
Отбасының қоғамдағы рөлі мен ба ла тәрбиесіндегі маңыздылығын арттыру, ата-аналар мен педагогтер арасында өзара тәжірибе алмасу алаңын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған форум барысында қоғамның өзекті мәселесі – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру кеңінен қозғалды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығын нығайту бойынша атқарылатын және ұсынылатын жұмыстар мен жобалар талқыланып, іс-шара өзара түсіністік пен қолдаудың алаңына айналды.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова білім беру мекемелерінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктерге тоқталып, мақсат-міндеттерді айқындады.
– Бүгінде оқыту жүйе сіндегі адамның мәні мен әлеуметтік рөлі жаңа сипатқа ие болып, рухани құндылықтар әлемі түбегейлі жаңарып отыруына байланысты оқушылардың әлеуметтенуінің маңыздылығы артып отыр. «Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» мектепте оқуға және қоғамда әлеуметтенуге қажетті негізгі өмірлік дағдыларды игеруге бағытталған баланың танымдық, физикалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қолдау үшін кешенді тәсілдерді қамтамасыз ету міндеттелген. Аталған міндеттер «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы «Балалар кітапханасы», «Ұшқыр ой алаңы», «SMART BALA», «Шабыт», «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен» тәрбиелік әлеуметтік жобалары мен іс-шаралар арқылы жүзеге асырылуда. Барлық білім мекемелерінде күнделікті «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» іс-шарасы ата-аналардың баласымен мінез-құлық және адамгершілік туралы күнделікті 15 минуттық жеке әңгімелесуі өткізіледі. «Үнемді тұтыну» жадынамалар, нұсқаулықтар мен парақшалар арқылы суды, тамақты, энергияны және табиғи ресурстарды үнемді пайдаланып, іс-әрекет барысында табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды қалыптастыру іс- шаралары ұйымдастырылады. «Күй күмбірі», яғни қоңыраудың орнына күй ойнатылып, үлкен үзілісте арнайы күй тыңдату іс-шаралары жүйелі жүргізілуде. Жол қозғалысы ережелері мен өмір қауіпсіздігі негіздерін сақтау туралы сынып сағаты аясында «Қауіпсіздік сабақтары» 10 минут шеңберінде жүргізіліп келеді. Білім бөлімінде мектеп оқушылары арасында келеңсіз оқиға орын алған жағдайда шұғыл әрекет ету Алгоритмінің жоспары жасалған. Алгоритм балаларға қатысты күш көрсету, қорқыту, зорлық-зомбылық фактілері мен зиянды заттарды тұтыну, тәртіп бұзу мен заң талаптарын сақтамайтын балаларға және олардың отбасыларына уақтылы кешенді көмек көрсету, ведомствоаралық мекемелерге жедел ден қою мақсатында іс-қимылдарының келісімділігін қамтамасыз ету үшін жасалды. Оқушылардың позитивті әлеуметтенуін қалыптастыруда бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру маңызды аспектінің бірі. Бүгінгі күні қала мектептерінде 77 615 бала білім алады. Білім алушыларды сапалы қолжетімді білім беру, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы төрт мектеп пайдалануға беріліп, оқушы орны 3180-ге өсті. Нәтижесінде, «Казарма», «Арай» алаптары мен «Ұлы дала» шағынауданында тұратын мектеп жасындағы балалар қолжетімді біліммен қамтамасыз етілді және «Бәйтерек» шағынауданындағы №3 мектеп- лицейдегі үш ауысымдылық мәселесі шешілді. Қалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4137 баланың 3355-і оқумен және тәрбиемен қамтылған. Аталған санаттағы балалар үшін 3 түзету кабинеті және 3 инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді, – деді Раушан Пернешқызы.
Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттері үшін қалалық полиция бөлімдерінің есебіне 53 оқушы алынған. Оның 49-ы мектептерде құрылған балалардың құқықтары мен мүддесін қорғайтын Бала өкілдіктерінің және мектеп парламенттерінің қатарына қамтылған. Олармен ашық алаң, дебат, пікір білдіру және «Маған көмек қажет» тақырыбында дөңгелек үстел мен қаланың тарихи-мәдени жерлеріне саяхаттар жүргізіледі. Бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін арттыру мақсатында «Аталар», «Әкелер», «Әжелер», «Аналар» және «Даналық мектебі», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» атты клубтары жұмыс істейді. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін «Құмшағал» алқабында ашылған шығармашылық орталықта 8 бағыттағы үйірмелер жұмысын бастаған. Ағымдағы оқу жылы аталған орталыққа 400-ден аса бала қамтылады деп күтілуде. Бүгінде балаларды қосымша біліммен қамтып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қалада 5 мектептен тыс мекеме жұмыс атқарады. Оқушылардың 86,7 пайызы, яғни 67024 бала қосымша біліммен қамтылған.
Форумда сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова балалардың игілігі үшін қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Карбышев атындағы №16 орта мектебінің ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесінің төрағалары Л.Сыздыкова мен Н.Сеидов ата-аналармен бірлескен әлеуметтік, тәрбиелік жобалар жұмысының іс-тәжірибесімен бөлісті.
– Хакім Абайдың «Адамның жақсы болуы – тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген даналық сөзін ескеретін болсақ, шындығында баламыздың тәлім-тәрбиесіне әсер ететін отбасы және ортасы. Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашанда баланың рухани жағынан бай болуына көп көңіл бөлген. Бала тәрбиесінде мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы үлкен рөл атқарады. Осы мақсатта әлеуметтік жобалар мен бастамалар ата-аналардың белсенділігін арттыруға және оларды білім мен тәрбие беру үрдісіне тартуға оң ықпал етеді. Әлеуметтік, тәрбиелік жобалардан бөлек, мектебімізде жүйелі жұмыс жасайтын «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы, «Даналық мектебі» клубы, «Әкелер кеңесі» позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру, бала тәрбиесінде ата-аналарға педагогикалық-психологиялық көмек беру мақсатында тигізіп жатқан көмегі зор деп айта аламыз. Ата-аналарды педагогикалық тұрғыдан қолдау орталығының жұмысы барысында балаларының жас ерекшелігіне қарай ата-аналарға ұстаздарымыз айына үш буын бойынша сабақтар өтеді. Осы сабақ арқылы баланың оқу, танымдық қабілеттеріне, зейін, есте сақтау, дұрыс тамақтану, сапалы ұйқы, уақытты тиімді пайдалану, зиянды әдеттер туралы, бір сөзбен айтқанда, баланың оқу- тәрбиесі ғана емес, өмірі мен денсаулығына аса қажетті мәліметтер туралы білім аламыз. Карбышев атындағы №16 орта мектептің ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесінің табысты жұмысының нәтижесі ретінде «Үздік ата-аналар комитеті» байқауының жеңімпазы атанғанымызды және облыс, қала көлеміндегі отбасылық байқаулардан 7 отбасымыз жеңімпаз атанғанын мақтанышпен айта аламыз. Биыл білім мен тәрбие тоғысқан мектебімізге 80 жыл толады. Осы орайда біз – ата-аналар бұл мерейтойдан тыс қалмай мектеп әкімшілігімен бірлесіп, демеуші түлектер мен ата-аналардың қолдауымен «80 жылға – 80 ағаш», «Ата-аналар спартакиадасы» іс-шараларын және «Жетістікке жетелеген 80 жыл» мектеп тарихы мен жетістіктерінің залын жасамақшымыз. Осы сәтті пайдаланып барлығыңызды мерейтойдың мерейлі іс-шараларына шақырғымыз келеді, – дейді Карбышев атындағы №16 орта мектептің ата- аналар комитетінің төрайымы Лаура Сыздыкова.
№48 орта мектебінің «Ата-аналарды қолдау» орталығының үйлестірушісі А.Дөненбаева атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
– Әкелер кеңесі – өнегелі ұрпақ тәрбиелеу алаңы. Бала тәрбиесінде отбасында әкенің рөлін көтеру маңызды. Біздің кеңес бала тәрбиесіндегі әкелердің жауапкершілігін арттыруды, оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына әкелерді тартуды, баланың бойында тәртіп, жауапкершілік, шығармашылық қабілеттерді дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда әкелермен тәжірибе алмасып, ой бөлісуді көздейді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде гимназияда әке мен бала арасындағы байланыс нығайып, өзара ынтымақтастықтың орнауы күшейді. Әкелердің бала тәрбиесіне көңіл бөлуі жыл сайын жақсаруда, отбасылық тәрбиеде әкелердің жауапкершілігі артты. Отбасы-мектеп- бала үштігінің өзара байланысы орнықты. Оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың саны азайды, – дейді Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының «Әкелер кеңесі» клубының жетекшісі Талас Ибрагимов.
Форумның қорытындысында тақырыптық айлық шеңберінде өткізілген «Менің жұлдызды отбасым» байқауының жеңімпазы атанған отбасылар арнайы дипломдармен марапатталды.
– Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 6 «Д» сыныбының оқушысы Айкен Тәттіқұл әзірлеп, байқауға ұсынған бейнеролик жұмысы жоғары бағаланып, «Үздік оқырмандар отбасы» аталымы бойынша марапатталды. Мектебімізде өткізілетін әрбір тәрбиелік іс-шараларға ата-аналар да қатыстырылып тұрады. Қамқоршылық кеңес мүшелігінде де ата-аналарымыз белсенділік танытып, қатысады. Мектеп педагогтарының ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеуінің нәтижесінде байқаудан жоғары жүлдеге ие болдық, – дейді Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Қапарова.
Форум ата-аналар мен мүдделі тараптардың бірлесе әрекет етуіне ықпал етіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды десек, артық болмас. Білім беру мекемелерінде оқушыларды ата-аналарымен бірге қоғамдық жұмыстарға тартудың нәтижесі жемісті болары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ертегі баланың ертеңін қалыптастырады
- 17 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді