
Жанерке Бақбергенқызы әдемілікке, сұлулыққа бала кезінен құмар болып өскен. Өзі түгіл өзге адамдардың жандүниесін білуге, түсінуге асығып тұратын болған. Сол дағдысы мен талабы бойынша Жамбыл педагогикалық институтының педагог-психолог мамандығына құжат тапсырып, жақсы үлгеріммен аяқтап шыққан. Өмірге құштарлығы басым жас маман бір ғана дипломмен шектелмей, басқа бағыттарда да жан-жақты ізденгені құптарлық іс. Сөйтіп, шаштараз өнері бойынша да білім алып, бұл бағытқа да жоғары бейімділігін байқатқан. Осы кәсіптің ыстық-суығына әбден төзді. Ол шаштараз ісін терең меңгеру арқылы қоғамға пайдалы болу өз ісіңнің шебері болу арқылы жүзеге асатынын түсінді. Ізденісін арттырып, осы саланың майталманына айналды. Қазіргі таңда оның еңбек өтілі – 24 жыл. Соңғы 14 жылдан бері аталған колледжде «Шаштараз өнері» мамандығының өндірістік оқыту шебері болып еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша «Шаштараз өнері» байқауларының тұрақты сарапшысы. Жанерке «Worldskills Kazakstan» республикалық кәсіби шеберлік байқауларына студенттерді дайындап, шәкірттерімен бірге жетістіктерге жетіп жүр. Өндірістік оқытудың шебері атанған маманның талантты шәкірттері соңғы 7 жылда аталған байқауда үнемі жүлделі орыннан көрініп келеді. Жанерке Жұмабекова:
«Өзің қалаған мамандыққа шәкірт дайындау қиын әрі қызықты. Оларға жан-жақты үйрету барысында түрлі қиындықтар кездескенімен, көз алдыңда жас мамандар отырғанда әр сабақты қызықты өткізуге талпынамын. Кейде сабақтан тыс студенттердің аңғалдығына, адалдығына қатысты қызықты сәттер болып тұрады. Бірақ, студенттермен бірге жетістікке жету – үлкен сәттілік. Аймарал Шапаева, Антон Бейзер деген шәкірттерім республикалық «Worldskills Kazakstan» кәсіби шеберлік байқауларында жеңіс тұғырынан көрініп, қуантты. Ал, өзім Тараз қаласындағы №25 орта мектепті бітірдім. Мектеп директоры Айман Садықова апайдың іскерлігі, жоғары сыныптағы әр шәкіртпен сөйлесуге уақыт табатыны есте қалыпты. Мектепте ағылшын тілінен дәріс берген Жақсыгүл Абыралиева ұстазымыздың әр сабағын қызыға тыңдайтынбыз. Сол жақсы ұстаздар берген білім осындай жетістіктерге жетуімізге жол ашты. Ұстаздарымыздың жағдайын ұстаз болған кезде түсініп жатырмыз», – дейді. Ал, колледж студенті Бекболат Сұрамай: «Республикалық «Сән мұнарасы» байқауынан жақында жүлделі екінші орынмен оралдым. Тағы бір студент Айдана Малбағарова үшінші жүлдені иеленді. Бұл жеңіс жолында Жанерке Бақбергенқызының еңбегі үлкен. Ол кісінің шәкіртпен жұмыс істеу әдістері ерекше. Бұл жетістікке үлес қосқан білікті маман, өндірістік оқыту шебері Гүлмария Өтемісоваға да алғыс айтамыз. Шаштараз мамандығы біздерге ерекше ұнайды», – дейді.
Жұмысы қаншалықты қиын болғанмен, шәкірттермен өткен әр сабақтың қызық сәттері көп екенін Жанерке Жұмабекованың қуанышқа толы жанарынан байқадық. Адал еңбектен келетін құрметке жетер ешқандай құндылық жоқ-ау, сірә!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді