«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құқық

Құқық
Ашық дереккөз
Құқық

Фитозертхана ұйымдастырамын деп айыпталды

Бұл күнде Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жұмысты жандандыруда. Нәтижесінде полицейлер өз үйінде фитозертхана ұйымдастырған 38 жастағы ер адамды құрықтады. Күдіктіге құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірді деген айып тағылуда. Ішкі істер министрлігіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірханның айтуынша, ер адамның үйінен есірткі заттарынан бөлек атыс қаруы табылған.

– Оның үйінің бақшасынан заңсыз фитозертхана анықталды. Арнайы жабдықтар мен жалпы салмағы 60 килограмнан астам есірткі салынған қаптар тәркіленді. Сонымен қатар, күдіктінің үйінен екі атыс қаруы табылды. Сараптамалар тағайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді ол.

Қоғамдық орынды ластағандар жауапкершілікке тартылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тәртіп сақшылары абаттандыру талаптарын бұзу мен қоғамдық орындарды ластаудың 30 мыңға жуық дерегін анықтады. Бүгінгі таңда барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, рұқсатсыз қоқыс шығарғаны және ағынды суларды төккені үшін 400-ден астам жүргізуші жаза арқалаған. Дәл осы жағдай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505-бабына сәйкес, әкімшілік жаза қолдануға негіз болған.

Осы ретте полицейлер тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады. Ал, азаматтар белгісіз орындарға қоқыс тастау, құрылыс және басқа да қалдықтарды заңсыз сақтау фактілерін байқаған жағдайда «102» жедел желісіне телефон шала алады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше құқықбұзушылықты, автокөлік нөмірлерін фото немесе видеоға түсіріп, дәлел ретінде ұсына алады.

Көлік ұрысы қолға түсті

Өзге адамдардың меншігіндегі автокөліктердің әйнегін сындырып, дисплейді ұрлап кеткен адам ұсталды. Тергеу барысында 48 жастағы ер адамның осыған ұқсас төрт ұрлыққа қатысы бар екені белгілі болған. Жедел деректерге сәйкес, қаскөй қаланың басқа жерлерінде де, тек түнде ғана ұрлық жасап жүрген.

Сондай-ақ, ол бұған дейін бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болған. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктіні қамауға алып, оның қылмыстық әрекетінің басқа да ықтимал эпизодтарын анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр.

Аса ірі көлемде есірткі сақтаған

Полицейлер Шу қаласының 41 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғады. Ер адам есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз дайындады және сақтады деп күдікке ілінген. Оның үйін және іргелес аумақтарды тінту кезінде есірткі қойылған бірнеше жасырын орындар анықталған. Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған заттардың салмағы 2 килограмнан асатын «гашиш» пен 23 грамнан астам «кептірілген марихуана» екені белгілі болған.

– Күдікті есірткіні әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы бола тұра бірге тұратын үйінде сақтаған. Ол есірткіні өңдегеннен кейін қалған қалдықтарын жақын жерде кішкентай балалар ойнап жүргеніне қарамастан, бақшасында өртеп жіберген. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр, – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жыл басынан 38 ұрлық дерегі тіркелді

Тараздық тәртіп сақшылары облыс орталығындағы бірнеше техника дүкендерінде жасырын тауар ұрлап, бейнебақылау камерасына түсіп қалған ер адамды ұстады. Ол бұрын сотты болмаған 23 жастағы қала тұрғыны екені анықталды.Ұсталған азамат бұл әрекетке өзінің жеке қажеттіліктерін толтыру мақсатында барғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің «ұрлық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, жыл басынан бері аймағымызда 38 ұрлық дерегі тіркелсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 61,2 пайызға аз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар