«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалар әдебиетінің бағбаны

Балалар әдебиетінің бағбаны
Ашық дереккөз
Қазақ балалар жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Өтебай Тұрманжановтың туғанына 120 жыл толуына орай Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен №13 бөбекжай-балабақшасында «Ертегі еліктіре ертеді» атты әдеби кеш өтті. Оған қаламгерлер, балабақша мен №8 мектеп- гимназиясының оқушылары, кітапхана оқырмандары мен кітапханашылар қатысты.

Әдеби кешті кітапхананың балаларға қызмет көрсету секторының меңгерушісі Анар Дүйсенова мен кітапханашы Ақнұр Әбдірахманова жүргізіп, «Балаларға базарлық» атты кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге жазушының кітаптары қойылды.

Өтебай Тұрманжанов елуге тарта кітап шығарған. Оның «Қошан кедей» атты әңгімелер жинағы 1927 жылы жарық көрсе, 1932 жылы «Қарлығаш» ертегі-кітапшасы баспа бетін көргеннен бастап, балаларға арналған көптеген өлең- тақпақ, ертегі, әңгіме, повесть, мысал, дастандар жазған. Олардың ішінде «Пулемет», «Сұңқар түлектер», «Жауқазын», «Құралай», «Ұршық» сынды тағы басқа да шығармалары бар. Таңдамалы өлеңдері мен дастандарының бір томдығы 1936, 1957, екі томдығы 1975 жылдары жарыққа шыққан. Қазақтың мақалдары мен мәтелдерін жинап, бастырған. Ертегілерді өңдеп, жариялаған. «Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар» аталатын мысал-дастаны көптеген тілдерге аударылған.

Іс-шара №13 бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері дайындаған «Ара» би шашуымен ашылды. Ал, №8 мектеп- гимназияның 4-сынып оқырмандары ақынның «Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар» атты шығармасынан көрініс қойып, көрермендерді әсерлі қойылыммен баурап алды. Бұдан кейін кітапхана қызметкерлері мен балабақша тәрбиешілері және оқушылар мен балабақша балдырғандарының қатысуымен жазушының «Аңқау қасқыр», «Аңғал бұғы, алдамшы түлкі, аң патшасы» ертегілері желісі бойынша көріністер қойылды.

Бұдан кейін сөз кеш қонақтарына берілді. Өз кезегінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жадыра Құттыбаева, жазушы сатирик Бақытжан Советұлы, балалар жазушысы Марат Құлибайұлы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Рысты Керимбаева жазушы Өтебай Тұрманжановтың шығармашылығына кеңінен тоқталып, кітапхана оқырмандарын кітап оқуға шақырды.

Әдеби кешті Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Инкарбекова қорытындылады.

 

Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар