
Сол уақытта барша тұрғын Тараздың тарихы қазылып, жер- жаһан таңдай қағып тұрғандай қуанды. Бұл өзі шын мәнісінде жақсы бастама болатын. Тарихи орны дәл табылған. Қазылуы да орынды, құндылығы да жоғары болатын. Осынау мұражайдан қазылған құндылықтарды саралау үшін, тарихи тұрғыдан бағасын беру үшін Алматыдан үлкен ғалымдар шақырылды. Атап айтқанда, Ә.Марғұлан атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының сол кездегі бөлім меңгерушісі, сол жылдардағы «Қазархеология» компаниясының директоры Жұман Смайылов 2014-2017 жылдары сол уақыттағы Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен қазба жұмыстарын жүргізген. Сол кездегі ахуал қалай болды, қандай жұмыстар атқарылды деген мәселе төңірегінде біз Жұман Смайыловпен хабарласқан едік. «2014 жылдан бастап үш жылдан астам уақыт аспан асты мұражайына қазу жұмыстары жүргізілгені рас. Оны мен басқаратын компания жүргізді. Біраз нәрсе жасадық. Бірақ, жоспарымыз аяғына дейін жетпеді. Біз ол уақытта Тараз қаласындағы «Темір-Бетон», «Арыстан-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін де іске қосып, жұмыла жұмыс істедік. Ол серіктестіктерді басқарған азаматтар да намысты, көзі ашық азаматтар еді.
Тарихи Тараздың тарихы түгенделсе екен дедік. Қазу жұмыстары өзін- өзі ақтады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, сол уақытта Тараздағы ашық аспан астындағы мұражайдан бір күн ғана қазылған нәрсенің құндылығы Түркістан қаласының жылдар бойы қазылған заттарының құндылығынан әлдеқайда асып түсті. Сол кезде Ташкенттен келген ғалымдар:
«Біздің Ташкентте мұндай құндылықтар әлі кездескен жоқ» деп мойындады. Ашығын айтсам, Тараз тарихи таңбасы бар дүние жүзіндегі жалғыз қала. Қаланың ішінен арық жүйелері ағатын мұндай қала көп емес. Ашық аспан мұражайынан 3,5 мың жаңа теңге табылды. Оның ішінде алтын, күміс, мыс, бәрі де бар. Қазір «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей- қорығы» мекемесінің қоймасының үш бөлмесінде жиналып тұр. Соның бәрі біздің маңдай терімізбен қазылды. Бір құмыраның бағасы 240 мың теңгеге бағаланды. Әлемде дәл сондай өрнегі ерекше, сондай құндылығы жоғары 18 ғана құмыра бар. Ал, қазір сол құндылықтың бәрі қоймада шаң басып жатыр. Қозғалтқан сайын құмыра бөліктері сынып жатыр. Бұл мәселеге нақты жанашырлық қажет. Тиісті министрлік, комитеттер, жергілікті мұражай басшылығы осы жағын ойланса деген тілегім бар», – дейді ол.
Біз «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей- қорығы» мекемесі директорының орынбасары Сара Құрмановамен де хабарластық.
Ол:
«Көне Тараз» кешеніндегі археологиялық саябақ, ашық аспан астындағы қазылған мұражай бізге қарайды. Бірақ, сол жерге бірнеше жыл бұрын салынған ғимарат біздің теңгерімге өтуі тиіс еді. Әйтеуір, бірқатар себептермен біздің теңгерімге өткен жоқ. Негізі, біздің мекеме сол ғимаратқа көшіп баруға да тиіс едік. Бірақ, ол мәселе әзірге шешімін таппай тұр. Біздің салалық министрлік пен облыс әкімдігі арасында қазір ол мәселе қаралып жатыр. Ал, біздің мұражайдың экспедициялық залы жоқ. Сондықтан, көшпелі көрме жұмыстарын ұйымдастырамыз. Ашық аспан астындағы мұражайдан табылған құнды заттарды сол көшпелі көрме арқылы ғана көрсетіп жүрміз. Олардың сақталуын, қорғалуын бақылауға алып отырмыз. Аталған археологиялық саябақта біздің арнайы қойылған дүңгіршектеріміз бар. Сол жерде кассиріміз, үш күзетшіміз ауысыммен жұмыс істейді. Ол аумақты назарға алып отырмыз», – деді.
Ал, аталған аймақтың қазіргі көрінісі тұрғындарға да ұнамайды екен. «Осы жерде ғимарат салынып, қазба жұмыстары басталған кезде қуанған кісінің біреуі едім. Тараздың барлық қазынасы аршылғандай күй кешіп едік. Енді аяқталмай қалған қазба жұмыстарын көріп көңіл құлазиды. Мен қарапайым еңбек адамы болсам да, мұндай тарихты зерттеу толық аяқталуы тиіс деп ойлаймын. Қасындағы ғимарат та қараусыз тұр. Көптеген жері қирап жатыр. Ғимарат салынған соң, пайдаға асуы тиіс емес пе? Осы жағын түсіне алмай жүрміз», дейді Тараз қаласының тұрғыны Ақнұр Әбдірахман.
Біздің байқағанымыз, осынау ашық аспан астындағы мұражайдың «жыры» талай жылдан бері жалғасып келе жатыр. Қазылған жәдігерлердің құндылығы жоғары екені айтылып келеді. Ол жағын ғалымдар тамсана айтып, дәлелдеп отыр. Ендігі жерде қай жерден болса да, сол жәдігерлерді тұрақты қойып қоятын экспедициялық зал керек. Әйтпесе, бірнеше ғасыр кезеңдерінен табылған көне заттарды жөнді, жөнсіз қозғай беруге де болмайтын шығар. Таразға басқа облыстан және шет мемлекеттерден келген қонақтардың ғасырлар қойнауынан табылған көне жәдігерлерді арнайы залдан тамашалағандары дұрыс емес пе? Тараздықтар бұл мәселенің шешілуін қанша уақыт күтер екен?
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді