«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инвестиция тартудың маңыздылығы жоғары

Инвестиция тартудың маңыздылығы жоғары
Ашық дереккөз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және бюджеттің атқарылуы мәселелері қаралды. Оған облыс әкімдігінің басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің дамуының басты бағыттарын айқындап берді. Өңірімізде өткен жылы 214 миллиард теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 2028 жылға дейін 3,6 триллион теңгені құрайтын 82 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 16 жоба шетелдік инвесторлардың қаржысымен іске асырылып, жалпы көлемі 2,5 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осы мақсатта «Жамбыл инвест» дирекциясы құрылып, бүгінде отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетіле бастаған. Биыл жалпы құны 555 миллиард теңгені құрайтын 33 жоба іске қосылады. Олардың қатарында бірқатар ірі жобалар бар. Сонымен қатар, жергілікті инвестиция көлемін арттыру маңызды. Бүгінгі таңда 125 миллион АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестиция тарту көзделуде. «Тараз индустриялық» және «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында заманауи өндірістердің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Меркі, Сарысу, Талас және Т.Рысқұлов аудандарында су аймақтарын дамыту жұмыстары қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдер мен басқарма басшыларының үйлестіруімен жалғасады. Биыл – «Жұмысшы мамандықтарының жылы». Сондықтан, еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері, білім басқармасы кәсіпкерлермен бірлесіп, өңірге қажетті мамандықтар тізімін анықтап, колледждерге бағыт-бағдар беруі тиіс. Сонымен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу және халықпен тұрақты байланыста болу маңызды міндет. Әкімдер мен мемлекеттік орган басшылары азаматтарды тұрақты негізде жеке қабылдауды ұйымдастырсын. Сонымен қатар, халықтан келіп түскен өтініштерге ерекше назар аударылуы керек. Жыл сайын азаматтардан түсетін өтініштер саны артып келеді. Бұл халықтың билікке сенімі артып, өз мәселелерінің шешілуін күтетініне дәлел. Дегенмен, кей жағдайларда өтініштер уақытында қаралмай, шешімін таппай қалып жатады. Сондықтан, бұл бағыттағы кемшіліктерді жою үшін жүйелі жұмыс атқарылсын. Әкімдер мен барлық құзырлы органдардың жұмысы ашық әрі түсінікті болуы тиіс. Ақпараттарды халықпен бөлісіп, әлеуметтік желілер мен ресми парақшалар арқылы тұрақты түрде жариялап отыру қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі өз сөзінде инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын халыққа түсіндіру тұрғысында жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Кеңейтілген әкімдік мәжілісінде облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстың экономикалық өсімі өткен жылы 104,3 пайызды құраған. Дегенмен, бұл республикалық көрсеткіштен 1,9 пайыздық тармаққа төмен. Жалпы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында оң динамика байқалғанымен, кейбір бағыттарда өсім бәсеңдеген. Мысалы, өнеркәсіпте өндіріс көлемі 1,9 пайызға ғана артса, электрмен жабдықтау (17,5 пайыз) және сумен жабдықтау (8,5 пайыз) салалары жақсы нәтиже көрсеткен. Алайда, кен өндіру саласындағы өсім небәрі 1,3 пайыз деңгейінде қалып отыр. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнім 488,6 миллиард теңгеге жетіп, мал шаруашылығының үлесі 2,2 пайызға ұлғайыпты.

Жалпы, өңір экономикасы алға жылжығанымен, биыл кейбір салалар ерекше назар аударуды талап етуде. Осыны еске салған Ербол Қарашөкеев аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларынан жауап алып, оның ішінде шетелден инвестиция тарту ісі сылбыр екеніне айрықша тоқталды.

– Экономикаға инвестиция тарту – аса маңызды мәселе. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тікелей шетелдік инвестиция тарту ісін күшейтуді айтты. Қазіргі таңда біз көрсеткіштерді негізінен бюджеттік қаржы есебінен орындап отырмыз. Алайда, бюджет тапшылығын ескерсек, бұл нәтиже тұрақты әрі ұзақмерзімді шешім емес. 2023 жылмен салыстырғанда бюджеттік инвестициялар 1,3 есеге артқан, ал жеке инвестициялар 1,2 есеге азайған. Бұл шетелдік қаржыны тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың әлсіздігін көрсетеді. Бюджеттік жобаларға қаржы тартуда белсенділік танытып отырғанымызбен, инвесторларды іздеу және олардың қаражатын өңірге тарту жұмыстары өте төмен деңгейде. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің кемшілігі. Шетелдік инвестицияларды тарту біздің негізгі жұмысымыз болуы керек. Аудан әкімдері мен жауапты мекеме басшылары, бұл – сіздердің тікелей міндеттеріңіз. Шетелдік инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізіңіздер, – деген аймақ басшысы аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына өңірге инвестиция тартуда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы және «Жамбыл инвест» мекемесімен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.

Бұдан кейін, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің, қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің есебі тыңдалды.

Жиында Ербол Шырақпайұлы өңірдің тарихи мұрасына ерекше назар аудару, туристік бағдарларды жандандыру, туристік инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар енгізілу керектігін айтты. Жуалы және Жамбыл аудандарында демалыс орындарына қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жеделдетіліп, мүмкіндігінше тез арада жүзеге асырылуы тиіс екенін, бұл аудандарда жол мәселесі шешіліп жатқанымен, газдандыру және басқа да инфрақұрылымдық мәселелерді назардан тыс қалдырмауды атап өтті. Аудандардың мүмкіндігін жан-жақты зерттеуді әкімдерге тапсырды. Жамбыл ауданында туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін, Жасөркен ауылы жақтағы Талас өзені бойында бірнеше сауықтыру-туризм орталығын салуға болатынын айтты. Жауаптыларға тек кабинетте отырмай, ісс апарға шығып, Астанадағы әріптестермен тәжірибе алмасып, нақты шешімдер ұсынуды, ауылдық елді меке н д е рд е г і мобильдік байланыс пен интернет сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

– Айтылған кемшіліктерді орындау бойынша нақты жұмыстар жүргізілсін. Тараз қаласы мен аудан әкімдері, басқарма басшылары тиісті жұмыстарды жандандырсын. Қолданыстағы бюджет заңнамаларына сәйкес бюджет қаражаттарын жыл ішінде жоспарға сай игеру үшін жан- жақты шаралар қабылдап, мәселе жіті бақылауға алынсын, – деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға сала-сала бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

Ұқсас жаңалықтар