«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бетқайнардың бренді

Бетқайнардың бренді
Ашық дереккөз
Облысымызда өткен жылдан бастап колледждерге бір мамандықты «Бренд» мамандық ретінде оқыту тапсырылған болатын. Өңірдегі №7 Бетқайнар колледжі осы мақсатта «Textile» мамандығын оқыта бастаған. «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының студенттері үшін кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2023 жылдың қараша айында колледж базасында бизнес-инкубатор ашу жоспарланған болатын. Бұл оқу орны орналасқан Қордай ауданының экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп көзделген еді. Расында да күтілген нәтиже орындалғаны қазір байқалып та жүр. Олай дейтініміз, аталған мамандықта оқып, киім үлгілеу мен тігіншілікті меңгеріп, өз кәсібін ашқандар да аз емес.

Облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты «№7 Бетқайнар колледжі» – өңірдегі сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру орындарының бірі. Колледждің негізгі мақсаты – еңбек нарығында, кәсіби қызметке, мансаптық өсуге және тұрақты сапалы өмірге дайын мамандарды даярлау. Мұнда біз сөз етіп отырған «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығынан бөлек, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандарын да даярлайды.

– Әлемдегі үздік тәжірибеден шет қалмай, колледжіміз 2019 жылдың 20 желтоқсанында облыс әкімдігінің білім басқармасы мен Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігі жанындағы Бастауыш кәсіптік білім беру агенттігі арасында жасалған екіжақты меморандумға қол қоюды ұйымдастырды. Сол жылы Қырғыз елінің Тоқмақ индустриалды педагогикалық колледжімен тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық «Кәсіби шеберлік» чемпионаты өтті. Колледждің «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мен «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары 2020-2021 оқу жылынан бастап «Жас маман» жобасына еніп, осы екі мамандықтың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. 2023 жылы 14 сәуірде аталған екі мамандық бойынша құзыреттілік орталықтары ашылды. «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының «Арнайы тігінші» біліктілігі – нақты бағытталған, нарықтық сұранысқа жауап беретін бренд мамандық. Бренд ретінде ол сапалы, функционалды әрі арнайы мақсаттағы, яғни жұмыс, медициналық, спорттық, қорғаныс киімдерін әзірлеу мен тігуге маманданған кәсіби деңгейдегі тігіншілерді даярлауды көздейді. Бұл мамандықтың бәсекелестік артықшылығы – заманауи технологиялар мен материалдарды қолдана отырып, әрбір өнімнің кәсіби стандарттарға сай болуын қамтамасыз етуінде. «Арнайы тігінші» біліктілігі нарықтағы арнайы тапсырыстарды орындау қабілетімен ерекшеленеді, бұл оны еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, беделді мамандыққа айналдырады. Жоғары сапа мен жеке тапсырыстарды қанағаттандырудағы шеберлік – оның негізгі бренд құндылықтары. Колледж «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша шағын кәсіпорын ашып, инвестициялық жобаларға кадр дайындауды жүзеге асыруда. Кәсіпорын студенттерге өндірістік тәжірибе жинақтауға, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге және нақты нарықтық жағдайларда кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілермен жасасқан ынтымақтастықтың нәтижесінде студенттерге сұраныс артып, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері жоғарылады. Бұл шағын кәсіпорын аймақтағы тігін өнеркәсібінің дамуына және инвестициялық жобаларға қажетті білікті мамандарды даярлауға айтарлықтай үлес қосып отыр, – деді бізге бренд мамандық туралы мағлұмат берген колледж директорының кәсіптік ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Ұшқанбекұлы.

Колледж түлектерінің арасында жұмысқа орналасқандармен қатар, өз бетінше кәсіп етіп жүргендер де баршылық. Себебі, мұнда оқуды тәмамдаған жас мамандарды жұмыспен қамту шаралары да ұйымдастырылады. Ал, оларға кәсіби білімді толыққанды үйрету үшін еңбектеніп жүрген педагогтердің ізденісін халықаралық, республикалық, облыстық конференцияларға, байқауларға белсене қатысып, кәсіби шеберліктерін арттырғандарынан байқадық. Бүгінде №7 Бетқайнар колледжі – үздіктер қатарында.

– Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу саласындағы шығармашылық шеберлігі мен кәсіби жетістіктері үшін облыстық «Үздік педагог – 2023» байқауында өндірістік оқыту шебері Р.Масадыкова «Білікті педагог» номинациялы білім басқармасының дипломымен марапатталды. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының аймақтық кезеңінде «Мәдениетаралық сауаттылық» бағыты бойынша да сертификат иеленді. «Өндірістік оқытудың үздік шебері – 2024» кәсіби шеберлік байқауы қорытындысы бойынша «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының өндірістік оқыту шеберлері Айше Лосыева бірінші орынды, Зульфия Арли екінші орынды жеңіп алды. Айше Лосыеваның «Іскер шебер» аталымымен марапатталғанын да айта кеткен жөн болар. «Сән технологиялары» құзыреттілігі бойынша «Worldskills – 2024» колледжішілік чемпионатына 2-3 курс студенттері қатысып, Латифа Арбуду 1-орын, Мәриям Лихарова 2-орын, Айзада Чикарова мен Әлия Уширова 3-орынды олжалап, Мадина Эсағали мен жетекшілері Алғыс хатпен маарапатталды. «Worldskills Jambyl – 2023» облыстық чемпионатында «Сәндік технология» құзыреттілігі бойынша колледж студенті Рамина Бор 1-ші дәрежелі диплом, ал «WorldSkills Kazakhstan – 2023» VIII республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында медаль иемденді. «WORLDSKILLS JAMBYL – 2024» өңірлік чемпионатында «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Арбуду Латифа І орынның биігінен көрініп, «WorldSkills Kazakhstan – 2024» IX республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында медаль иегері атанды. Шебер де білікті студенттерді дайындағандары үшін жетекшілері Айгүл Жошиева мен Нұржан Жұмашева Алғыс хатпен марапатталды. «Қала күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған «Киіз Fest» фестиваліне белсенді қатысқаны үшін №7 Бетқайнар колледжінің «Шебер қыздар» тобы Тараз қаласы әкімінің тарапынан да марапатқа ие болды. Өткен жылы Ақтау қаласында өткен сервис және қызмет көрсету саласы бойынша техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерінің III республикалық кәсіби шеберлік конкурсына колледжіміздің арнайы пән оқытушысы Айгүл Жошиева қатысып, сән технологиясы құзыреттілігі бойынша «Үздік маман» номинациясын және Оқу-ағарту министрінің мадақтамасын алып келді. Үнемі ізденісте жүріп, біліктіліктерін арттырып отыратын мұғалімдеріміз ғылыми мақалаларын жариялап, авторлық бағдарлама ұсынып тұрады. Ұстаздарымыз «2023-2024 HP Idea HP Innovation and Digital Education Academy HP IDEA Fellowship program» халықаралық біліктілік арттыру курсының тәжірибе алмасу семинарынан да қалыс қалмайды, – деген Бауыржан Ұшқанбекұлы колледж ұжымының жетістіктері ұйымшыл әріптестер мен ізденгіш студенттердің және басшы Гүлнар Еділбайқызының қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін айтты.

Жоғары сапалы білім мен үздіксіз даму жолында колледж биылғы оқу жылының басында «Ең үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясын иеленіп, білім беру саласында үздік атанды. Сонымен қатар, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 1 миллион теңге сертификатқа ие болды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар