
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлкен үлес қосып жүрген колледждің 3-курс студенті Виктория Маркова бұл мамандықты өз қалауымен таңдаған.
– Туған ағам дәнекерлеуші болғандықтан, бұл жұмыс маған таңсық емес. Кішкентай күнімнен ағамның қасында жүріп, дәнекерлеудің қыр-сырына қанық болғанмын. Сондықтан, кәсіби білім беретін оқу орнына келерде бірден осы мамандықты таңдадым. Қазіргі уақытта дәнекерлеушіге сұраныс жоғары, ертең оқуымды тәмамдаған соң жұмыссыз қалмаймын. Әрі бұл істі біраз біліп те қалғанмын. «Шымшықты сойса да қасапшы сойсын» дейді ғой, әркім өзі қызығатын, қабілеті бар мамандықты таңдаса, адаспайды. Елімізде де жұмыссыздық жойылар еді. Дәнекерлеуді көпшілік тек ерлерге арналған деп ойлайды. Бұл пікірмен келіспеймін. Әрбір адам өз ісіне қызығушылықпен қараса, кез келген мамандықты игере алады. Бастысы – еңбекқорлық пен ынта болса, бәрін үйренуге де, кездескен қиындықтарды еңсеруге де болады, – дейді Виктория Маркова.
Жас дәнекерлеуші қыз қазір колледжде білім алумен қатар таңдаған мамандығының хас шебері болу үшін еңбектенуде. Бүгінде Виктория дуальды оқыту жүйесімен өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Өндіріс орнынан өтіп жүрген тәжірибе тек кәсіби шеберлігін арттыруға ғана емес, өз ісін игеріп кетуде дағдыларын қалыптастыруға да ықпал етері сөзсіз.
Виктория бізбен әңгімелесу барысында алдағы уақытқа деген жо спарларымен де бөлісті. Дәнекерлеушілікпен жетістікке жететініне сенеді. Ол дәнекерлеу ісін ауыр еңбек емес, шыдамдылық пен дәлдікті қажет ететін өнер деп біледі.
Мақсатшыл әрі жігерлі қыз білім алып жүрген Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің техникалық базасы үнемі жаңартылып, білім беру үрдісі өндірістік тәжірибемен тығыз байланыстырылып отырады. Студенттер өндірістік тәжірибеден серіктес кәсіпорындарда өтіп, кәсіби дағдыларын өндіріс орындарында шыңдайды. Білім берудің бұл әдісі білікті де тәжірибелі мамандар даярлауға үлкен септігін тигізеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Ұқсас жаңалықтар
Ертегі баланың ертеңін қалыптастырады
- 17 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді