«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүйелі жұмыстар жалғасуда

Жүйелі жұмыстар жалғасуда
Ашық дереккөз
Мойынқұм ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалпы аудан бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы – 987,6 километр. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 342 километр, облыстық маңызды жолдар – 271,6, аудандық маңызы бар жолдар – 161,2, елді мекен көшелері 212,8 километрді құрайды.

Өткен жылы жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 1,115 миллиард теңге бөлініп, бұл қаражат 22,06 километр жолды орташа жөндеуден өткізуге және «Радай» көпірін салуға жұмсалды.

Соның ішінде, аудандық маңызы бар жолдардың 2,7 километрі, ал елді мекен көшелерінің 506,4 километрі жөнделді. Жалпы алғанда, барлығы 7 жоба жүзеге асырылған.

Биыл ауданда жол жөндеу жұмыстарына 448 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражатқа 8,3 километр ауыл көшелерінің жолдарын жөндеу және Қарабөгет ауылына кіреберіс көпірін салу жоспарланған.

«Мәселен, осы қаржыландыру арқылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 45 миллион теңгенің, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 181 миллион, жергілікті бюджет арқылы 222 миллион теңгенің жобалары іске асырылмақ. Сондай-ақ, биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайда тұрған жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 100 пайызға, ал елді мекен көшелерін 80,9 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Жол сапасын арттыруға бағытталған бұл жоспарлар аудан тұрғындары үшін қолайлы инфрақұрылым құруға және көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік беретін болады», – дейді аудан әкімінің орынбасары Еркін Заурбеков.

Облыс орталығынан шалғай жатқан ауданның негізгі экономикалық тірегі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өндірісі екені белгілі. Өткен жылы бұл салада да айтарлықтай оң өзгерістер орын алған. Мәселен, мал шаруашылығын алсақ, аудандағы мал басы жыл сайын тұрақты өсіп келеді. Мүйізді ірі қара саны 4,9 пайызға (53,6 мың бас), жылқы – 15,4 пайыз (14,4 мың бас), қой мен ешкінің саны 7,5 пайызға (147,4 мың бас) артты. Дегенмен, түйе саны 5,5 пайызға (1,1 мың бас) азайған. Бүгінде аудандағы 13 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда олар 8466 бас ірі қара (қалмақ, ангус, ақбас тұқымдары) және 7200 бас қой малын бағып өсіруде. Сонымен қатар, ауданда сүт өндірісі 2,8 мың тоннаны құрап, 3,7 пайызға артса, ал жұмыртқа өндірісі 1770,3 мың данаға жеткен.

Өсімдік шаруашылығы және суармалы егіншілік жайын жақсарту барысында да бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Аудандағы суармалы егістік көлемі 3805 гектарды құрайды. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірхановтың айтуынша, бұл жерлерге масақты дақылдар, көпжылдық шөптер, көкөністер, бақша дақылдары және жүгері егілген. Суармалы егіншілікті дамыту мақсатында 49,6 миллион теңге бөлініп, каналдарды тазалау, нығайту жұмыстары жүргізілді. Аудандағы 535 ауыл шаруашылығы техникасымен, оның ішінде 281 трактор, 34 соқа, 5 қопсытқыш және 2 дән сепкіш құралдардың күшімен көктемгі дала жұмыстары толық аяқталған. «Мал азығын дайындау жұмыстарына тоқталсақ, былтыр 249,3 мың тонна шөп дайындалып, жоспар артығымен орындалды. Мал азығы қорын жинау бойынша 3 ауылдық округте жүйелі жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, аудан бойынша 50 гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиімді суару әдістері қолданыла бастады.

Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыстар да жүйелі жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында 49 азамат 475,9 миллион теңгеге 53 жоба ұсынып, осы арқылы 99 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде ауыл шаруашылығы бағытында 63,1 миллион теңгенің 9 жобасы, кәсіпкерлік бойынша 276,9 миллион теңге болатын 35 жоба қаржыландырылуда. Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны жақсы деңгейде деуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек», – дейді Ержан Әлімханұлы.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар