
Атап өтерлігі, өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ауыл шаруашылығы саласын жыл сайынғы жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі өз шешімін тапты. Мәселен, көктемгі егіс, егін жинау жұмыстарына және ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне қомақты қаражат бөлінді. Алғаш рет жеңілдетілген несиелендіру көлемі жылдық 5 пайызбен 580 миллиард теңгеге дейін жеткізілді, ал өткен жылдары бұл көлем 160 миллиард теңгеден аспады. Қабылданған шаралар фермерлерге барлық қажетті агротехникалық шараларды толық көлемде өткізуге мүмкіндік берді. Пайдаланатын элиталық тұқымдардың үлесі 7,1 пайыздан 9 пайызға дейін өсті. Қарыз алушылардың 90 пайызын шағын және орта шаруашылықтар құрайды. Олар дамуға қажетті ресурстарға ие болды. Нәтижесінде өткен жылы Қазақстан соңғы 13 жылда алғаш рет дәнді және бұршақты дақылдардан 26,7 миллион тонна өнім жинады. Өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі 21,1 пайызға және мал шаруашылығында 3,2 пайызға өсуі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 13,7 пайызға ұлғаюына ықпал етіп, 8,3 триллион теңгені құрады.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, біздің облысымызда қолға алынған жұмыстардың нәтижесі өз жемісін берді. Өткен жылдың қорытындысымен облыста экономикалық өсім 104,3 пайызды құрады. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 101,9 пайыз деңгейінде қалыптасса, ауыл шаруашылығында 488,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін былтыр 627 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның 17-і комбайн, 48-і трактор, 65-і ауыл шаруашылығы техникасы, 118-і аспалы және тіркеме техника және 7 қызылша жинау комбайны алынған. Осының нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8,9 пайызды құрады.
Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені 1,1 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Бұл 4 миллионнан астам азаматтың қаржылық әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығы маңызды экономикалық секторға ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторына айналуда. «Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», – деді Президентіміз.
Жалпы, елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық азық-түлік өндірісі 3,2 триллион теңгені құрады, нақты көлем индексі 102,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ал, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 40 пайызды құрады. Мемлекет басшысының қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 70 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Оның шеңберінде 2024 жылы 279,6 миллиард теңгені құрайтын 286 жоба пайдалануға берілмек. Өсімдік майы мен ұн өндірісін қоса алғанда, ішкі сұранысты қанағаттандыруға ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Кешенді жоспар өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуге және жеңілдетілген несиелер беруге бағытталған. Бұл өз кезегінде экономиканың өсуіне және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететіні анық.
Алдыңғы жылдың қорытындысымен қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 тауар түрі бойынша ішкі нарық 100 пайызға (бидай ұны, тұз, нан, күріш, макарон, күнбағыс майы, картоп, қой еті, сиыр еті, сәбіз, қияр) қамтамасыз етілсе, ал 13 азық-түлік тауарлары бойынша қамтамасыз етілуі 80 пайызды (тауық жұмыртқасы, жылқы еті, қызанақ, сүт, қарақұмық жармасы, қырыққабат, бұрыш, пияз, асхана қызылшасы, ашытылған сүт өнімдері, май, алма) құрады. Елімізде импортқа тәуелділікті азайту мақсатында 2027 жылға дейін жалпы сомасы 2,1 триллион теңгені құрайтын 570 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мен өмір сүру деңгейін көтеру үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Соның ішінде мал шаруашылығы саласында – 152,1 миллиард теңгеге 105 жоба, сүт-тауарлы фермалар салу бойынша – 263 миллиард теңгеге 101 жоба, құс шаруашылығында – 397,7 миллиард теңгеге 31 жоба, қайта өңдеу саласында – 582,6 миллиард теңгеге 108 жоба жоспарланған.
– Президент айтқандай, агроөнеркәсіпке инвестициялар тарту экономикалық өсуге ықпал етіп, ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымды дамытуды ынталандырады. Астық өндірісі мен экспортын ұлғайту аграрлық сектор өкілдерінің табысын арттыратыны белгілі. Бүгінгі күні облысымызда «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылған. Нәтижесінде 15 инвестициялық жоба қаржыландырылған. Оның 13-і республикалық бюджеттен, 2-уі жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Биылғы жылы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы қаралды. Бұл қаржыға 7 инвестициялық жобаларды (8 миллиард теңгеге қайта өңдеу саласындағы жобалар, 1 миллиард теңгеге көкөніс сақтау қоймалары, 2 миллиард теңгеге тауарлы сүт фермасы, 2,2 миллиард теңгеге қой шаруашылығы бағытындағы жоба) іске асыру жоспарлануда. Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Бұл бағытта облысымызда ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар да аз емес. Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай республикалық бюджеттен 13 жоба сенім білдірілген өкіл арқылы қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жобалардың 4-еуі сүт тауарлы фермасы, 5-еуі көкөніс сақтау қоймасы, 2-і қайта өңдеу саласы, 1-і балыққа арналған жем өндірісі болса, келесісі су үнемдеу технологиясына бағытталған. Ал, облыстық бюджеттен бөлінген 500 миллион теңгеге «Злиха» шаруа қожалығының фри өндірісі жобасы және «Batu Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы жануарларының терісін қайта өңдеу жолымен жем-шөп қоспасын өндіру жобасы қаржыландырылады. Бұдан басқа да бағдарламалар аясында 2025 жылға республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржының бөлінуі күтілуде. Бұл қаржыға 7 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Сонымен бүгінгі күні іске асырылып жатқан жобалар сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам немесе 6,5 пайызға ұлғайтуға, облыстағы қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттыруға, сол арқылы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға және ең бастысы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға ықпал ету көзделген, – дейді Төлебек Құлекеев.
Ал, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін нығайту туралы тапсырмасы шеңберінде дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтау, экспортты әртараптандыру бойынша жұмыстар республика көлемінде жалғасуда. Қазақстан астықтың ірі экспорттаушысы және жыл сайын шамамен 8-9 миллион тонна астық экспорттайды. Оның 6,5-7,5 миллион тоннасын бидай құрайды. Өткен жылы 8,1 миллион тонна экспортталған.
Мемлекеттік саясаттың маңызды қадамдарының бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге арналған және жалпы әлеуметтік мультипликативті әсер береді: әрбір жаңа агрожоба жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ете отырып, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашады. Республика деңгейінде жоба аясында 2023 жылдан бастап 16,4 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты. Өткен жылы 744 жаңа жұмыс орнын құрумен 6,5 миллиард теңгеге 580 микрокредит берілген. 3,6 миллиард теңгеге 145 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылған.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының облысымызда жүзеге асырылып жатқанына биыл бесінші жыл. Жоба аясында ауыл халқының тұрмысы көтеріліп, ауылдық округтердің экономикасы артуда. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілген. Жалпы жоба шеңберінде 2019-2023 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 37 миллиард теңгесіне 252 мың бас мал сатып алынған. Несиемен қамтылған 7890 азамат өз кәсібін осы бағытта құрған. Ал, жаңа құрылған 57 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелерін алуға 3,5 миллиард теңге қаралған. Кооперативтер тарапынан 533 ауыл шаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге лизинг жүйесі арқылы алынып, егіс алқаптарында жұмыс істеуде. Сондай-ақ, кооперативтердің аяғынан тұрып кетуі үшін бастапқы кезде 946,9 миллион теңге айналым қаражаттар берілді. Ал, өз кәсібін ашуға ниет танытқан 97 жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан қолдау тауып, оларға 730 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні жоба аясында ашылған кәсіпкерлік нысандар жоспарлы жұмыс істеп тұр.
Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты екі мәселе шешімін тапқан. Оның бірі – төмен пайызбен несие алу, екіншісі – ауылдық елді мекендердегі мүліктердің кепілдікке қабылдануы. Бұл кәсіп бастаған ауыл тұрғындарына үлкен қолдау болғаны анық. Жалпы, 2019 жылдан бері осы жобаға қатысқан 611 жеке кәсіпкер өздеріне тиесілі 1,9 миллиард теңге несиесін толық жауып отыр. Бүгінгі күні өңірде несие қайтарылымы 99,6 пайызды құраған. Жобаны бұдан әрмен қарай жалғастыру үшін 2024-2025 жылдарға бюджеттен 17,3 миллиард теңге сұралған. Бұл қаражатпен екі мыңға жуық адамға несие беру көзделген.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға шегініс жасап қарайтын болсақ, 2019 жылы бюджеттен 8471 миллион теңге 2,5 пайыздық жеңілдікпен бөлінді. Жобаға 11 ауылдық округтен қатысқан 2489 өтініш қаржыландырылды. Бұл қаржыға 45032 бас мал, 189 ауыл шаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге алынды. Сондай-ақ, 28 жеке кәсіпкерлік ашылды. Ал, 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен 1,3 миллиард теңгеге қаралып, жобаға үш ауылдық округ енгізілді. Мұнда 253 жоба қаржыландырылып, 6073 бас мал, 30 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 13 кәсіпкерлік нысан жұмысын бастады. 2022 жылы 7 миллиард теңге бөлініп, жобаға 10 ауылдық округ қатысып, 1210 кәсіпкер несиелендірілді. Бұл жылы 48647 мал сатып алынса, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техника қоры 131 ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарымен толықтырылды. 13 жеке кәсіпкер өз жобаларын жүзеге асыру қолдауына ие болды. 2023 жылы 25,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 10 ауданның 38 округінен 4076 жоба қаржыландырылды. Алынған мал басы 152,2 мыңды құраса, кооперативтер 183 ауыл шаруашылығы техникасын лизинг жүйесімен алды, ал өз кәсібін ашқан кәсіпкерлер саны 43-ті құрады, – дейді Төлебек Құлекеев.
Ал, өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге қаржы сұралған. Жоба аясында 1200 өтінімді несиелендіру арқылы 1672 жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Қаржыландырылатын жобаның 421-і ауыл шаруашылығы, 725-і кәсіпкерлік, 54 жоба ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру бағыттарына бағытталған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл тоқтатылмайды. Оған өз қорымызда бар ресурстарды тартуға күш салдық. Мәселен, бүгінгі күні «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының шотында қайтқан қаражат есебінен жиналған 3,2 миллиард теңге бар. Республикалық бюджетке қайтарылатын қаржы көлемдерін ескере отырып, жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге қайта қаржыландыруға мүмкіндік бар. «Ауыл аманаты» электрондық платформа арқылы несиелеуге «Тараз» ӘКК АҚ 1,2 миллиард теңгеге 322 өтініш қабылданып, жобаларды қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен бес жылда қанатқақты жоба аясында 8028 жеке кәсіпкерлік құрылды. Ауылдық елді мекендерде барлығы 37044 жұмыс орындары ашылған. Оның 22838-і тұрақты, 14206-ы уақытша жұмыс орындары. 2020 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда ауылдық елді мекендерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3392 отбасыға немесе 19 139 адамға азайып, көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 823,3 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге немесе 171 пайызға артқан.
Тағы бір атап өтерлігі, өткен жылы бөлінген 25,5 миллиард теңгеге 10 ауданның 38 округінен 4076 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде, 33 кооперативке жергілікті бюджет есебінен 1,4 миллиард теңгеге 183 ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен берілді. Оның 39-ы «ZOOMLION, YTO, Lovol» маркалы техникалар.
Сөзіміздің қорытындысында айтарымыз, азық-түлік қауіпсіздігі мен дәнді дақылдардың өнімділігі ел халқының экономикасы мен әл-ауқатына мультипликативті әсер ететіні белгілі. Қайта өңдеу өнеркәсібінің, әлеуметтік саланың, халықаралық сауданың, ауыл шаруашылығы техникасын өндірудің дамуына серпін береді. Мемлекет елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін, отандық өнімнің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Тұтынушылар өз құқығын қаншалықты қорғай алады?
- 18 ақпан, 2025
Экономиканы әртараптандыру – ел дамуының қозғаушы күші
- 12 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді