
Кейде «олар жас болды, не білді? Оларда таңдау болған жоқ» немесе «олар Совет Одағы үшін соғысты» деген пікір айтушылардың көбейгенін де аңғарамыз. Бірақ бұл қазіргі замандағы, жасалған жағдайдағы адамдардың көзқарасы екенін ұмытпаған жөн. Өйткені, сол тұстағы адамдардың ой-санасы, болашаққа деген үміті мен өмірге деген көзқарасы қазіргідегіден мүлде бөлек болды. Сол замандағы 10 жасар бала колхоздың жылқысын бағып, соған бір кісідей жауап беріп, 17 жасар бала мектеп директоры қызметін атқарып жатты. Өйткені, оларды заманы есейтті. 80-90 жыл бұрынғы балалардың балалығы ұрланды. Қырықтағы ерлердің орнын басты. Бұл халық жадында сақталған үлкен қасірет еді. Қазіргі сол жастағы балалармен салыстыруға мүлде келмейтіні анық. Жауапкершілік деңгейі, көргені екі түрлі.
Екінші дүниежүзілік соғыс Еуразия құрлығында 27 миллион адамның тағдырын өзгертті. Соны Жамбыл жерінен аттанған жетпіс мың майдангер өз көзімен көрді. Соның бірі – елге есімі мәлім болған сарысулық Айтбай Назарбеков. Майданнан аман-есен оралған Айтбай атамыздың партия, совет жұмыстарында атқарған істері аңызға айналды. Оның ішінде Мойынқұм ауданын жиырма жыл басқарып, сол кезеңдерде гүлденген аймақ болғанын көзкөргендермен қатар архив құжаттары да айғақтайды.
Айтбай Назарбеков 1922 жылы 5 шілдеде Сарысу ауданында дүниеге келген. 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапланбек совхоз-техникумына оқуға түсіп, оны бітіре салысымен майданға шақырылады. 1941 жылдың күзінде Жамбыл қаласында жасақталып жатқан 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясына алынады. Дайындықтан өткеннен кейін дивизия Мәскеуді қорғауға жіберілді. Алайда, майданда қалыптасқан жағдайға байланысты Мәскеу түбінде ұлттық дивизия таратылды. Бұдан кейін Айтбай Назарбеков 149-танкіге қарсы атқыштар полкінің құрамында қызыл әскер, бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары болып жаумен шайқасты. Сталинградты қорғауға қатысады. 1944 жылдың шілде айында 1-Белорус майданында аға сержант дәрежесінде 145-гвардиялық танкіге қарсы артеллериялық полктің құрамында жаумен шайқаста ауыр жарадар болып, госпитальға түседі. Жеңісті госпитальда қарсы алған Айтбай майданнан оралысымен бейбіт еңбекке белсене араласты. Сол кездегі қызметтің барлық сатысынан абыроймен өткен ол жиырма жыл Мойынқұм ауданын басқарды. Құмды өлкені құт-береке өңіріне айналдырып, ауданда ауыл шаруашылығын дамытуда ерен табыстарға қол жеткізді. Жерімен бірге елі де өсті. Ел танитын, халық мақтанышына айналған атпал азаматтардың тәрбиеленуіне ықпал жасай білді. Мойынқұм жақсылар мен жайсаңдар қызыға тамашалар мекенге айналғаны да осы Айтбай Назарбеков ауданды басқарып тұрған тұс. Жары Айтбике екеуі он бала тәрбиелеп, өсірді. Еліміз тәуелсіздік алғанына ерекше қуанған атпал азамат қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны елдің жадында.
Дегенмен, соғыс көрдім деп төс қақпады. Расында, сол заманда қан кешіп келген азаматтардың барлығы «енді соғыс болмасын» деген ниетпен елде ерен еңбек етуге тырысты емес пе?! Соғыстың елге опа бермесін көзбен көрді ғой. Талай әділетсіздікке де тап болған болар. Сол үшін де майдангерлерге адамның амандығы, бейбіт таңның арайлы шуағы қымбат еді. Зұлмат соғыстан естелік белгі болып тек майданнан жолданған хаттары сақталған екен. Оны әлі күнге дейін қызы Күләш Назарбекова әкесінің көзіндей сақтап келеді.
Оның хаттарынан ел мұратын биік қойған азамат екенін танисыз да, риза боласыз. Солардың ішінде 1943 жылдың 8 қазанында Степной майданынан латын қарпімен ата-анасы арқылы ағайындарға жолдаған хатының шоқтығы биік, айтар ойы салмақты. Отбасы мен ошақ қасының ғана қамын ойламай, бүкіл қазақ халқының болашағы туралы ой толғамдары, өсиетнамасы кімді болса да толғандырады, ойландырады..
***
Сәлем де туған ата-анамызға,
Хат жазатын Айтбай сіздің балаңыз да.
Хал-жайы қалай ата-анамыздың
Дені сау ма Детешімдей балаңыздың.
Дені сау Айтбай атты балаңыздың.
Хат жазсам ел-жұртыма, қазағыма біріншіден,
Шешемнің белде өткізген тұңғышымын.
Сәлем берем ел ағасы қария қарттарымызға,
Мал жаны Қаратаудың аман ба екен?
Сәлем де тау шотаны туыстарға,
Жайлаған таудың түбін қуыстарда.
Аман ба бала-шағаң тегісінен?
Мен жазайын азырақ ойымменен,
Жалпыға сәлем жазам қолымменен,
Хабар алмай келемін екі жылдай,
Ел жұрттың амандығын білейін осыменен.
Мен едім әкеміздің жалғыз ұлы,
Мен жазамын аздап ойымменен,
Хабар алмай келемін екі жылдай,
Жалпыға сәлем жазам қаламменен,
Елімнің амандығын біле алмай.
Мен едім әкеміздің жалғыз ұлы,
Базарға салатұғын мал мен пұлы.
Аман қалсам жаратқан бір Құдайым,
Мұхаммет үмбетінің мен бір құлы.
Герман фашисі соғыс ашып елімізге,
Тыныштықты бұзды елімізде.
Осы жанды тазартып құртып,
Барлық халық күш қосты елімізде.
Мен жүрмін соғыс қайнаған даласында,
Ойран жауға етеміз Украина қаласында.
Тұншықтырып Днепр-Десна өзенінде,
Кек алмақпыз осындай кезеңінде.
Қиындық бастан күндер өтіп жатыр,
Жауымыз кейін шегініп кетіп жатыр.
Әлі де жаудың күші осал емес,
Құртуға халық күші фронтқа келіп жатыр.
Сәлем де Мәді, Шәлібек,
Әлсейіт, Байсақалдай ағаларымызға,
Екі метр мина қасымда жарылғанда,
Жаратқан бір Құдайды еске алам да.
Көп сіңді әке маған еңбегіңіз,
Өскенде көмек сізге бермедік біз.
Күніміз қиындықпен өтіп жатыр,
Тірі қалсақ рахат көрерсіз сіз.
Қалай, сірә, туғандар аман ба екен,
Дүйсен барда қасымда қараң екен.
Қызып жүріп осы жақта қаламыз ба?
Аман-сау сонау елге барам ба екен.
Күн өтеме сарғайып осы окопта,
Рахмет айтамын сол окопқа.
Зуылдаған снаряд жарылғанда,
Шыбын жанды сақтаған сол окопта.
Барма жігіт басшы болар елімізге,
Көп еді жас пен кәрі елімізде.
Бас болып жол көрсетер ешкім бар ма,
Ақыл сұрап үлкеннен басшы болар бәріңізге.
Басшы болар бөтеннен біреу келіп,
Оған қосылар арасынан біреу еріп,
Жағдайы жалпыңызға болмай жүрсе,
Кім болар сөзін сөйлер қарсы барып.
Бөтеннен басшы еді елімізге,
Істерін олардың көрдіңіз сіз.
Ол ісін халқымыздың ойламайды,
Сіз бен біздің.
Өсіп еді жеткіншектер елімізде,
Пайдасы тиетұғын елімізге,
Уақыт мыналарға кез болып тұр,
Жұрт Мұсылман, кәпір бәрімізге.
Мен жазам өлеңімді арман-ау деп,
Артымда ескерткішім барма-ау деп.
Егерде өліп кетсек жазым болып,
Еске түсірер біздерді бата беріп.
Сәлем де осы хатым ағаларға,
Ойлайтын мен туралы аға бар ма.
Абайсызда жазым болып өліп кетсек,
Ләмімнен аталатын бала бар ма.
Сөз айтамын ендеше бисмилдә,
Жаман істі қиянат бізге қылмай.
Кейінгі жас еске түсіріп жүретұғын,
Осы сөзім кейінгіге үлгі қылғай.
Байқадам қайта оралар жерім болсын,
Ердің ісі жүйріктің сөзі болсын.
Кейінгі бізді ойлап жүретұғын,
Осы істер тегісінен үлгі болсын.
Қуанам хатты оқып білген сайын,
Жауменен алысуға мен бір дайын.
Жалғызбын туысым жоқ, танысым жоқ,
Ойланам жалғыздығым батқан сайын.
Хош тұрғын қарақтарым осыменен,
Қасымда ешкімім жоқ досым деген.
Саулықпен жолықтырсын Жаратқаным,
Сөзімді қысқартамын осыменен
8-октябрь, 1943
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам қайраткерімен кездесу
- Бүгін, 12:32
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді