жиында Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінінің төрағасы Серік Ермеков ақ тілегін арнап, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты.

Баспаналы болу бақытын сезінген жанның бірі – алты жыл үй кезегін күткен Әсемгүл Ақтаева. Сарыкемер ауылының ақылы қоғамдық жұмысында қызмет ететін жалғызбасты ана еңбегі еленіп жатқанына шынайы ризашылығын білдірді.

– Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Бүгін ұзақ жылдар күткен баспанамызға ие болып отырмыз. Ел Президентіне, аймақ басшылығына осындай мүмкіндіктер үшін алғыс білдіремін. Бүгін осында пәтер кілтін алып отырған жаңа көршілерімді де шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.

Жалпы аумағы 2956 шаршы метр мен 3668 шаршы метр болатын болатын қос нысанның құрылысын «Бином» ЖШС жүргізген. Тұрғын үйлерде үш бөлмеге дейін пәтерлер бар. «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты е с ебінен с а лынған тұрғын үй ағымдағы жылдың қараша айында сатып алынып, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуна лдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне тапсырылған.

Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Бұл бағытта 717 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 347 пәтер сатып алу, «Әулиеата жастары» жобасы аясында 100 жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Байзақ ауданы

 

 

Ұқсас жаңалықтар